Медицина • 02 Қараша, 2022

Сусамырды емдеудің озық үлгісі

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматадағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына Израильдің Тель-Авив Эндокриноло­гия, метаболикалық ауру­лар және диабетология инс­титутының басшысы, профес­сор Евгений Мошкович келді. Эндокринология саласының білгір сарапшысы осы сапарында еліміздің әр аймағы­нан келген эндокринологтер үшін «Эндокринология саласындағы диагностика мен емдеудің заманауи стандарттары» шеберлік дәрісін өткізді.

Сусамырды емдеудің озық үлгісі

«Эндокринология, әсіресе қант диабеті қазір жаһандық тұрғыдағы өзекті мәселелер қатарында. Қай елде болсын қант диабетімен ауы­ратындардың көрсеткіші көтері­ліп барады. Бүкіл әлемде оның зарда­бын 530 млн-нан астам адам көріп отыр. Шамамен бұл жер бе­тіндегі 20-79 жас аралығындағы тұр­ғындардың 10%-ын құрайды», деді КІАҒЗИ басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова.

Бұл – бірінші кезекте, адамзат­тың өмір салтының түбегейлі өзге­руінен туындап отырған мәселе. Статистикалық мәліметтерге сәй­кес, балалар мен жасөспірімдер ара­сын­да да қант диабетінің асқынуы­нан бо­латын өлім-жітім көбейген. 2025 жылға қарай қант диабетіне шалдыққан науқастардың саны 2 есе­ге артады деген болжам жасалып отыр. Қант диабеті – соқырлық, бүйрек жеткіліксіздігі және инфаркт пен инсультке душар ететін негізгі кеселдердің бірі.

«Мемлекеттер арасындағы тә­жірибе алмасу мамандардың бір-бірі­нен озық тәжірибелерді үйре­нуге мүмкіндік береді. Қазақ­стан­да дәрігерлерді оқытуға және қант диабетімен ауыратын науқас­тарды әлемдік стандарттарға сәйкес емдеуге мүмкіндік беретін озық меди­циналық препараттармен қамта­масыз етуге қаражат бөлінеді», дейді Е.Мошкович.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ эндокринология кафедрасы­ның меңгерушісі Лаура Даньярова Денсаулық сақтау министрлігінің Диспансерлік науқастардың элек­трондық тіркелімінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда қант диабеті­мен ауыратын 400 мыңнан астам науқас тіркелгенін мәлімдеді. Науқастар­дың басым көпшілігінде, яғни 95%-ында 2 типті қант диабеті жасы мен өмір салтына немесе басқа да қауіп факторларына байланысты пайда болған ауру. Маман диабеталды ­ауруын анықтаудың да маңызын атап өтті.

Ақтау қаласынан келген эндокринолог Сәуле Уразалина аталған семинардың қант диабетін, әсіресе балалар мен жасөспірімдердегі ­ауруды емдеу, алдын алу, сондай-ақ медициналық-санитарлық ал­ғашқы көмекті ұйымдастыру ісі талай мәселені шешуге септесетініне сенімді.

Шеберлік дәрісінен өтуге келген дәрігерлер эндокринология ка­фед­расының бөлімшесін аралап, күрделі клиникалық жағдайларды талқылады.

Эндокринологиядағы диаг­нос­­тика мен емдеудің заманауи тәсіл­­­дерін меңгеруге жиналған Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Семей, Тараз, Шымкент, Алматы қала­ла­рының эндокринологтері «БМСК деңгейінде 2 типті қант диа­беті­нің алғашқы профилактикасы», «Жү­рек-қан тамырлары патоло­гиясы және қант диабетінен зардап шегетін пациенттерді бақылауда ұстаудың проактивті тәсілі», «Бүй­рек үсті безінің жеткіліксіздігі», «Қал­­қанша безінің гипофункциясы және жүктілік», «Гипертиреоз және жүк­тілік», «Остеопороз: диагностика мен емдеудің заманауи тәсілдері» сияқ­ты тақырыптарды талқылады.

 

АЛМАТЫ