Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВАМЕН әңгіме
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан тұп-тура жиырма жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде айтқан Еуразиялық одақ идеясына тұңғыш қолдау көрсеткендер негізінен Ресей мен Қазақстандағы қалың жұртшылық пен ғылыми қоғамдастық және шығармашылық өкілдері болды. Егер бүгінгі күні бұл идея нақтылы іс-қимылдардың егжей-тегжейлі бағдарламасына айналды деп есептесек оған зиялы қауымның да қосқан қомақты үлесін айтпай кету бері салғанда қиянат. Халқымыздың ұғымы мен түсінігінде игілік деген мәнді де мағыналы сөз бар. Бұған қатысты айтылатын нақылдар мен қағидаттар да жетерлік. Соның бірі – игіліктің ерте-кеші жоқ делінеді. Ендеше, Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесіне де осындай халықтық философия тұрғысынан келсек шындықтан алшақ кетпейміз. Бұл шын мәнінде ұлттық экономикалар үшін ғана емес, осы одаққа кіргелі отырған елдердің қарапайым тұрғындарына да игілік әкелуі тиіс. Бүгінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВАМЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді.
– Ақұштап апа, таяуда қол қойылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі ой-пікірді өзіңіздей қазақтың тамаша ақын қызының аузынан есту газет оқырмандары үшін қызықты да тартымды әрі қажетті болар деп ойлаймыз.
– Рахмет, қарағым. Бүгінгі кезде іргеңді қымтап, тас бүркеніп алып өмір сүру еш мүмкін болмай қалды ғой. Өмірдің мәні де, сәні де көршілермен аралас-құраластық екеніне көзіміз айқын жетіп келеді. Бұл о бастан тату-тәтті тіршілікті мұрат тұтқан, осы арқылы өзінің ырысы мен несібесін ешкімнен кем қылмаған халқымыздың қанында бұрыннан бар қасиеттер. Бүгінгі интеграция ұғымы бұрынғы халықтық дипломатия жөніндегі түсініктер мен дәстүрлерден қашыққа кете қоймайды. Экономикалық интеграция осы халықтық түсініктер мен қағидалардың бүгінгі заман талабына сай тереңдетілген, мазмұны мен мағынасы түбегейлі жаңғыртылған үлгісі мен түрі деуге де болады.
Бүгінгі интеграцияның мүмкіндіктері орасан мол. Бұл белгілі бір шектеулер мен бірқалыпты стандарттардың шеңберіне сыя алмайды. Иә, мұның өзі бізге бұрын-соңды берілмеген тың әрі жаңа мүмкіндіктер. Міне, қазір осыны толық іске асыру кезеңі де есік қағып тұр. Елбасымыз атап көрсеткендей, бұл біздің мемлекеттеріміздің қазіргі және болашақ буын азаматтарының алдындағы ортақ парызы. Егер бүгін біздің қоғам өзіне жүктелген осы парызды уақытында орындамаса, ертеңгі ұрпақ бұған кешіріммен қарай алатынына ешкім кепілдік бере алмайды.
– Сіздің ойыңызша еуразиялық мемлекеттер интеграциясы қарапайым адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін одан әрі жақсарту үшін нендей жақсылықтары мен игіліктерін әкелмек?
– Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ құрудағы басты мақсат елдер экономикасының серпінді дамуын қамтамасыз ету екендігі белгілі. Міне, осы түпқазықтан халықтың әл-ауқатын көтеру жөніндегі мәнді де маңызды мәселені еш бөлек, оқшау қарай алмаймыз. Бұл екеуі ұдайы бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып тұрған қоғамдық құндылықтар. Қане, осы мәселенің арғы әлеуметтік астарына көз жүгіртіп көрейікші. Нені байқар едік? КСРО тарағаннан кейінгі кезеңде ТМД құрамына кірген кейбір Орталық Азия елдері өздерінің стратегиялық даму жолдарын айқын белгілей алмағандықтан ондағы тұрғындар болмашы тиын-тебен үшін бұрынғы кеңестік кеңістіктің әр қиырына жұмыс, нәпақа іздеп тарыдай шашырап кеткені белгілі.
Әрбір отбасы үшін өмірдің қызығы да, бақыты да жатжұртта емес, өз еліңде, өз топырағыңда еңбек етіп, өмірдің қызығына кенелу емес пе. Осындай мүмкіндіктен айырылып қалу да бақытсыздықтың бір түрі екенімен келісетін шығарсыз. Шүкір, Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сындарлы кезеңнің өзінде мұндай көріністер кездескен жоқ. Әрі мұның өзін кездейсоқтық емес, заңды қоғамдық құбылыс деп қарастырғанымыз жөн. Өйткені, тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз енді қайтіп күн көреміз, алдағы бағыт-бағдарымыз қандай деген сауалға кезіккен жоқпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміз бұралаңсыз және түсініксіз қимылдарсыз, әлеуметтік сілкіністерсіз және ішкі жанжалдарсыз дамып келеді. Біз қашанда лайықты әріптес болып қалудамыз. Флюгер секілді өзіміздің сыртқы саяси басымдықтарын ауыстырмаймыз.
Қарапайым адамдардың тұрмыс деңгейін көтерудің басты кепілі шағын және орта бизнес құру. Сондай-ақ, бұл жалпы еуразиялық экономиканың да негізі. Еуразиялық одақ құру жолында небір күрделі сын-қатерлер де кездесетінін Мемлекет басшысы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған лекциясында ашық айтты. Оған төтеп бере білудің де басты жолы шағын және орта бизнес бола алады. Талас жоқ, табиғатында біздің қазақ халқы талантты да дарынды халық. Дегенмен кей кездерде ұстап қалатын жалқаулығы мен еріншектігі де бар. Бүгінде ниет қойған адамға жұмыс та, қызмет те табылады. Кәсіпкерлікті қолдау жөнінде мемлекет тарапынан белгіленген қолдаулар мен жеңілдіктер де жетерлік. Тек кез келген іске икемділік пен елгезектік таныта білсең болғаны. Осындай өміршең көзқарас орныққан жағдайда әрбір отандасымыз Еуразиялық экономикалық одақтың ғұмыры ұзақ болуына өз үлесін қоса алады.
– Жаңа тәуелсіздіктің қадір-қасиеті жөнінде жақсы мысалдар келтірдіңіз. Кейде ел ішінде аталған интеграциялық құрылым осы тәуелсіздіктің аспанына ала бұлт үйіреді екен-мыс деген алыпқашпа әңгімелер де естіліп қалып жүр. Бұған не дейсіз?
– Менің ойымша, бұл түбірімен қате түсінік. Жаңадан құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ тәуелсіздігіміздің баянды болуына ешқандай нұқсан келтірмейді дер едім. Керісінше, мұнда бірінші кезекте әр елдің ұлттық-мемлекеттік мүддесі тұрғанын айтқым келеді. Бұл тайға таңба басқандай айқын мәселе. Интеграцияға қатысушы елдердің ешқайсысына үстемдік пен озбырлық жүрмейді. Бұл бағытта олардың бәрінің құқықтары тең болуға тиіс. Еуразиялық одаққа мүше елдердің ішкі ісі мен мемлекеттік құрылым тәртібіне ешкім қол сұға алмайды деп санаймын. Әр халықтың өз құқы мен ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Оған құрметпен қарау ахуалы қалыптасатынына сенімім мол.
Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлының Еуразия халқы бәсекелестер емес, одақтастар деген түсінік-пайымында да нақты шындық бар екені анық. Ал одақтас болу деген ұғым қызғанушылықтан, күндестіктен және көреалмаушылықтан биік тұрған, керісінше, бір-біріне ұдайы ниеттес, тілектес болу қам-қарекетінен өрістейтін аса құнды қоғамдық игілік. Әрине бәсеке де керек. Алайда, оның арғы түкпірінде «өзімнің шығар тауым биік болсын» деген табиғи тілек тұрады. Мұны да түсінуге болады. Дегенмен, елдердің ортақ экономикалық мүдделері жағдайында мұндай өзімшілдік өзінен өзі ығысып, тең әріптестікке жол береді. Өйткені, ЕЭО-ның өзегін өзара сенім мен тең құқықтылық, ынтымақтастық пен одақтастық құрайды. Бұл құндылықтарды тек бүгінгі күнмен шектей салуға болмайды. Мұндай сабақтастық ұрпақтан ұрпаққа әрі қарай жалғаса беруін қалар едік. Тек сонда ғана бұл интеграциялық бірлестіктің аясы мен шеңбері одан әрі кеңейіп құлашын кеңге жая түседі.
– Тәуелсіздіктің басты бір нышаны – ұлттық валюта. Осы төл теңгемізге қауіп төндіріп қоятындар да кездеседі. Мұндай теріс пікірді тықпалайтындар Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қойылғаннан кейін ортақ қаржылық және валюталық кеңістік құру қажеттілігі туындайды да, теңгеміз өзінен өзі құрып кетеді екен деген қауіп айтады. Сіз мұндай алыпқашпа әңгімелерді естіген жоқсыз ба?
– Естімеппін. Ел іші болған соң әртүрлі әңгімелер айтыла береді ғой. Бұл сауалға қатысты айтарым, Еуразиялық одақ жөніндегі шарт талаптарында ортақ валютаны айналысқа енгізу мәселелері қарастырылмапты. Менің қолымдағы ресми дерек көздері осындай түйін жасауға негіз қалайды.
– Ақұштап Бақтыгерейқызы, әлем елдері экономикасының даму сатыларына көз салсақ, олар интеграциялық бірлестіктер арқылы алға қойған мақсаттарына жеткенін көреміз. Осындай интеграцияланған құрылымдардың бастауында Еуроодақ тұрғаны мәлім. Қалай ойлайсыз, өз уақыты келгенде Еуразиялық одақ Еуроодаққа балама бола алады деп есептейсіз бе?
– Бұған осы бастан бал ашып берудің қажеті бола қоймас. Бәрі де уақыттың еншісі мен төрелігінде емес пе. Бұл ретте ең алдымен одақтың геоэкономикалық және геосаяси сұлбасы айқындалуы керек деген ойдамын. Дәл осы арада жоғарыда айтылған бәсекелестік деген ұғымға басқа бір қырынан ой жүгіртудің реті келіп тұрғандай. Қазіргі бүкіл әлемге ортақ жаһандану жағдайы Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерге де үлкен міндеттер жүктейді. Осы тұрғыда олар экономикалық және өркениетті дамудың ортақ шешімі мен кілтін таба алған жағдайда ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алады. Сондықтан да бәсекелестікке қабілет мәселелерін алда құрылатын одақ жанашырлары осы бастан көтергені ерте болмайды.
Әлемдік экономикада, жоғарыда айтып өткенімдей, түрлі дағдарыстар мен күрделі құбылыстар болмай тұрмайды. Жаңа құрылатын одаққа осындай сыни жағдайлармен бетпе-бет келетін сәттер де кездесері кәміл. Бұл жөнінде Елбасымыз осы бастан елеулі ескерту жасауы тектен-тек емес. Кейде тәжірибесіздіктің өзі де мүлт кетуге әкеліп соқтырады. Сондықтан, дәл қазіргі күні бізді Еуроодаққа балама тұрғысындағы ойдан гөрі, оның бұған дейінгі іс-тәжірибесінен үйрену, сабақ алу қажеттілігі жөніндегі мәселе көбірек толғандырғаны жөн секілді.
