Қазақтан шыққан тұңғыш кеңестік дипломат Нәзір Төреқұлов бабамыз хақында мен атам Ыбырай қажыдан көп естіп өстім. Сол күндер қазір сағынышқа айналғандай. Олай дейтінім атамның қайтыс болғанына да бес жылдың жүзі ауыпты.
Нәзіртанудың анық ғылыми жолын қалауға бұл кісінің тәуекелге барған бұл кісінің соңғы он жылы қызық әрі қиыншылықпен өріліп жатты. Қызығы басым деп айтуымызға әбден болар. Өйткені жұмысы нәтижелі болды. Төңірегіне ғалымдарды, ақын-жазушыларды көп топтастырды. Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Шымкент, Алматы, Астана, тіпті Сауд Арабиясының бас қаласы Эр-Риядқа дейін байланыс жасады жарықтық.
Осылайша нәзіртануда тәуір жол қалыптасты. Аллаға шүкір, бұл бағытта қазір қатары қалың, жүрегі жалын зерттеушілер еңбек етуде. Сауд Арабиясындағы елшілікте жұмыс істеп жатқаныма үш жылдың төңірегі болды. Нәзір бабам мен Ыбырай атамды бір сәтке жадымнан шығармадым. Көп ойландым. Зерттеу жұмысын жалғастыруды парыз санадым. Сөйтіп айналама біртіндеп сұрау сала бастадым. Алғашқы үлкен олжам – “Егемен Қазақстан” газетіне жіберіп отырған төмендегі жәдігерлер. Бұл Король Фейсал атындағы зерттеулер мен ислам оқулары орталығындағы Жоғары мәртебелінің жеке фотоархивінде сақталған 9 мыңнан астам суреттердің ішінен табылды.
Бес фото! Иә, Нәзір Төреқұлов бейнеленген бес рәсім. Осы олжаны көргенде қуаныштан көз жасымды әрең іріктім.
Ел атынан сөйлеген ерен бабам! Ерлігіңе неге тәнті болмасқа?! Отызында орда бұзып, қырқында қамал алған Түркістан қайраткері... Осы фотодеректерді және де Нәзір Төреқұловқа қатысты көптеген құжаттарды үстіміздегі жылдың 1-5 маусым аралығында Астана мен Алматы қалаларында өтетін Сауд Арабиясының Қазақстандағы мәдени күндері аясындағы көрмеден тамашалап көріп,
жақын танысуға болады.
Мадияр ИСМАИЛ, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі
елшілігінің екінші хатшысы.