Кітап тұсаукесеріне Сапар Байжановтың жары Күләш Бейсенбекқызы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы мен ұжым өкілдері, қарымды журналист Сайраш Әбішқызы қатысты. Жиын барысында Сапар Байжановқа қатысты жылы естеліктер айтылып, журналистикаға қосқан еңбегі мен өмірлік өнегесі сөз болды.
«Алыптардың ізін басып, қазақ журналистикасына үлкен қолтаңба қалдырған, өзіндік дара жол салған, тілшіліктен бастап журналистиканың сатыларынан өрлеп, бас редактор деңгейіне көтерілген Сапар Байжанов ағамыздың шығармашылығына арналған кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз. Бұл кітап ендігі жерде жас журналистерді дайындауға қызмет ететін болады. Ағамыздың бай тәжірибесін, өмірлік, шығармашылық үлкен өнегесін үйреніп, келесі буынға аманаттау осы отырған бәріміздің міндетіміз», деді факультет деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы.
Бұдан соң, Сақ Қайрат, Күләш Бейсенбекқызы, Сауытбек Әбдірахманов салтанатты түрде кітаптың лентасын қиды. Алматыдан арнайы келген Күләш Бейсенбекқызы кітап авторы Ғалия Ақсейітке өз ілтипатын білдірді.
«Мен Ғалияға өте ризамын. Сапар Байжановты 10 жыл зерттеп, диссертациясын жақсы қорғап шықты. Енді міне, сол еңбектің арқасында монографиясы жарық көріп отыр. Сапар Байжановтың жазып кеткен 22 үлкенді-кішілі кітабымен жақын танысу Ғалияға оңай соқпағаны анық», деді Күләш Бейсенбекқызы.
Сонымен қатар талантты студенттер ән айтып, күй шертті.
Айта кетейік, жазушы Сапар Байжанов «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері. 1973-1983 жылдар аралығында қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы болған.
Салтанат КЕНЖЕБАЙ,
ЕҰУ 3- курс студенті