Негізінен алғанда Еуропалық және Еуразиялық экономикалық одақтар бір-бірімен үндес, ыңғайлас деуге болады. Бұларды бір-бірінен ажыратып, бөліп қарастыруға, бір-бірімен салыстыруға болмайды деген ойдамын. Олар бірін-бірі қашықтатпай, керісінше, түсінісіп, жақындасып жатса тіптен ғанибет. Ал мұндай перспективаның болу мүмкіндігі жоғары. Бәріне де уақыт төреші деп отырғаным сондықтан.
– Еуразиялық интеграцияның негізінде оған мүше мемлекеттердің жиынтық экономикасының өсімін қамтамасыз ету мақсаты тұрғанымен бұл бірлестік әлеуметтік-гуманитарлық кеңістік құру жолымен жүзеге асатыны да белгілі болып отыр. Оның осы астарына ой жүгіртіп көрдіңіз бе?
– Иә, болашақ Еуразиялық одақтың қызметін құр, жалаң сауда-экономикалық және кедендік қызмет тұрғысынан қарастырсақ үстірттікке ұрынарымыз анық. Айталық, Қазақстанның да, Ресейдің де, Белоруссияның да өз тарихы, әдебиеті мен мәдениеті бар. Интеграциялық бірлестік мысалында осындай тарихи-рухани және мәдени байланыстарды орнықтырудың берері өте мол. Бұл Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер тұрғындарын одан әрі жақындастыра алатын құдіретті феномен. Мұның өзі Елбасымыз атап көрсеткендей, біздің халықтарымызға көпқырлы мемлекетаралық байланыстардың жаңа үлгісін құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әлеуметтік-гуманитарлық сипаттағы қарым-қатынастар белгілі бір елдің мәдениеті мен әдебиетіне және тарихына құрметпен қарау сезімін қалыптастыра алады.
Мұндай іс-қимылдың көріністері қазірдің өзінде жеткілікті. Бұған Ақжайық өңірінен де жарқын мысалдар келтіруге болады. Жоғары гуманитарлық және техникалық білім беру саласында Батыс Қазақстан мемлекеттік және Қазақстан ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен көршілес Ресей жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды жоғары бағалай аламын.
Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарға жан-жақты әрі ғылыми тұрғыдан терең ой жүгірту қажет деген ойдамын. Айталық, еуразиялық кеңістіктегі рухани-мәдени құндылықтардың сан алуандығы мен айрықша бітім-болмысы оған аса сақ, парасаттылық тұрғысынан қарауды қажетсінеді. Егер бұлай істей алмасақ аталған құндылықтарды өз қолымызбен жойып алуымыз әбден мүмкін. Кез келген елдегі мәдениеттің түп-төркінінде ұлттық түр мен мазмұн, елеулі елдік ерекшелік тұрады. Ал оның эрозиясына жол берер болсақ, мәдениеттер байланысы деп жүргеніміздің өзі әшейін құр бос сөз болып шығады. Егер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі мектептер мен жоғары оқу орындарында бір-бірінің тарихы мен тілін, әдебиеті мен мәдени мұраларын оқып-үйренуге көңіл аударылса – бұл интеграциялық бірлестіктің мазмұнын одан әрі байытады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін де көп этносты Қазақстан мемлекеті жағдайында тілдерді үйренуді күштеу және мәжбүрлеу жолымен емес, керісінше, еріктілік және ынталандыру жолымен жүргізу саясатын ұстанғандығы белгілі. Тілдерді үйренудің ең өркениетті, тәлімді де тағылымды, тәжірибеде өзін ақтай алған жолы да осы екені талассыз. Бұл бағытпен бүгінде қазақстандықтардың қалың тобы әжептәуір жетістіктерге жеткені де жағымды жайт. Елбасының Мәскеу университетінде сөйлеген сөзінде дәл осы үрдісті Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерге ұсынуы да олардың тарапынан қолдау таба алады деген сенімдемін. Міне, осының бәрі игілік емес пе?
– Ақұштап апа, ашылып айтқан әңгімеңіз үшін сізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.