ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕУДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ.
“Егеменнің” облыстағы тілші қосынына телефон шалған мұнайшының бірі Прорва кен орнында өтетін жиналысқа қатысуымызды сұраған еді. Алдымен, 18 сәуірде, жексенбіде “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалының басшылары, атап айтқанда, филиал директоры Ізтұрған Баймұханов, кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұрат Нысанбаев осы кен орнындағы мұнайшылармен кездесу өткізді. Онда көтерілген бір мәселе – еңбекақыны жаңа жүйемен төлеу. Бұл жүйе 1 сәуірден бастап енгізілген. Одан бір ай бұрын филиалға қарасты 4 мұнай өндіру басқармасындағы барлық жұмысшыларға ескерту қағазы, сонымен бірге, қосымша келісім-шарт ұсынылған. Міне, осыдан соң бір ай үнсіз жүрген “Жылыоймұнайгаз” басқармасының мұнайшылары сәуірдің үшінші аптасында жалақыны жаңа жүйемен төлеуге қатысты өз ойларын білдіре бастады.
Прорва кенішіндегі басқосуда филиал директоры Ізтұрған Баймұқанов мұнайшылардың алып жүрген жалақысын заңдастыру қолға алынып жатқанын айта келіп, “Жалақыны жаңа жүйемен төлеудің тиімділігі көп. Алдымен негізгі жалақының көлемі ұлғаяды. Яғни, Еңбек кодексіне сәйкес жалақының негізгі бөлігі 75 пайыздан кем болмайды” дейді. Мәселен, Прорва кенішінде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын ІV разрядты мұнай-газ өндіру операторының негізгі жалақысы енді жаңа жүйемен 91 мың 130 теңге шамасында болмақ. Бұған ай сайынғы сыйақыны қоса есептегенде ол 141 мың 652 теңгені құрайды. Оған бұрынғы жүйемен есептегенде 39 мың 782 теңгені құраған аудандық коэффициентті, сыйақыны қоса есептегенде 141 мың 211 теңгені қолына алып келген. Ал жаңа жүйе енгізілгенде, осы оператордың жалақысына 441 теңге қосылыпты. Бірақ осы кезге дейін төленіп келген 70 пайыздық аудандық коэффициент болмайды. Енді ол толығымен негізгі жалақыға қосылады, бұған қоса, ай сайын 34 пайыз сыйақы төлеу көзделіп отыр.
Еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесіне байланысты Еңбек кодексіне арнайы үңілдік. Бұл туралы 2007 жылғы 15 мамырда қолданысқа енгізілген жаңа кодекстің 126- бабының 4-тармағында “Еңбекке ақы төлеу жүйесі біржолғы ынталандырушы төлемдерді есепке алмағанда, қызметкерлердің орташа айлық жалақысының кемінде 75 проценті болатын негізгі жалақы үлесін (жалақының негізгі бөлігіне қатысты) қамтамасыз етуге тиіс” делінген. Осы бапты басшылыққа алған “Ембімұнайгаз” басшылығы мұнайшылардың жалақысының негізгі бөлігін 77 пайыздан төмен етпей отыр. Ай сайын берілетін сыйақы 23 пайызды құрайды. Егер, дейді филиалдың бюджеттеу және экономикалық талдау бөлімінің бастығы Нұрсәуле Тәжмағанбетова, мұнай өндіру жоспары орындалса, тиісті пайыз мөлшерінде сыйақы беріледі. Ал жоспар орындалмаған жағдайда, ескі жүйе бойынша ІV разрядты оператор сыйақыдан 31 мың теңге жоғалтар болса, жаңа жүйемен тек 13 мың теңгеден ұтылады. Аралықтағы 18 мың теңге мұнайшының қалтасында қалады. Бұдан бөлек, Наурыз, Мұнайшылар күні және Тәуелсіздік күні мерекелерінде берілетін сыйақы мөлшері басшыдан еден жуушыға дейін бөле-жарылмайды, барлығына бірдей мөлшерде төленеді. Бұрын әркімнің айлық жалақысының деңгейінде берілетін сыйақының ендігі мөлшері 56 мың теңгені (40 АЕК) құрайтын болыпты. Биыл Наурыз мерекесінде дәл осылай берілгенін мұнайшылар жоққа шығарып отырған жоқ. Жыл сайын еңбек демалысына шыққанда әр мұнайшыға емдеу-сауықтыру орындарына бару үшін 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы қаржы қосымша беріледі екен. Былтыр бұл сома 84 мың теңгені құрапты.
