Қазақстан • 07 Қараша, 2022

Мектептегі дәретханаларға қатысты анонимді жазба қалдыруға болады

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқушылар мен ата-аналар Оқу-ағарту министрлігіне мектеп әжетханалары мен асханаларындағы бұзушылықтар туралы аноним түрде жаза алады, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мектептегі дәретханаларға қатысты анонимді жазба қалдыруға болады

Қазақстандық оқушылар мен ата-аналар мектеп әжетханалары, жуынатын бөлмелердегі проблемалар мен асханасындағы бұзушылықтар туралы Оқу-ағарту министрлігіне хабарлай алады. Айта кетерлігі, авторлардың анонимділігіне кепілдік беріліп, олар туралы ақпарат жария етілмейді. Мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктер туралы фото және видеоны 8 700 699 04 46 нөмірі арқылы WhatsApp және Telegram-BOT-қа, Instagram желісіндегі @balaga.laiyq парақшасын белгілеу арқылы жіберуге болады. 

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен «Балаға лайық» акциясы өтіп жатқанын айтты. Акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен осы жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

«Акцияға кез келген оқушылар, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б. қатыса алады. «Балаға лайық» акциясының нәтижесінде мектептегі жуынатын бөлмелер мен асханалардың жағдайы айтарлықтай жақсарғанын айта кеткен жөн. Заң бұзушылықтар анықталған 100-ден астам мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер жойылды. Мысалы, Павлодар қаласындағы №5 орта мектептің әжетханасындағы кабиналар ата-аналардың министрлік өкілдеріне берген өтінішінен кейін қалыпқа келтірілді. Солтүстік Қазақстан облысы Арықбалық ауылының мектебінде су құбырлары ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орал инновациялық лицейі асханасының жұмысына қатысты түскен өтініштен кейін мектепте асханаға дезинфекция жүргізіліп, оқушыларды тамақтандыру сапасы жақсартылды. Мектептегі әжетханалар мен асханаларға мониторинг жазалау үшін емес, балаларға қажетті жағдай жасауға мектептерді бірлесе тарту үшін жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді», деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Акция кезінде мектептердің жуынатын бөлмелері мен асханаларының жағдайы туралы барлығы 1 000-нан астам шағым түскен. Ең белсенділер Астана мен Алматы қалаларының және Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстарының оқушылары мен ата-аналары екен.

Оқу-ағарту министрлігінің айтуынша, әрбір өтінішті облыстық білім басқармасы қарайды, ал ұсақ-түйек кемшіліктерді мектептердің өзі анықтап, жоюы керек.