Қазақстан • 04 Қараша, 2022

«Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» саясатын ұстанамыз - Президент

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» саясатын ұстанамыз - Президент

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, дипломатиялық корпуспен кездесу екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған игі дәстүр екенін айтты.

Президент Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың басшыларына елімізде түрлі салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мәселелеріне, соның ішінде өлім жазасын жоюға, конституциялық түзетулерді қабылдауға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.

у

«Өз саясатымызда «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген постулатты берік ұстанамыз. Сондықтан азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, түрлі қоғамдық күштерді біріктіруге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға маңызды іс-шаралар қабылданып жатыр», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның демократияландыру және кешенді қоғамдық-саяси өзгерістер бағыты өзгермейтінін атап өтті.

«Жаңа модель биліктің тұрақты ротациясын және Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін одан әрі демократиялық тұрғыда дамуын қамтамасыз етеді. Бірнеше аптадан кейін өтетін кезектен тыс Президент сайлауында осы өзгерістер ескеріледі. Бұл сайлау Қазақстанда жаңа саяси дәстүрді қалыптастырады, жаңа саяси дәуірге жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыруы үшін тең жағдай мен мүмкіндік жасалатын Әділетті Қазақстанды құру. Әділеттілік идеясы бұдан былай халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел назар аударуға бағытталған Қазақстанның барлық мемлекеттік саясатының өзегі болады. Мен және менің Әкімшілігім Президент сайлауын ашық және әділ өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

о