Қазақстан • 02 Қараша, 2022

Ағайынды Аманбай

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отан алдындағы борышты өтеу – барлық ер жігіттің азаматтық парызы. Әсіресе ат жа­лын тартып, кәмелеттік жасқа толғанда әскер­ден жалтарып жүру – ер азаматқа сын. Елі­мізде әскерден жалтармай-ақ ағалы-іні­лі болып әскерге баратын отбасылар да бар. Сон­дайлардың бірі – қарағандылық Аманб­ай әулеті.

Ағайынды Аманбай

Бекарыс және Бейбарыс Аманбай өткен жылдың кү­зінде Ұлттық ұлан қатарына азаматтық борышын өтеуге аттанған. Аралары бір жылға жетпейді. Екеуі де әскерге өз еркімен сұранып келген. Тағдырдың жазуымен бір әскерге, бір бөлімшеге түсіпті. Бүгінгі таңда ағайындылар 5574 әскери бөлімінің тісқақ­қан сарбаздары. Қос сарбаз ком­пьютер тілін жетік меңгер­­гені соншалық, қазір әскери бөлімде кәсіби мамандармен бірге иық тіресіп жұмыс істеуде. Бекарыс пен Бейбарыстың ұқсастығын «Әрекеттестік-2022» коман­да­лық-штабтық оқу-жаттығу кезінде тілшілер де байқап қалған көрінеді.

Өйткені ағайынды Аман­бай­лардың туыс екенін бір көргеннен аңғаруға болады. Бекарыс екеуінің жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері ұқсас. Бекарыс бойшаң және мінезі ашық. Бір көрген адаммен ескі досындай тез тіл табысып кетеді. Ал Бейбарыс керісінше тұйықтау, бірден ашылып сөйлемейді. Сонда да оқырмандар үшін өз ойымен бөлісуге келісті.

– Отан алдындағы борышты өтеу – әр азамат­тың парызы. Әскердің өз қиыншылықтары болға­нымен мұнда аса алып бара жатқан мәселе жоқ. Бар­лы­ғы­мыз бір атаның баласындай доспыз. Әскер­де тәр­­тіп пен достықтың, шыдамды­лық пен сабыр­дың қадірін түсі­несің. Ағаңмен бір бөлімде қыз­­мет атқарсаңыз мүлде керемет. Мен оның конс­пек­тілерін толтырғанда, ол менің жағамды тігіп береді. Екеуміз бір-бірімізге демеу болып жүре­міз. Оның үстіне, әкеміз әскер саласының ар­да­гері. Біздің әскерге барғанымызға қолдау көр­сетіп, бірінші қа­тарда әскери комиссариатқа жібер­ген де сол кісі. Әскери адам болу біздің қанымызда бар десек, артық айтпаймыз, – дейді ағайындар.

Бекарыс әскерден кейін Ұлт­тық ұланда келісім­шарт бойынша қалғысы келеді. Оны әс­кери форма бала кезінен қы­зықтырады. Сонымен қатар элек­тронды гаджеттер мен жаңа технологияларға деген қызы­ғушылығы зор. Әскери бөлімдегі компью­терлерді жасап, көзге түскен сарбаздың біліктілігін бөлім басшылығы да жоғары бағалаған. Осы­лайша, сарбаз жауынгерлік мін­дет­терімен қатар, әскери бөлімнің автоматтандырылған басқару жүйесінің тамырына қан жүгіртіп жүр. Ағасы Бейба­рыс бола­шақта дәрігер атанғы­сы келетінін жасырмады. Сол себепті де ол әскери борышын аяқ­тағаннан кейін медициналық оқу орнына түсуге бел байлаған.

Қос сарбаздың өз мүмкін­діктерін көрсетуге жол аш­қан командирлеріне деген алғысы мол. Олар бір жыл ішінде патриоттық, рухани және жа­уын­герлік дайындықтан өтіп, Отанымыздың елжанды азамат­тарының қатарын көбейтеді деген сенімдеміз.

 

Дарын СЕЙІТОВ,

әскери журналист