Өнер • 07 Қараша, 2022

Театр тарланы: Шымкентте Жұмат Шанинді еске алу кеші өтті

285 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шымкентте режиссер, драматург, актер, қазақ ұлтының кәсіби театр өнерінің негізін салушы, қоғам және театр қайраткері, Қазақ АКСР-нің халық әртісі Жұмат Шаниннің туғанына 130 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында қаланың зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер жастар дара тұлғаның ұрпақтарымен кездесті.

Театр тарланы: Шымкентте Жұмат Шанинді еске алу кеші өтті

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері Жұмат Шаниннің театрдағы тырнақалды туындыларының бірі «Арқалық батыр» пьесасынан сахналық көрініс ұсынды. Ал еркін форматта өткен, кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова жүргізген кездесуде Ж.Шаниннің тікелей ұрпағы, режиссер Болат Шанин, Жанат Шанина және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, Астана қаласының музыкалық жас көрермен театрының директоры, Асхат Маемиров, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, театр сыншысы Айзат Қадыралиева режиссердің өмір жолы мен шығармашылығынан біршама тың ақпарат беріп, оқырман қауыммен сыр-сұхбат жасады. «Жұмат Шаниннің қаламынан туған көптеген пьеса болған. Алайда оның қолда барын жинақ етіп құрастырғанымен, әлі де табылмай жүрген шығармалары бар. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасына дейін атамыздың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты пьесасы болғанын архив құжаттарынан білдік. Сондай-ақ «Батыр Баян» туындысы да табылмай отыр», деді Болат Шанин. Ал Асхат Маемиров Жұмат Шаниннің қазақ театр өнерін дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ бірқатар ұсынысын жеткізді. «Жұмат Шанин еңбектерін қазақ этнографиясын, фольклорын қосып, ұлттық нақышта сахналап отырды. Мұның барлығы оның дала мәдениетін бойына бала күнінен сіңіруінде жатыр. Қоянды жәрмеңкесі – ең алғашқы дала театры. Бала күнінен жәрмеңкеден қалмай, қазақ өнерімен сусындап, ұлы дала академиктерінің көзін көрді десек болады. Сәкен Сейфуллин, Бекмұхаммед Серкебаевпен бірге Омбыда білім алды. Омбыдағы қалыптасқан өнер ортасы Жұмат Шаниннің рухани өсуіне сеп болды. Оның өнердегі музасы – Жанбике Шанина. Қазақ сахнасында ұлттық аспаптарда ән шырқап жүрген қыздарымыз болғанымен, театр сахнасында жоқ еді. Шанин қазақ театрының негізін қалау үшін жары Жанбикені сахнаға шығарды. Қазақтан шыққан тұңғыш театр актрисасы Жанбикенің есімін ұлықтап, жаңғырту үшін еліміздегі өнер институттарының студент қыздарын «Жанбикенің жалғастары» сынды арнайы сапарға алып шығып, олар жүрген жолмен жүріп, еңбектерімен таныстырсақ», деді Асхат Максимұлы. Дара тұлғаның немересі Жанат Қасымханқызы архив деректеріне сүйене отырып, әлі де ел ішінде бұрмаланып келе жатқан тың мәліметтерді бөлісті. Ал театртанушы Айзат Қадыралиева еліміздегі ұлы тұлғалардың есімімен аталатын театрлардың ешбірі сол азаматтардың туындыларын театр репертуарына қосып, сахналамай жүргенін сынға алды. Жиын соңында кеш қонақтары мен зиялы қауым өкілдері, студенттер Ж.Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Тағылымды кешке жиналған қауым мен қала тұрғындарына Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының премьерасын ұсынды. Қойылым Жұмат Шаниннің қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екінші мәрте алып барып, «Қыз Жібек» пьесасы кезіндегі сахна шымылдығының 12 минутқа кеш ашылған оқиғасынан бастау алды. «Қазақ өнерінің дәріптелуі, кәсіби театрдың қалыптасуында Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезовтердің еңбегі орасан. Шанин – Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ кәсіби тұрғыда қалыптастырып, сахна­лық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірген тұлға. 1926 жылы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында өнерлi жас мемлекет­тiк театрды ұйымдастырады. Мәдениетi iлгерiлеген елдер театрларының тарихын, драматургия тео­рия­сын өз бетiнше оқып, iзденiп үйрендi. Қарқаралы, Зайсан, Семей, Қарағанды және Көкшетауда жауапты қызметтерде жүрiп, театр өнерiне белсене араласты. Сол кездегi ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасұлы оның еңбегiн жоғары бағалаған екен. Шанин қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екі мәрте алып барды. Екінші декадада «Қыз Жібекті» сахналады. Қазақ театрларын ертең Еуропаның театр­ларымен тең етемін, орыс театрынан бір мысқал да кем емес деп жүріп, «халық жауы» деген жаламен өмірден өтті. Деректі, тарихи туындыларды сахналау өте күрделі. Сценограф, суретші барлығымыз іздене отырып, сахналық шешім табуға тырыстық», дейді спектакльді қоюшы режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев.

