Аймақтар • 07 Қараша, 2022

Сыр бойындағы кездесу

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысына са­пар­мен келген Ақпарат жә­не қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алдымен облыстық Жастар ресурстық орталығында болды. Жастар орталығын аралаған министр мұндағы «Мүмкіндіктер алаңымен», қоғам белсендісі Талғат Мең­дібаевтың бастамасы­мен құрылған «Кітап құрт­­тары» ұйымының жұ­мы­сымен танысты.

Сыр бойындағы кездесу

«ПАЛМЕР-3» автономды гене­ра­торын құрастырған жер­­гілікті жас өнертапқыш Ма­рат Палмахов министрге құрылғының жұмыс істеу барысын көрсетті.

Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университеті журналистика мамандығының студенттерімен кездесуде министр жастар сауалына жауап беріп, саланың бүгіні мен ертеңі жайлы пікір алмасты.

Достық үйінде өткен облыс тұрғындарымен кездесуде сала жұмысы мен азаматтық қо­ғам институттарын дамыту бағы­тындағы мемлекеттік қолдау жайлы айтып өтті. Сондай-ақ БАҚ саласында қолға алынып жат­қан жұмыстарға тоқталып, қо­ғам талқылауынан өткен «Масс-­медиа туралы» заң жоба­сында ақпараттың қолжетімді болуы, журналист мәртебесі ескерілгенін жеткізді.

Кездесуден кейін министр қо­ғамдық қабылдау жасап, тұр­ғындардың сауалдарына жауап берді. Сапар аясында «Qyzylorda» телеарнасында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

– Қолына смартфон ұста­ған кез келген жан ақпарат та­ра­­ту­шыға айналған қазіргі ке­зең­де журналистиканың бі­лік­­ті мамандарына жүктелер жауап­кер­шілік арта түседі. Сон­дық­тан да журналистер мәр­тебе­сін көтеру, ақпаратқа қол жет­кі­зуін жеңілдету, интернет, онлайн платформаларды реттеуді қарастырып отырмыз, – деді министр.

Кездесуде ардагер журналистер Айткүл Шалғынбаева, Қар­шыға Есімсейітова Сыр бойында ұйымдастырылып келе жатқан «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі негізінде түркі халықтарының өнерін насихаттайтын біріккен телевизиялық жоба әзірлеу, қазіргі отандық телеарналарда көрсетіліп жатқан шетел сериалдарының өзіміздің кинотуындылармен алмастыру туралы ұсыныс айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Жаңақорған аудан­­дық «Жаңақорған тынысы» газетінің редакциясына ба­рып, журналистердің ты­ныс-тір­шілігімен танысты. Басы­лым­дарды шығарумен қатар тарату ісін де жолға қойған «Сыр ме­диа» серіктестігінің жұмысын жоғары бағалады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА