Қазақстанға қарағанда Ұлыбританияның аталған жарыста жинаған тәжірибесі әлдеқайда зор екені айтпаса да түсінікті. Осы күнге дейін олардың бас жүлдеге қолы жетпегенімен, есесіне төрт рет финалда ойнады. Осы жайттың өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Тұманды Альбион елінің ең үздік ойыншысы Эмма Радукану бұл жарысқа қатыспады. Кейбір дерек көздеріне сенсек, былтыр АҚШ-тың ашық біріншілігінде айды аспанға шығарып, бас жүлдені олжалаған 19 жастағы теннисшінің жарақаты бар көрінеді. Сол себепті де Радукану биыл Билли Джин Кинг кубогінде өнер көрсетуден бас тартқан. Тұтастай алғанда, Эмма биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізді деп айта алмаймыз. Жеңісінен жеңілісі көп болды.
Ал Қазақстан құрамасы сапындағы әрбір ойыншы өздеріне артылған жауапкершілік жүгін анық сезінді. Шотландияға келген бетте команда капитаны Ярослава Шведова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазақстанның теннисшілері Билли Джин Кинг кубогінде тұңғыш рет қатысқалы отыр. Сол себепті де осы жарысқа тыңғылықты даярландық. Ұлттық командамыздың туы астына кіл мықтылар жиналды. Бізге тек жалғыз Зарина Диас қана жетіспей тұр. Ол әлі де ескі жарақатынан айыға алмай жүр. Әйтпегенде Заринаның осы турнирде ойнасам деген құлшынысы ерекше еді. Десек те басқа қыздарымыз бабында. Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева талай дүрмекте ысылған сақа ойыншылар екені өздеріңізге мәлім. Анна Данилина жұптық сайыстарда өзін өте жақсы қырынан көрсетіп жүр. Олардың қатарына Жібек Құламбаева қосылды. Ол да команданы күшейтеді деп ойлаймыз. Бір сөзбен айтсақ, осы жарыста барынша табысты өнер көрсетіп, елге абыроймен оралу үшін барымызды саламыз», деп ақтарыла сөйледі.
Алғашқы болып кортқа Юлия Путинцева мен Кэти Бултер шықты. 26 жастағы Лестердің тумасы бұл күндері WTA рейтингінде 124 орында тұр. Жерлесіміз үздіктер тізімінде 51 сатыға жайғасқан. Бұған дейін екеуі екі мәрте кездесіп, екі ретінде де Юлияның мысы басым болды. Десек те бұл жолы бірінші сетте Бултер Путинцеваны ұтып кетті. Бірақ бұл жағдай тәжірибелі теннисшінің жігерін жасыта алған жоқ. Одан кейін жинақы ойнаған Юлия қалған екі сетті өз пайдасына шешті. 2 сағат 10 минутқа созылған сайыс 4:6, 6:3, 6:2 есебімен аяқталды.
– Иә, мен ойынды өте сылбыр бастағанымды мойындаймын. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені, біз жаттығу жасаған корт пен жарыс өтіп жатқан корттың біраз айырмашылығы бар. Соған бейімделу үшін біраз уақыт кетті. Бірте-бірте ойыным жүре бастады. Ақыры жеңіске жетіп, команда қоржынына қажетті ұпайды салдым. Ең бастысы – осы! Ендігі үмітіміз – Елена Рыбакинада, – деп Юлия Путинцева өз ойымен бөлісті.
Келесі кездесу Елена Рыбакина мен Хэрриет Дарт арасында өтті. Лондонда дүниеге келген Хэрриет те 1996 жылдың тумасы. Әлемдік рейтингте ол 97 сатыға тұрақтаса, Елена 22 орынды иеленген. Еліміздің бірінші ракеткасы бұл бәсекеде қарсыласын бас көтертпей ұтты. Есеп – 6:1, 6:4. Одан кейін жұптық сайысты тамашаладық. Бұл кездесуде Рыбакина мен Анна Данилинаға сенім артылды. Олар Алисия Барнетт пен Оливия Никколстан 5:7, 3:6 есебімен ұтылып қалды. Соған қарамастан Қазақстан құрамасы тұсаукесер кездесуін жеңіспен аяқтады. Келесі кездесуін жерлестеріміз кеше Испания теннисшілерімен өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Билли Джин Кинг кубогі жолындағы жарыстың өзге топтарында мына командалар өзара шеберлік көрсетіп жатыр: А тобы – Швейцария, Канада және Италия. В тобы – Аустралия, Словакия және Бельгия. D тобы – Чехия, АҚШ және Польша. Әр топтың үздік командалары жартылай финалға жолдама алады. Ал аталған жарыстың жеңімпазы 13 қарашада анықталады.