Басты рөлдерді сомдаған театр актерлері Е.Аманғалиев – Жұмат Шаниннің, М.Зияева – Жанбике Шанинаның театр өнерін дамыту жолындағы құрбандығы мен ел басына күн туған кездегі күйзелісін көрермен қауымға жеткізе білді. Спектакльді көре отырып, тарихи танымымыз кеңейе түсті. Жұмат Шанин 1934 жылдары Қазақстанның сол кездегі басшыларына хат жазып жүріп, Қазақтың опера және балет театрын ашып, «Жалбыр», «Қыз Жібек» спектакльдерін қояды. Қазақстандық өнер ұжымы 1936 жылы Мәскеудегі есеп беру онкүндігіне «Қыз Жібекті» алып барған. Спектакльге Сталин бастаған ЦК мүшелері түгелдей келеді. Өкінішке қарай, сол күні талантты тұлғалардың тағдырын өзгерткен оқиға орын алады. Спектакль басталар алдында сахна пердесі техникалық ақаулармен ашылмай қалады. Бас режиссер Жұмат Шанин мен Қазақстанның сол кездегі «Наркомы» Темірбек Жүргенов қаншама әрекет еткенімен, шымылдықтың ашылуы 12 минутқа кешігеді. Осы 12 минут абзал азаматтардың тағдырын шешеді. Премьерадан кейінгі банкетке қойылымның бас режиссері Жұмат Шанин мен әйелі Жанбике шақырылмайды. Бұл – «үкімің шықты» деген емеурін. Содан бастап қайран азамат қуғынға түседі. 1937 жылы Орал қаласында өзі ашқан, қазіргі Хадиша Бөкеева атындағы театрда көркемдік жетекші болып жүрген жерінен Алматыға алдап шақырып, тұтқынға алған. Қазақстанның Мәскеудегі өкілетті өкілі болған Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин үшеуіне «Жапон империалистеріне сатылғандықтан, Сталинге қастандық жасау үшін 12 минут шымылдықты ашпады» деген айып тағылып, ату жазасына кесіледі.

