Экономика • 09 Қараша, 2022

Газға неге жарымай отырмыз?

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізді одан әрі газдандырудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық маңызы зор. Алайда қазір газ саласында тапшылық тәуекелі туындап тұр. Осыған орай Үкіметтің биылғы 8 ақпанда болған кеңейтілген отырысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тауарлық және сұйытылған газды көбірек өндіруге қажетті жағдайдың бәрі бар екеніне қарамастан, теңдестірілген әрі коммерциялық тұрғыдан тартымды газ нарығын қалыптастыру міндеті шешілмей келе жатқанын сынаған болатын.

Газға неге жарымай отырмыз?

Шынында да, еліміз газ қоры бойынша әлемде – 22-ші, ТМД-да Ресей мен Түрікменстан­нан кейін­гі 3-орынды енші­леп отыр. Сондықтан да отандас­та­р­ы­мыздың көкейінде: «Газға баймыз, бірақ «көгілдір отынға» неге жарымаймыз?..» деген са­уал көптен жүр.

Энергетика министрлігінің ақпаратына қарағанда, Қазақ­станда өндірілетін газ, не­гі­зінен, ілеспе мұнай газы болып саналады. Оны ел игілігіне жарату ісі «қара алтын» өндіру көлеміне тәуелді. Әзірге өнді­ріл­ген газдың басым бөлігі қа­бат­тық қысымды ұстап тұру үшін кері айдалады және жер қойнауын пайдаланушылар­дың өз мұқтаждықтарына жұм­сала­­ды екен. Мұндай кемшін жағ­­дай газ өндіру ісін ынта­лан­дыру шара­ларының болмауына және өн­дірістік қуат­тар­дың жетіспеуіне байланыс­ты қалыптасқан. Энер­­гетика министрлігінің бас­шылары: «Қазақстандық газ өн­дірушілер өнім өндіру көле­мін арттыруға мүдделі емес. Өйт­кені газдың бағасы төмен. Олар шығынмен жұмыс істегілері кел­мейді» деген уәж де айтып келді. Сөйтіп, газдың 2030 жыл­ға дейінгі кезеңге арналған теңгерімі ая­сында бірқатар мұнай-газ-химия, электр энергетикасы, өнер­­кәсіп кәсіпорны ашыла­тын­­­дықтан, 2024 жылдан бас­тап тауарлық газ тапшылығы болады деп болжанып отыр.

Дегенмен енді бұл салада сең қозғалған секілді. Мемле­кет басшы­сының тапсырмасы­на сәйкес, Энер­гетика министр­лігі жер қойнауын пай­даланушы­лар­дан газды сатып алуды ын­та­лан­дыратын заңнамалық өзге­ріс­тер топтамасын әзірледі. Оны Үкімет мақұлдап, өткен мау­сым айында Парламент Мәжі­лісінің қарауына енгіз­ді.

Бұл өзгерістер газдың ресурс­тық базасын ұлғайтады және газ кен орындарының игерілуін тездетеді деген үміт бар. Мәселен, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға «ірі коммерциялық тұтынушы» және «цифр­лық майнингті жүзеге асыратын тұлға» деген жаңа ұғымдар һәм тұтыну­шылар­дың жаңа санаттары енгізілмекші. Мұның себебі мынада: газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор – «Qazaq Gaz» ұлттық компаниясы» АҚ 2014 жылдан бастап, ішкі нарықты әлемдегі ең төмен көтерме баға қойылған газбен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Ұлттық оператор сол бағаны ұстап тұру мақсатымен 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін, яғни 7 жыл ішінде 587 млрд теңгені субсидия ретінде жұмсаған. Мұндай жәрдемқаржыны қарапайым тұрғындар ғана емес, нарықтық бағаны қиналмай төлей алатын тұтынушылар да алып келді. Мысалы, «көгілдір отын» цифрлық майнингті жүзеге асыратын табысы мол заңды тұлғаларға да субсидияланатын төмен бағамен сатылады.

Бұған қоса, «Сарыарқа» магистрал­дық газ құбырын пайдалануға беруге және цифрлық майнингті жүзеге асыруға байланысты ішкі тұтыну жылдан-жылға ұлғайып, жаңа тұтынушыларды газбен жабдықтау қиындай түсті. Өйткені оларға газ беру осы өнімнің экспортқа шығарылатын көлемін ішкі нарықтың пайдасына қайта бөлу арқылы ғана мүмкін болды. Ал экспорттың қысқаруы экспорттық түсімнің азаюына және ішкі нарықты бағасы арзан газбен қамтамасыз етуден ұлттық оператордың шығындарының көбеюіне, сондай-ақ «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Азиялық Газ құбыры» ЖШС және «Бейнеу-Шымкент Газ құбыры» ЖШС сынды газ тасымалдау ұйымдары­ның кірістерінің төмендеуіне әкелді. Ал­дағы уақытта қолданыстағы заңнамаға енгізілетін өзгерістерге сәйкес газдың ірі коммерциялық тұтынушылары мен цифрлық майнингті жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін газдың көтерме коммерциялық бағасы бекітілетін болады. Бұл ұлттық оператордың шығын­дарын қысқартуға, сондай-ақ шын мұқ­таж тұтынушылар үшін газ бағасын қым­баттатпай ұстап тұруды жалғастыруға және елді одан әрі газдандыру жобаларын іске асыруға мүмкіндік бермек. Заң жобасында ірі коммерциялық тұтынушылар болып жылына 10 млн текше метр және одан көп көлемде тауарлық газды сатып алатын заңды тұлғалар саналады деп көрсетілген. Сондай-ақ қажеттілік туындаған жағдайда көрші елдерден, соның ішінде Ресей Федерациясынан өзара тиімді шарттармен газ импорттау мәселесі қарастырылмақшы.        

Айтпақшы, Ресей газының игілігін солтүстік өңірлердің ішінде тек Қостанай облысы тұрғындарының едәуір бөлігі жарты ғасырдан астам уақыт бойы көріп келеді. Олардың саны жылдан-жылға көбейіп, биылғы жылдың соңына дейін қостанайлықтардың 58 пайыздан астамы ресейлік «көгілдір отынды» пайдаланатын болады. Осы орайда көрші елден сатып алынатын бір мың текше метр газдың құны 33 114 теңге болғанымен, оның қостанайлықтар үшін көтерме бағасы 19 036 теңге мөлшерінде белгіленгенін айтқан жөн. Мұндай қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ұлттық оператор жылына 10 млрд теңгеге жуық зиян шегіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі қазір «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың екі нұсқасын қарастыру үстінде. Бірінші нұсқа бо­йынша «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының 2-ші және 3-ші кезеңдерін іске асыруға 188,5 млрд теңге қажет. Бұл жоба бойынша ұзындығы 482,8 шақырым «Астана – Көкшетау – Петропавл» магистралдық газ құбыры салынып, 282 елді мекеннің 877 мың тұрғыны қазақстандық табиғи газбен қамтамасыз етілуге тиіс. Екінші нұсқа – газды Ресей аумағынан әкелу. Осы мәселені қазір көршілес екі елдің бейінді министрліктерінің жұмыс топтары бірлесе талқылап жатыр. Әрине, бұл ретте Қазақстанмен салыстырғанда Ресейде газдың көтерме сауда бағасы әлдеқайда жоғары екенін ескеру керек. Мұның себебі Ресейдегі орташа жалақы (қазір 997 доллар) біздің елдегіден (684 доллар) айтарлықтай жоғары екендігінде. Сонымен қатар Қазақстан 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығына кіретінін де естен шығармаған жөн. Сол кезде республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бағалауына қарағанда, бір мың текше метр газ үшін баға 128,5 доллардан кем емес, яғни Қазақстандағы қазіргі бағадан 2 есе артық деңгейде қалыптасатын көрінеді. Сондықтан Ресейден газ импорттау жағдайында тұтынушылар үшін ықтимал тәуекелдерді осы бастан жан-жақты болжап, тиісті шараларды қабылдау қажет. Бұл ретте Үкімет Қостанай облысындағыдай субсидиялау тетігін қолданып, мемлекет қазынасына қолды молынан салғаннан гөрі өнді­рісті өрге бастырып, қазақстандықтар­дың орташа жалақысының деңгейін ресейліктермен теңестіруге күш салса, құба-құп.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Елді одан әрі газдандыру әдеттегідей қаржыландыруға келіп тірелетінін ескерсек, осы маңызды істің келешегі алаңдатарлықтай жағдайда болып шықты. Себебі Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдар берген өтінімдер негізінде 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға 226 млрд теңге қаржы бөлуді сұрағанымен, үш жыл ішінде небәрі 110,5 млрд теңге немесе қажеттіліктен екі есе аз қаржы бөлу қарастырылып отыр. Тіпті 2023 жылға арналған бюджетте 13,6 млрд теңге көлеміндегі бұрын қолға алынған 3 жобаны жалғастыруға және 4 жаңа жобаға қаражат көзделмеген екен. Олар – Қарағанды қаласының газ тарату желісі, Ұлытау облысы Жаңарқа ауданының Атасу кентінде автоматтандырылған газ тарату стансасы мен газ құбыры тармағын салу, Астана қаласын газдандырудың үшінші кезегі бойынша газ құбыры-бұру өтпелі жобалары және Жамбыл облысындағы 4 жаңа шағын жоба. Тек Парламент Сенаты депутаттары араласқан соң Жамбыл облысындағы 3 жаңа шағын жобаға – Т.Рысқұлов ауданындағы Шолақ-Қайыңды ауылына газ құбырын тартып, тарату желілерін салуға, Талас ауданындағы Қызылауыт және Ақкөл ауылдарында кварталішілік газ құбыры желілерін салуға 591,4 млн теңге іздестіріліп табылды.

Түйіндей айтқанда, елімізді одан әрі газдандыру, әсіресе тұрғындарының көпшілігі алты ай қыста үйлерін көмірмен жылытып, қара түтін жұтып жүрген солтүстік өңірлерге «көгілдір отын» жеткізу мәселесін тиянақты шешу – Үкіметке үлкен сын.

Соңғы жаңалықтар