Туризм • 02 Қараша, 2022

«Жібекті түте алмаған жүн етеді» деген сын туризм саласындағы ахуалға айтылғандай...

373 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бабаларымыз қилы замандарда әлемдегі тоғызыншы территорияны иемденіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап өтті.

«Жібекті түте алмаған жүн етеді» деген сын туризм саласындағы ахуалға айтылғандай...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Сөйтіп, ұрпағына түгін тартса майы шығатын құ­нарлы жерді ғана емес, көр­кемдігі көздің жауын алатын, саф ауалы орман-тоғай­ларды, суы мөлдір өзен-көл­дерді, аспанмен астасқан ас­қар тауларды және адамзат тарихы мен өркениетінің бірегей ескерт­кіштері болып саналатын қа­сиетті орындарды мирас етті. Тек біз сол баға жеткісіз бай­лы­ғымызды құнттап қана қоймай, өз деңгейінде бағалап, әсіресе туризмді дамыту арқылы ел игілігіне жарата алып жүрміз бе?

Бұл сауалға Республикалық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитетінің ба­ғалауына сүйене жауап берсек, аталған салада қа­лып­тасқан жағ­дай мәз емес.

Нақты айтсақ, 2017-2021 жылдары шет мемле­кеттерге саяхаттауға шыққан қазақстандық туристер 8,9 млрд долларын шығындаса, елімізге туристік сапармен келген шет­елдіктерден 7 млрд доллар кө­лемінде табыс түскен, яғни теріс сальдо 1,9 млрд доллар болған. Бұл – Қазақстанның бай туристік әлеуетін пайдаланудағы елеулі кемшіліктің айғағы. Осы саладағы стратегиялық бағдарлар да сенім туғызбайды. Мәселен, Туристік саланы дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында мақсатты нарықтар ретінде туристердің келу ықтималдылығы екіталай елдер – Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия мем­лекеттері, сондай-ақ Үндістан мен Иран айқындалған. Біздің ойымызша, түркі әлемінің ын­тымақтастығы нығая түскен қазіргі уақытта тарихының түбі бір, мәдениеті мен салт-дәстүрі жақын бауырлас елдерге және өзара тиім­ді ынтымақтастық орнатқан әрі қазақ диаспорасының қатары қалың көршілес елдерге басымдық берген жөн.

Есеп комитеті «Туристер санын есепке алу әдіснамасының жетілмегендігі статистикалық де­ректерді бұрмалап, туризмнің экономикаға қосқан үлесін сенімді бағалауға мүмкіндік бермей, жағ­дайды ушықтыра түсіп отыр. Мұның өзі осы саланы одан әрі дамыту мәселелері бойынша сапасыз стратегиялық шешімдер қабылдауға әкеп соқтырады» деген елеулі сыни ескертпе айтып, Үкіметке ұлттық туристік өнімді қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қаржыландырушы  «KazakhTourism» ҰК» АҚ жұмы­сының туристік саланы дамытуға әсер ету дәрежесіне талдау жүр­гізуді ұсынғанын да орынды дабыл қағу деп білеміз.

Бұған қоса, аталған ұлттық компанияға бөлінетін барлық қара­жаттың орта есеппен 30 па­­йызы оны ұстауға, соның ішін­де жобалау топтарына жа­ла­қы төлеуге және олардың іс­са­пар­лары, үй-жайды жалға алу, байланыс қызметтері сияқты шы­ғыстарына жұмсалады екен. Ал жобалық топтардың шетелдерде өткізілетін тиімділігі төмен һәм күмәнді роуд-шоулар мен конференцияларды өткізуге арналған шығыстарының үлесі барлық іс-шара бюджетінің шамамен 50 пайызын құрайтыны анықталды. Сондай-ақ «Kazakh­Tourism» ҰК» АҚ биылдан бастап іске асырылып жатқан «Kids Go Free» Қазақстандағы отбасылық туризм бағдарламасының операто­ры ретінде кәмелетке тол­маған жо­лаушылардың ұшақпен ұшуын субсидиялауға берілген өті­нім­дердің нақты санына және төленген соманың көлеміне қара­мастан, бөлінген қаржының 85 пайызын жалақы төлеуге жұмсаған. Осыған орай, Есеп комитеті Үкі­метке «KazakhTourism» ҰК» АҚ-ның әкімшілік шығыстарын оңтай­ландыру және оның жобалау топтарының қызметтері үшін ақы төлеу тетігін қайта қарауды ұсынып отыр.