Драматург Сая Қасымбек театр үшін бүкіл тепе­рішті көріп, азабына шыдаған, ол жолда өмірін қиған дара тұлға Жұмат Шанин сонау 1916 жылы ақ патшаның жарлығымен қара жұмысқа жегіліп жүріп, қазақ халқына театрдың керектігін, ұлтымыздың дарыны мен таланты өзгелерден артық болмаса кем емес екенін түсіне білген арда азамат екенін айтады. «Елге оралған соң тәуекелге барып, сан түрлі қиындықтар мен кедергілерге мойымай, мақсатын жүзеге асыру үшін барын салды. Атақты Қоянды жәрмеңкесінде Серке Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сияқты дала дүлдүлдерімен танысып, олардың басын қосып, театрға алып келуінің өзі неге тұрады! Мұхтар Әуезов: «Қазақ даласына театр керек. Жұмат Шанин деген жігіт осы мәселемен айналысып жүр деседі, маған хабарласса екен» деген мағынада хабарландыру берген. Жұмекең хабарландыруды оқыған соң Әуезовті іздеп барып, шығармашылық одақ құрады. Кәсіби қазақ театры 1926 жылы Қызылорда қаласында ашылды. Театр ашылғаннан кейін де оңай бола қоймағаны белгілі. Жұмат Шанин, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков үшеуі гастроль кезінде билет алмай, отарба жүріп бара жатқан кезде, ашық тұрған терезеге жармасып мінетін болған.

1927 жылы қазақ делегациясы ұлттық фольклорын таныстыру үшін он күнге Мәскеуге барады. Ол кезде қайбір жетіскен көлік бар дейсіз, итіңдеген отарбада жағдайы келіспей, Аян деген алты айлық баласы суықтап, жолда шетінеп кетеді. Бұл оқиға құпия сақталмаса «қазақ делегациясы Мәскеуге әдейі жамандықпен келді» деген кереғар хабар тарап кетуі мүмкін болғандықтан, ешкімге тіс жармайды. Жұмат пен Жанбике бақилық болған перзентінің бетін бүркеп, пойыздан күліп түскен. Арада бір тәулік өткен соң ғана Мәскеуден мұсылман зиратын тауып, баланың денесін түн жарымында, елден жасырып жерлейді. Перзентінен айырылып, жүрегі қан жылап тұрса да, Жанбике сахнаға шығып ән айтып, би билеген, жымиып суретке түседі. Тағы бір ұлдары Рауыпбек 19 жасында Мәскеуде оқып жүрген жерінен қан иісі мүңкіген Бутырка түрмесінде тергеуге алынады. Әкесі «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген, шешесі АЛЖИР-ге сегіз жылға айдалған бозбала сол тергеу­ден кейін денсаулығынан айырылып көз жұмады. Осы кезде Жұмат Шаниннің туған інісі Әкіш Шанин көзсіз ерлікке барады. Біртуар азаматтан тұқым қалмай бара жатқанын сезген Әкіш Жұмат пен Жанбикеден қалған жалғыз тұяқ Қасымханды «өзімізден туған бала» деп жаздырып алады да, Алматыдан қашып шығады. Жолай отарба Шымкентке аялдайды. Қалада театр барын білген Әкіш әйелі мен Қасымханды алып түсіп қалады. Ол өмірінің соңына дейін Қасымханды «менің балам» деп өтті. Тек кейін заманның тоңы еріп, әділдік орнағаннан кейін ғана шындықтың беті ашылды. Жанбикені жазасын өтеп шыққаннан кейін де Қарағандыдан шығармаған, өмірінің соңына дейін сонда қалған. Ал Қасымхан Шаниннен 3 қыз, 1 ұл тараған. Қасымханның ұлы Болат Шанин – бүгінде ата жолын қуған режиссер», дейді Сая Қасымбек.

«... Өкінетін жерім жоқ. Меңіреу басқан даламды сілкінткім келді, жаңа дәуірге қарай самғатқым келді. Халық комиссары боп жағалы шен кигенді таңдамадым – қазағымның мәдениетін өркендетсем деп жанталастым, арпалыстым, күрестім. Қанша қиналсам да мойымадым...». Бұл Жұмат Шаниннің жүрегін тебірентіп, жаны алқымына келген сәтте шыққан сөз. Драматург Сая Қасымбектің туындысын көрген көпшілік зұлматтың шырмауына оралып, жаламен жазықсыз атылған тұңғыш режиссердің, оның жары Жанбикенің тартқан азабын жүрекпен сезінді, тарихтан тағылым алды.

 

ШЫМКЕНТ