Мұнайға тапшылық жоқ елде битумға деген мұқтаждық мәселесін шешу қажеттігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да айтылды. «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай», деген еді Мемлекет басшысы.
Битум тапшылығын болдырмауға Төлеби ауданында ашылған «КазахБитум» ЖШС-ның мұнай өнімдерін өңдеу зауытындағы үздіксіз полимерді модификациялау цехы өз септігін тигізбек. Киелітас ауылдық округі аумағында орналасқан зауыт жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 550 млн теңге. Цехта жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа өндіріледі.
Жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде кәсіпкерлік саласын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар Президент автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керегін айтқан болатын. 2025 жылға дейін жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бізде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар. Аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысын жандандыру арқылы облыста осы мәселені шешеміз. Бүгін іске қосылған полимерді модификациялау цехының маңызы жоғары», деді облыс әкімі.
Жол жұмыстарында кеңінен қолданылатын битумның бір ерекшелігі – ауа райының кез келген температурасына бейім. Жол төсенішінің біркелкілігін және түрлі деформацияланудан сақтайды. Полимерлі битумды пайдаланатын асфальтбетон қоспасы жолды тозып кетуден қорғайды. Цехта жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Айта кетелік, ауданда кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны – 7 882, бұл салада 16 699 адам жұмыспен қамтылған. Кіші және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан жеке азаматтарға 3 млрд 921 млн теңгенің несиесі берілді. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бойынша ауданнан 38 жоба қатысып, оның ішінен іріктеуден жалпы 10,0 млн теңгеге 2 жоба өткен. Жобалар жылдың соңына дейін «Даму» қоры арқылы қаржыландырылады. Сондай-ақ ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бірнеше мектеп салынады. Леңгірде – 1 500 орындық, Бірінші Мамыр елді мекенінде – 1 500, Достықта – 900, Көксәйек ауылында – 600, сондай-ақ Қосағашта 600 орынды жаңа мектептердің кұрылысы жоспарланып отыр. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 6 елді мекенде 6 жоба іске асырылуда. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 19 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аудан халқының 99,8%-ы ауыз сумен, 109 мың тұрғын табиғи газбен қамтылған. Леңгір қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы