2015 жылдан бері кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүрген 30 жастағы қандасымыз сол кезден бері 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 11 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осы табыстарының арқасында Айдос әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Қарсыласы одан алты жас кіші. Десек те майталман мамандардың тарапынан Дэвид Моррельдің әлеуеті өте жоғары бағалануда. Кубада туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған ол өзінің мықтылығын бірден мойындатты. Кәсіпқой рингте небәрі жеті жекпе-жек өткізгеніне қарамастан, Дэвид әлем чемпионы атанып қана қоймай, өзіне тиесілі алтын белбеуін үш мәрте сәтті қорғады.
Миннеаполистегі бәсекеде Моррельдің басымдығы бірден байқалды. Кубалық қабылан өзінің бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланды. Қандасымызға қарағанда әлдеқайда жылдам әрі әбжіл қимылдаған ол үнемі оның алдын орап отырды. Соққыларын жиі дарытып, дәл тигізе білді. Шыны керек, алғашында біз Ербосынұлы «бұл екпінге шыдамайтын шығар» деп ойладық. Өйткені бастапқы раундтардың өзінде Дэвидтің бірнеше соққысы оған оңбай тиді. Сол кеште ауыр апперкоттар мен жойқын хуктардың сан түрін көрдік. Кейбірі тіптен Айдосты есеңгіретіп тастағандай көрінді. Оның үстіне, жерлесіміздің кеңсірігінен кеткен қанды тоқтату да оңай болмады.
Бірақ Айдос ер екен. Қаншама ауыр соққы алса да, бәріне шыдап бақты. Беті қанға боялып, көзі көруден қалса да, соңына дейін айқасты. Қарсыласын айқын жеңе алмайтынына көзі жеткен Моррель 12 раунда басталған бетте айлаға жүгінді. Аңғал Айдос абайсызда жасалған белден төмен соққысы үшін кешірім сұрап тұрған сәтте Дэвид оны ұрып құлатты. Төреші нокдаун белгіледі. Бұл жерде біз Бостандық аралы өкілін кінәлаудан аулақпыз. Барлық кінә – Айдостың өзінде. Боксшы қандай кезде де бәріне дайын және сақ болуы керек. Бұл – бокстың заңдылығы! Дәл осы соққыдан кейін Ербосынұлы өз-өзіне келе алмады. Бәсекенің аяқталуына санаулы ғана секундтар қалғанда Дэвид Моррель қазақ боксшысын оң қолымен оңдырмай ұрып, ауыр нокаутқа жіберді.
Дәл осы жарыстың андеркардында Абылайхан Жүсіпов те күш сынасты. Әуесқойлар арасында әлем чемпионатында үш рет қола медальды иеленген қандасымыз кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуінде жеңіске жетті. Бұл жолы ол америкалық Демаркус Лейтонды (8-3-1, 5 КО) екінші раундта есінен тандырды.