Спорттың бұл түрінде Қазақстанның жеңіспен өрілген бай дәстүрі барын жанкүйерлер жақсы біледі. Әсіресе біздің жігіттер Сары құрлықта өтетін жарыстарда алдарына жан салмай жүр. Атап айтсақ, осы күнге дейін жеті мәрте алауы тұтанған жазғы Азия ойындарының алтауында отандастарымыз алтын тұғырға көтерілді. Тек 2006 жылы Дохада ұйымдастырылған Азиадада Қытай мен Жапонияны алға жіберіп, үшінші орында қалып қойды. 1995-2016 жылдар аралығында жалауы желбіреген Азия чемпионаттарында 4 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалады. Одан бөлек, Олимпия ойындарында төрт рет бақ сынады. Ең үздік көрсеткіші – 2000 жылы Сидней Олимпиадасында тоғызыншы орынды иеленуі. Тоғыз рет әлем чемпионатында бой көрсетті. Алайда Еуропа мен Американың мықты командаларының қарқынына төтеп беру мүмкін болмады.
Еліміздің әйелдер құрамасының да жетістігі аз емес. Олар 2010, 2014 және 2018 жылдары өткен Азия ойындарында күміс медаль иеленді. Бірнеше рет Сары құрлық біріншілігінде жүлдегерлер санатына қосылып, Олимпиада мен әлем чемпионаттарында өнер көрсетті. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған төрт жылдықтың басты додасына алтыншы орынды еншіледі. Әзірге бұрымдыларымыздың ең үздік нәтижесі осы. Биыл Самутпраканда Таиланд, Өзбекстан, Қытай, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстан ватерполшылары сайысқа түседі.
Ерлер мен әйелдер арасында өтетін қос жарыста 2023 жылдың 14-30 шілдесі аралығында өтетін әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынады.