Әлемнің ең үздік 12 командасының қатысуымен өтетін дәстүрлі жарыста жерлестеріміз алғаш рет бақ сынамақ. Қазақ елі құрама командасының сапында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Жібек Құламбаева сынды бұрымдылар бар. Біздің қыздар С тобында өнер көрсетеді. Қыздарымыз тұсаукесер кездесулерін бүгін Ұлыбританиямен қарсы өткізеді. Ертең Испаниямен шеберлік байқасады. 10 қарашада қарсыластарымыз өзара күш сынасады. Өзге топтарда мына командалар бақ сынайды: А тобы – Швейцария, Канада және Италия. В тобы – Аустралия, Словакия және Бельгия. D тобы – Чехия, АҚШ және Польша. Әр топтың үздік командалары жартылай финалға жолдама алады. Ал аталған жарыстың жеңімпазы 13 қараша күні анықталады.
Ал WTA-ның қорытынды турнирінде бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен жұптасып өнер көрсеткен Анна Данилина үшінші ойында Елена Киченок (Украина) пен Елена Остапенкоға (Латвия) 7:6, 4:6, 8:10 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, олар үшін АҚШ-тағы жарыс сәтсіз аяқталды.