ҚАЗАҚСТАНДА АУДАНДЫҚ КОЭФФИЦИЕНТ БАР МА?
Міне, нақ осы мәселе мұнайшыларды алаңдататын секілді. Яғни, оларға осы кезге дейін жалақыға қосымша 70 пайыздық аудандық коэффициент төленіп келген. Оны бұрынғыша жалақыға қосымша төлене бергенін қалайды. Өйткені, 1986 жылғы 14 ақпанда КСРО-ның мемлекеттік еңбек комитеті мен ВЦСПС-тің “Каспий маңындағы мұнай-газ кешенін игеретін кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысшылары еңбекақысына аудандық коэффициент төлеу туралы” №49 қаулысында Гурьев облысы аумағындағы кен орындарында –Қызылқоға, Мақат және Ембі (солтүстігінде) аудандарында –1,60, Ембі ауданының оңтүстігінде –1,70 деп белгіленген. Кейіннен мұнайшылардың ауыр еңбегіне орай басшылар аудандық коэффициентті 70 пайызға көтерген. Міне, мұнайшыларға баяғы кеңестік дәуірден қалған аудандық коэффициент әлі төленіп келеді. Алайда, мұнайшылар қауымы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін КСРО кезінде белгіленген аудандық коэффициентті төлеу жойылғанын ескергісі келмейді. Содан бергі кезеңде отандық мұнай-газ өнеркәсібінде бұл коэффициентті төлеу тоқтатылған жоқ. Ал дұрысында Қазақстанда әр өңірдің экологиялық ерекшелігіне орай арнайы аудандық коэффициентті белгілеу туралы әлі заң жобасы қабылданбағаны анық. Сол себептен басшылар ұжымдық шартта мұнайшыларға аудандық коэффициент 70 пайыздық мөлшерде төленсін деген тармақты енгізген. Енді жаңа жүйемен жалақы төлеуге байланысты оны заңдастыруға, яғни, аудандық коэффициент қаржысы толығымен негізгі жалақыға қосылады дегенге мұнайшылардың келіскісі жоқ.
Прорва кенішіндегі Асылхан Мусин, Хали Оралов сынды жұмысшылар “Бізге төленіп келген 70 пайыздық аудандық коэффициентке тиіспеңіздер. Бұрынғыша бөлек төленсін” дейді. Мұндай пікірлерін “Доссормұнайгаз” басқармасына қарасты Шығыс Мақат кен орнының жұмысшылары Ұзақбай Жұбанғалиев пен Амантай Балабаев та білдіріп отыр.
