Қоғам • 08 Қараша, 2022

Тіл ұстартқанның таудай жұмысы

421 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Логопед мамандар сәби тілінің кеш шығуына ата-аналары кішкене шағында сәбиіне дұрыс көңіл бөлмеуінен деп санайды. Мәселен, бүлдіршін бір жаста 5-10 сөз айта білуге тиіс. Ал екі жасқа толғанда 200-300 сөз білетіндей қабілетке жетеді. Үш жаста күрделі сөйлемдерді игеріп, осы жастан бастап жалпы сөйлеу тілі дамиды екен.

Тіл ұстартқанның таудай жұмысы

Біздің бала кезімізде «логопед» маман дегенді кездестірмек түгілі, естіп көрмеген едік. Бұл кәсіп иесінің кейінгі уақытта балалары жас ата-аналар арасында аса сұранысқа ие екенін байқаймыз. Себебі сөйлеу қабілеті бұзылған, тілінде мүкісі бар ұрпақ көп. Көбіміз бұл мәселені экологияға тіресек, дәрігерлер психологиялық фактордың әсері деп кінә артады. Кім қалай десе де, анығы тілдік ауытқуы бар балалар саны жылдан-жылға артып, сәйкесінше логопед мамандарына деген мұқтаждық та өсе түсті. Кейінгі кезде оларды кез келген балабақшадан немесе мектептен кездестіретін болдық.

Бибігүл Жұмажанова – осы салада ұзақ жыл еңбектеніп жүрген кәсіби маман. Ке­йіп­керімізбен Халықаралық логопедтер күні қарсаңында ұлттық логопедтік қызметтің жай-жапсары мен проблемалары туралы әңгіме өрбіттік.

Логопедия мәселесіне кел­ген­де ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның нақыл сөздерін арқау етпеу мүмкін емес. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау», деген ұлы ғалым.

Қазақ әрдайым сөз қадірін аса бағалап, ұрпағын «өнер алды – қызыл тіл» деп өсірген. Алайда бүгінде ата-аналар балаларының тілі кеш шығатыны немесе сөй­леу қабілеті бұзылғаны тура­лы жиі шағымданады.

– Ғылыми тұрғыдан алғанда, адамда сөйлеуге арналған негізгі органы жоқ. Сөйлеуге өкпе, өңеш, жұтқыншақ, тіл, тіс, ерін, ұрт қатысады. Ал дауыс негізі ауыз қуысы мен мұрын қуыстары арқылы шығады. Сөйлеу қабілетінің бұзылуын зерттеу ғылымы сонау XVII ғасырдан басталған екен. Соған қарағанда, тіл мүкістігі одан да ерте замандарда бой көрсеткен. Әрине, ол кезде білім мен тәжірибе жеткіліксіз болғандықтан, бізге белгілі логопедия тек ХХ ғасырдың ортасына қарай қалыптасты. Бұл проблема біздің қоғамда бұрыннан бар. Сонау Кеңес өкіметі тұсын­да да кездесетін. Тек оны нақты ғылыми тұрғыдан зерделеу, мәселе етіп көтеру кемшін қал­ды. Алайда сөйлеу жүйесінде ақауы бар сәбилердің саны расында да, жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде байқалып тұрған құбылыс, – дейді ол.

Қазақ тілінің аса бай тіл екені белгілі. Әдеби тіл, кәсіптік тіл, өндірістік тілі, қарым-қатынас тілінің қай-қайсын алып қара­саңыз да, аса бай, толымды екенін байқаймыз. Мәселен, Пушкиннің сөздік қоры – 21 мың сөз, Шекспирдікі – 15 мың сөз десек, Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» романында 17 мың сөз қолданған екен. Ал логопедиялық ғылымда тілдің бай болуы да маңызды. Бұл тұрғыда қазақ тілі өз міндетін артығымен орындап тұрғанына дау жоқ. Мамандар мәселе кей­бір ата-аналар жеткіншек ша­ғында баласына дұрыс көңіл бөлмеуінен деп санайды.

– Негізі бала бір жасында сөйлей алмаса да, ересектердің айтқан сөзін ұқса, айтқанды дұрыс орындай білсе, онда уайымдауға еш­қандай негіз жоқ. Тілі шыға бастаған кезде онымен байқап, дұрыс сөйлескен абзал. Сақауланып сөйлеуге, баланың тілін бұрап сөйлегенін қызық көріп, оның айт­қан­дарындай етіп қайталау жақсылыққа апар­майды. Себебі сәби солай сөйлеуге дағ­ды­ла­­нып кетеді. Керісінше, бұл жағдайда ана баласының айт­қанын түсінбесе де, онымен дұрыс сөйлесіп, әр сөзді үйретуі керек. Тағы бір мәселе, қазіргі балалар шетінен ұялы телефон мен планшетке үйір. Бұл құ­рал­дар – сөйлеу қабілетін бұзатын, ойды те­жейтін нағыз тажалдың өзі. Балдырған ойын қы­­зығымен отырып, адами, әлеу­­­меттік құбылыстардан алыс­тай береді. «Әйтеуір тыныш отырса болды» деп өзін алдау­­сырататын анасы сәбиінің келе-келе әлгі құралдың құлына айнал­ғанын сезбей де қалады. Одан соң баланы планшеттен ажырату қиынға соғатынын жақсы білеміз. Сондықтан бала әр нәрсенің шегін, уақытын шамалап өскені дұрыс. Осы бір технологиялық үрдіс те сөйлеу қабілеті жетілмеген балалардың шамадан тыс көбеюіне салдар болып отырғаны айқын, – деп қынжылады Бейбігүл Аманжолқызы.

Маман бүгінде Павлодар қаласындағы №93 балабақшада логопед болып еңбек етуде. Бірнеше әдістемелік құралдың авторы. Жыл сайын түрлі конкурстар мен семинарларға қатысып, біліктілігін арттыратынын айтады. Мәселемен алдына келген ата-аналардың бетін қағып көрмедім дейді. Көбіне кекештену, дислалия (тек дыбыстардың айтылуының бұзылуы), дизартрия (сөйлеу аппаратындағы кем­шіліктерден дыбыстаудың бұ­зылуы), тілдің жалпы дамымауы сияқты кемшіліктері бар балаларды әкеледі екен. Бала тілінің кеш шығуының негізгі себептері – кейбір тұқым қуалайтын аурулар, жүктіліктің өту ерекшеліктері, баланың белгілі бір ауруға шалдығуы. Сондай-ақ баланың жынысы, жеке ерекшеліктері, күйзеліс жағдайлары себеп болады екен.

«Әлди – әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін,

Көкқұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін», деген бесік жырында, байқасаңыз, дауысты-дауыссыз, жуан-жі­ңіш­ке, қатаң-ұяңы бар дыбыстар түгелге жуық кездеседі. Оны сәби айта алмаса да, жас санасымен іште түйіп қалады. Буын үндестігі, дыбыс үндестігі содан қалыптаса бастайды. Сон­дықтан осы бір дәстүрді аналарымыз бен әжелеріміз қайта жаңғыртса, қос мәселе шешімін табар еді. Ең әуелі баланың тілі өз ана тілінде шықса, екіншіден, тілдегі мүкістің алдын алар еді. Балдырған тілінің дұрыс қалып­та­суына жалпы факторлар көп. Денсаулығы, орталық жүйке жүйесінің, артикуляциялық, есту, көру аппараттарының қа­лыпты жұмысы, балалардың түр­лі салада дамуы мен педагог­тер­дің кәсіби шеберлігі, тағы басқа толып жатқан жайттар бар. Біз, логопедтер осы ерек­ше­­ліктердің барлығын жиын­тықтап, «тұжырымдық диагноз» қоямыз. Сол бойынша жұмыс істейміз. Осы арқылы ғана оны әлеуметтендіруге мүмкіндік туа­ды».

Сөз соңында маман бірқатар ақыл-кеңесін айтты. Сәби тілі­нің дұрыс қалыптаспауы, оның бірден жақсы сөйлей алмауы жас ата-аналарды жиі тол­ған­­­дыратыны рас қой. Бұл – асы­ғуды қажет етпейтін көп уа­қыт­­тық процесс. «Мұнда кел, сөй­леуді үйренеміз», деп бұй­рық беруге болмайды. Мұн­дай жағ­дайда бала қорқып, ішінен тұ­­йықталып алады екен.

– Қазақ «Баланы – жастан...» дейді. Сәби жүре бастаған шақтан шектен тыс еркелетпей, дамуы­на көңіл бөлген абзал. Ата-ана­лар­дың көбі үшін логопед мамандар «ғажайыптар иесі» болып кө­рінуі мүмкін. Бірақ ата-ананың көмегінсіз логопедтің жұмысы өрге баспайды. Бала логопедпен аптасына 2-3 рет қана кездесіп, небәрі 15-20 минут жұмыс жасайды. Әрине, бұл уақыт өте аз. Сондықтан тілді бекіту жұ­мыстарын, тапсырмаларды үйде әрдайым тия­нақты орындайтын болса, нәтиже аз уақыттың ішінде көрінер еді. Үйде орысша сөз­дерге құлағы үйренген бала сыртта ана тіліндегі сөздердің мән-мағынасын түсінбейді. Сон­дықтан үйде тек онымен ғана емес, өзара қазақша сөйлескен абзал. Неге десеңіз, бала еркін сөйлеу қабілетінен айырылады, бұдан тіл мүкістене бастайды, дыбысталуы ұқсас әріптерді ажырата алмай қалады. Міне, осы себепті жеткіншек есейгенше онымен тек бір тілде ғана сөйлесіп, оған қазақша жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер жаттатып, үйрету керек, – деп аяқтады әңгімесін Бейбігүл Аманжолқызы.

 

ПАВЛОДАР