Ішкі туризмді ынталандыру мақсатын көздеген «Kids Go Free» бағдарламасы ата-аналарымен немесе жақын туыстарымен бірге ел ішінде демалыс орындарына ұшақпен барған бала­лардың авиабилетті тегін алуына мүм­кіндік береді. Алайда Есеп ко­митетінің бағалауынша, бала­лардың ұшақпен ұшуларын суб­сидиялау тетігі жеткілікті дең­гейде пысықталмаған. Бұл ту­роператорлардың осы бағдар­ламаға сұранысының төмен болуына алып келіп отыр. Соның салдарынан өткен үш тоқсанның қорытындысы бойынша жылдық жос­пардағы жалпы сомасы 357,8 млн теңге тұратын 24 мың өті­німінің орнына туроператор­лардан небәрі 380 өтінім қабыл­данып, оларға 40 млн теңге (11 пайыз) ғана субсидия төленген.

Мұның себебі – шынында да туроператорларды субсидия­лау тетігінің олқылығында, яғни онда бюрократиялық бөге­сіндер барлығында болып шық­ты. Мысалы, «Kids Go Free» бағ­дарламасына қатысуға ынта білдірген туроператор алдымен авиабилеттерді өз қаражатына сатып алуға тиіс. Кейін оның құнын тиісті ережеге сәйкес мемлекет өтейді. Сол үшін туроператорлар туристердің демалу мерзімі аяқ­талғаннан кейін құжаттар топтамасын әзірлеп, оны «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ға қағаз немесе электронды түрде жолдауы қажет. Белгіленген құжаттар топтамасы толық болған жағдайда «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ 45 жұмыс күні ішінде субсидия сомасын туроператордың банктегі шотына аударады. Ал туроператорлар өз өтінімдеріне қоса, мынадай 8 құжатты тапсыруға міндеттелген: заңды тұлғаның құрылтай құжатының көшірмесі, немесе дара кәсіпкердің қыз­метінің басталғанын растайтын құжаттың көшірмесі; мемлекеттік кірістер органдарына берешегі жоқтығы (барлығы) туралы анық­­тама; кәмелетке толмаған жолаушының билеті мен жолаушылар купонының көшірмесі; аза­маттығы жоқ тұлға болып табылатын кәмелетке толмаған жолаушы үшін Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың кө­шірмесі; кәмелетке толмаған жо­лаушы жақын туысымен бірге тасымалданған жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхаттың көшірмесі; турис­тік қызмет көр­сетуге арнал­ған шарттың көшір­месі; туропе­ра­торлық қызметті жүзеге асы­руға рұқсат беретін лицен­зияның көшірмесі; кәмел­етке толмаған жолаушыларға көр­сетілген туристік қызметтер ту­ралы мәлімет. Міне, қазіргі цифр­­лық технологиялар заманында туроператорларға осыншама қағаз толтыртып, қымбат уақыт­тарын кетіріп, әуре-сарсаңға түсіру қаншалықты қисынды?

Коронавирус пандемиясына дейін туризм әлем экономи­касының аса ірі әрі ең жылдам дамып келе жатқан саласы болып саналды. Оған әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10 пайызы тиесілі, яғни туризм мұнай және мұнай өнімдерін, автокөліктерді экспорттаудан кейінгі үшінші орында. Ал World Travel Tourism Council халықаралық ұйымының мәліметі бойынша Қазақстандағы туризм саласы қазір еліміздің жал­­пы ішкі өнімінің 5,2 пайызын ғана құрап отыр. Қазақстан Рес­публикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасында осы көрсеткішті 2025 жылы 8 пайызға дейін жет­кізу көз­делген. Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның баға­лауына қа­рағанда, Қазақстан өткен жыл­дың қорытындысы бойынша ту­ризм­нің жаһандық рейтингінде 117 ел­дің ішінде 66-орынды місе тұт­қан.