МҰНАЙШЫЛАР ҚОЙҒАН ТАЛАП. Сол қолының үш саусағы жоқ Қонысбай Оразовтың талабы тіпті өзгеше. Ол сол қолының үш саусағын 1988 жылы ағаш кесу аппаратына кестіріп алған. Неге екені белгісіз, содан бергі 22 жыл ішінде мүгедектік санатына жатқызылмаған. Енді филиал директорына “Маған мүгедектік тиесілі ме?” деген талап қойып отыр. “Басқарма бастығы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, мастер Қожағұлова Сәния жұмыстан босатылсын. Мен аштық жариялаймын” деп 18 сәуірде мұнайшылармен кездесуге келген филиал басшылары алдында мәлімдегенмен, Қ. Оразовтың талабы қаншалықты заңды екенін құқық қорғау органдары анықтай жатар. Өйткені, ол 21 сәуірде Жылыой ауданының прокуроры Алмаз Шеркешбаевтың атына арыз беріпті. Аудан прокурорының айтуынша, Қ. Оразов аштық жариялау үшін Еңбек кодексіне сәйкес алдын-ала жазбаша ескерту беруі тиіс еді. Еңбек кодексінің 299-бабындағы 1-тарауда ереуілдің басталуы туралы жариялау нақты көрсетілген: “Осы Кодекстің 298-бабының 3-тармағында көрсетілген уәкілетті орган ереуілдің басталуы мен болжамды ұзақтығы туралы жұмыс берушіге, жұмыс берушілердің бірлестігіне (олардың өкілдеріне) оны жариялағанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жазбаша түрде ескертуге тиіс”. Алайда, дәл Қ. Оразовтың тарапынан мұндай жазбаша ескерту болмаған. Бастапқыда ол талабын ауызша айтқанмен, 23 сәуір күні “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалының директоры Ізтұрған Баймұхановтың атына жазбаша түрде қойған 7 түрлі талабын тапсырды. Сол талабының бірі жерасты күрделі жөндеу бригадасына жөндеуші штатына жұмысқа ауыстыруды сұрайды. Алғашында ІІІ разрядты сұрағанмен, енді ІV-V разрядты алғысы келеді. “Жылыоймұнайгаз” басқармасындағы орта буын басшылардың әрекетіне шара қолдануды сұрайды. “Жеті түрлі талабым орындалғанша, аштық жариялауды тоқтатпаймын. Төртінші разряд алуға менің еңбегім бар” деп мәлімдеді Қ. Оразов 23 сәуір күні өткен жиналыста. Бұл мәселенің қалай шешілетіндігі алдағы күндер еншісінде қалып отыр.
Орта жастағы бір мұнайшы “Қан қысымын неге күн сайын өлшейді. Менде үнемі жоғары қан қысымы бар. Күн сайын емес, 2-3 күнде бір өлшесе болмай ма?” дегенді айтты. Бұл ұсыныс па, әлде қан қысымы сырқатын жасыру үшін жасалған қадам ба? Оның сауалына орай “Медикер” клиникасы Атырау филиалының жетекшісі Мадияр Шалғымбаев “Денсаулық сақтау министрінің 48-бұйрығына сәйкес жүргізуші, оператор, дәнекерлеуші секілді мамандық иелерінің қан қысымы күн сайын өлшенуі тиіс” деп бұл мәселенің мән-жайын анықтап берді. Кездесуде мұнайшылар бір мәселені көтере отырып, оған қатысы жоқ өзге де сауалдарды ортаға тастады. Мұнайшылар кәсіпорын басшыларының өз орталарына келгенін пайдаланып, түрлі мәселеге жауап алуға тырысты.
Түйіндей айтқанда, әркім өз пікірін, өз ұстанымын оңды санайды. Оған әрине, қақы бар. Осы кезге дейін жалақыға қосымша 70 пайыздық аудандық коэффициентті алып келген мұнайшылардың енді одан айырылғысы келмейтінін түсінуге болады. Ал өндірістік филиал директоры Ізтұрған Баймұханов “Аудандық коэффициент ретінде төленетін қаржыны заңдастыру арқылы негізгі жалақы мөлшерін көбейтіп отырмыз. Бірде-бір жұмысшының жалақысы төмендемейді. Жалпы, біздің мұнайшылардың жалақысы 2007 жылдың екінші жартысынан бері үздіксіз өсіп келеді. Жақында инфляцияға байланысты үстеме қосылды. Егер алдағы уақытта жалақыны өсіруге шешім қабылданар болса, онда еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесімен белгіленген негізгі жалақының мөлшерімен өседі”, дейді. Мұнайшыларға да, филиал басшыларына да бүйрегіміз бұрмайды. Төрелік те айтқымыз келмейді. Қос тараптың пікірін тыңдап, ой елегінен өткіздік. Тегінде қарапайым жұмысшының да, басшының да Қазақстанның заңдарындағы, соның ішінде, Еңбек кодексінде айқындалған талаптарға жүгінгені жөн болар еді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Р.S: Осы мақала дайындалып болған кезде газет тілшісіне “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалының директоры Ізтұрған Баймұхановтың аштық жариялаушы Қонысбай Оразовқа оның 7 талабына орай толыққанды жауабын 26 сәуір күні жолдағаны туралы хабарланды.