Спорт • 10 Қараша, 2022

Испанияға есе жібердік

179 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Глазгода өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің тұсаукесер кездесуінде Ұлыбританияны ұтқан жерлестеріміз кеше Испаниямен шеберлік байқасты. Шыны керек, сарапшылар бұл бәсекеде Қазақстан құрамасының жеңіске жететініне күмәнданған жоқ еді. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады.

Испанияға есе жібердік

Испания құрамасының атағы алысқа тараған. Кезінде олар Билли Джин Кинг кубогін бес мәрте олжалап, тағы алты рет финалда ойнады. Аталған жарыста қол жеткізген табысы жағынан Пиреней түбегі теннисшілерінің алдын орап тұрған үш мемлекет қана бар. Олар – АҚШ (18 жеңіс), Чехия (11 жеңіс) және Аустралия (7 жеңіс). Десек те кейінгі кездері испаниялықтардың шабысы біраз бәсеңдеп қалғаны байқалады. Олай деуге негіз, соңғы рет олар бас жүлдені сонау 1998 жылы олжаласа, финалға шық­пағандарына бақандай 14 жылдың жүзі болды және де әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Гарбинье Мугуруса Бланконың Шотландиядағы турнирге келмейтінін естігенде, кәдімгідей қуан­дық. Себебі ол – тым азулы қар­сылас. Мугуруса 2016 жылы Ролан Гаррос пен 2017 жылы Уимблдонда алдына жан салмай, 2021 жылы WTA-ның қо­рытынды турнирінде жеңіске жеткенін жан­күйер­лер жақсы біледі.

Сол кеште алғашқы болып кортқа Юлия Путинцева мен Нурия Парризас-Диас шықты. Испания өкілі бұрын-соңды халықаралық аренада елеулі табыс­тарға қол жеткізген емес. Биыл Нурия Мельбурнде өткен Аустралияның ашық біріншілігінің үшінші кезеңіне дейін жетті. Ең үздік нәтижесі осы. Оған қарағанда Юлияның бағындырған белес­тері әлдеқайда зор. Әлемдік рейтингте де жерлесіміз қарсыласынан 21 саты жоғары тұр. Сол себепті де 31 жастағы ардагер ойыншыдан айтарлықтай қауіп келеді деп еш ойламаған едік. Ал Парризас-Диас болса, ел намысы сынға түскен сәтте ширығып шыға келді. Алғашқы екі сетте таразы басы теңселіп тұрды. Біріншісінде Парризас-Диас басым түсті – 6:4. Екіншісінде Путинцеваның мысы басым болды – 6:2. Шешуші кезеңде екеуі де аянбай айқасты. Ойын тай-брейкке ұласты. Бұл ретте испаниялықтың бағы жанды – 7:6.

Ендігі бар үмітіміз Елена Рыбакинада еді. Бірден айта кетейік, ол өте азулы қарсыласқа тап болды. Тура төрт тәуліктен кейін 25 жасқа толғалы отыр­ған Паула Бадоса 2021 жылы Ролан Гарростың ширек финалына шық­са, 2022 жылы Аустралияның ашық бірін­шілігінің төртінші кезеңіне дейін жетті. WTA турнирлерінде үш мәрте топ жарды. Соның арқасында ол биыл көктемде әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілді. Қазіргі кезде Паула 13-орынды иеленуде. Жалпы, Бадоса мен Рыбакина өзара төрт мәрте шеберлік байқасып, соның үшеуінде алғашқысының асығы алшысынан түсті. Бұл жолы да испаниялық теннисшінің мерейі үстем болды. 2 сағат 05 минутқа созылған сайыс 6:2, 3:6, 6:4 есебімен аяқталды.

Жұптық сайыста Юлия Путинцева мен Анна Данилина Паула Бадоса мен Алена Большовадан 4:6, 2:6 есе­бімен жеңілді. Осы сәтсіздіктен кейін Қазақстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалды. Енді жартылай финал жолдамасы үшін Ұлыбритания мен Ис­пания құрамалары таласады. Ал Билли Джин Кинг кубогінің иегері 13 қарашада анықталады.