Бойында қазақы қан тулаған әр азамат қамшыға қызыға қарайды. Мынау заманда күнделікті ат мініп, жүйрік жаратып жүрмесек те, әр шаңырақтың төрінде бір қамшы тұмар ретінде ілулі тұр. Ал бұрында қазақтың қамшы ұстасында да пәлсапалық ой жатқан. Айтар болсақ, үйге келген адам қамшысын қолына қысыңқырап ұстап кірсе, дауласуға келгенді білдіреді. Егер де төрге озып, қамшысын ортаға тастай салса, қандай да бір дау-жанжалды тоқтатып, бітімге келейік дегені екен. Иә, қамшы ұстап қана ойыңды жеткізу неткен даналық дерсің. Қамшыны бақсы-балгерлердің пайдаланғанын да естігенбіз. Қалай десек те, қасиет бар.
Кішкентайынан сәйгүлік мініп, ат әбзелдеріне қызығып өскен Абылай кейіндері қамшы өруді ермек еткен. Ермегін түбегейлі кәсіпке айналдырып жіберуге болар еді, оған мектептегі жұмысы мұрсат бермейді. Абылай Мәулітұлы С.Түкібаев атындағы Еңбек орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Иә, еңбегі мен ермегі екі түрлі сала.
Абылай Мәулітұлы туысқан ағасы Айдын Нұрғабденовпен бірлесіп, жол бойына кәдесый сататын дүңгіршек ашып қоюды да ойластырып жүр. Айдын деп отырған азамат та қайыстан таспа тіліп, қамшы өреді. Міне, ауылда қазақы өнердің қаймағын бұзбай, ата дәстүрді жаңғыртып отырған жастарға қалай ғана риза болмайсыз?!
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы