Спорт • 10 Қараша, 2022

«Витязьге» әлі жетпеді

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын «Барыс» Астанада Подольскінің «Витязь» клубымен өткізді.

«Витязьге» әлі жетпеді

 

Биылғы маусымда ала-құла ойнап жүрген елордалық клуб тағы да өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Бұл жолы олар жарыс кестесінің бел ортасында келе жатқан «Витязьге» есе жіберді. Алма-кезек дамылсыз шабуылмен өткен бәсекенің 8-минутында Владислав Кара қонақтарды алға шығарды. Одан кейін жарты сағаттан аса уақыт бойы таблодағы есеп өзгерген жоқ. Есесіне үшінші кезеңде қос қақпаға екі-екі голдан соғылды. 41-минутта Кара дубльдің авторы атанса, көп ұзамай Аркадий Шестаков есеп айырмашылығын қысқартты. 49-минутта Александр Яремчук үшінші шайбаны қақпаға енгізді. 55-минутта Дінмұхамед Қайыржан нысананы дәл көздеп, жергілікті көрерменді қуантты. Бірақ одан әріге жерлестеріміздің әлі де, уақыты да жетпеді. Есеп – 2:3.

28 кездесуден кейін небәрі 25 ұпай жинаған «Барыс» қазіргі кезде тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 18-орынды қанағат тұтып отыр.