Елімізде туризмді дамытуда ТОП-10-ға енгізілген ең перс­пективалы туристік бағыттар ай­қын­далған. Олар: Алакөл көлі, оның әлеуеті бір жылда 2,5 млн туристі қабылдауға мүмкіндік береді; Алматы өңірінің тау клас­­тері (жылдық әлеуеті – 2,5 млн турист); Щучинск-Бурабай ку­рорт­тық аймағы (2 млн турист); Баянауыл курорттық аймағы (450 мың турист); Имантау-Шалқар курорттық аймағы (400 мың турист); Балқаш көлі (400 мың турист); Түркістанның тарихи-мәдени орындары (1,5 млн турист); Маңғыстаудың жағажай туризмі (750 мың турист); Астана қаласында МІСЕ іскерлік туризмі (1 млн турист); «Байқоңыр» турис­тік аймағы (250-500 мың турист).

Осы туристік аймақтарды дамыту мақсатында бірқатар жо­ба жүзеге асырылып жатқаны мәлім. Дегенмен қазақстандық туристердің дені, негізінен, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, күнге қыздырынып, суға шомылып, жоғары деңгейдегі сервистік қызметті пайдаланып, тамаша тынығып қайтуды құп көретінін ескерсек, елімізде жа­ғажай туризмін дамытудың мән-маңызы ерекше екені талас тудырмайды. Бұл ретте Алакөл көлі мен Маңғыстаудың қайсысы «Қазақстанның Антальясы» атанар екен деген сауал көпшіліктің көкейінде жүр. Алакөлдің гео­гра­фиялық орналасуы қазақстандық­тар­дың көпшілігінің барып-келуіне қолайлырақ екеніне байланысты да болар, сонда барып демалушылар саны 772 мың адамға жеткен. Бұл – еліміздің танымал туристік аймақтарының ішіндегі ең үздік көрсеткіш. Ал шуақты күн­дерінің ұзақтығы жылына 300 күнге жететін, яғни еліміздің климаты ең жылы өңірі болып саналатын Маңғыстаудың мол әлеуеті ұтымды пайдаланылса, Каспий теңізінің жағалауында ты­нығушыларға қоса, атағы аңызға айналған Пір Бекет атаның басына барып тәуәп етушілер легі қазіргіден әлдеқайда көбейе тү­сері күмәнсіз. Бұл мұнайының қоры сарқыла бастаған, ал тұр­ғын­дарының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқан өңірдегі жұ­мыссыздық мәселесін шешуге ықпалын тигізетін маңызды фактор екенін де ескерген жөн.

«Пандемия аяқталып, ішкі туризм­ге қызығатын, төлем қабі­леті бар туристердің саны ар­тып келеді. Алайда көлік жүйесі реттелмегенінің салдары­нан елі­­міздің барлық табиғи сұлу­лығына жету мүмкін емес. Әсіресе әуе жолдарымен саяхаттау са­парлары бойынша шағым көп. Ұшу жиілігінің төмендігі, авиа­билеттердің түсініксіз бағасы, қыз­мет көрсету сапасы мен рейс­терді негізсіз кешіктіру сияқты мәселелерді тізе беруге болады. Оған қоса, турагенттіктер авиа­­компаниялармен турпакеттер бойынша келіссөздер жүр­гізу мүм­кін еместігін жиі айтады. Ал «Қазақстан темір жолы» ак­цио­нерлік қоғамының туристік бағыттарды дамытуға қауқары да, ниеті де жоқ сияқты. Бұл компания монополист бола тұра, өзінің басты бағытын жүк тасы­малдауға арнаған. Жолаушылар вагондарының сапасы нашар, интермодальды тасымалдау тәжі­рибесі жоқ, туристік кластағы пойыздар туралы айтпай-ақ қоя­лық. Еуропаны айтпағанда, Орта­лық Азия және өзге жекелеген мемлекеттермен байланыстыра­тын халықаралық туристік жүйе­­­ні қалыптастыра алмадық. Осының салдарынан Жібек жолы бойындағы теміржол маршруттарын біздің ел емес, көршілес Өзбекстан өз стиліндегі жайлы ва­гондарымен туристік кластер ретінде іске асырып отыр», деді Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев жақында Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Иә, «Жібекті түте алмаған жүн етеді» деген осы.