Қоғам • 01 Қараша, 2022

Алғыс арқалаған мамандық

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдары баяу жылжығанымен, айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Тағдырдың жазуымен егде тартқан шақтарында жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Алғыс арқалаған мамандық

Әлеуметтік қызметкер – арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті қамтамасыз етіп, олардың деңгейін бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеткілікті білімі мен білігі бар мамандық иесі десек, елімізде жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік сала қызметкерлері күні аталып өтеді. Ал әлеуметтік сала еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі екені күмән туғызбаса керек. Осы орайда «Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» әлеуметтік сала қызметкерлері күні мерекесіне орай аталған орталықтың мәдени ұйымдастырушылармен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе «Ізгі істің иесі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оның салтанатты ашылуында Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Д.Саратов және «Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» директоры А.Дәулетов сөз сөйлеп, әлеуметтік сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты іс-шара барысында жұмысымен ерекшеленген ең үздік әлеуметтік қызметкерлер марапатталды. Мерекелік кеште «Мұра» балалар вокалдық ансамблі, Алматы қаласында өткен халықаралық фестивальдың Гран-при иегері «Малиновые зори» балалар халық би ансамблі, «Ағалар» қазақ халық ансамблі» өз өнерлерін ортаға салды.

 

Динара МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,

Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері

 

Батыс Қазақстан облысы