Медицина • 10 Қараша, 2022

Донор болу – жауапты іс

682 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Деректерге көз жүгіртсек, жаһандағы әрбір үшінші адам қанға мұқтаж көрі­неді. Жалпы, донорлық қанның жетіспейтіні туралы біраз жылдың бедерінде көптеген мәлімет тараған еді. Десе де, кейінгі уа­қытта хәл үстінде жатқан азаматтарға өмір сыйлауға құштар жандардың қара­сы көбейе түскені көңіл қуантады.

Донор болу – жауапты іс

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыстық қан орталығының басшысы Гулам Умаровтың айтуынша, адамдардың қан тапсыруы бір жағынан сауапты іс саналса, екінші жағынан азаматтың денсаулығы үшін де пайдасы мол екен. Қысқасы, донорлық қан тапсырған адам кісі баласына жақсылық жасап қана қоймай, өз денсаулығын жақсартуға да мүмкіндік алмақ.

«Бағамдап қарасақ, қан тапсыру – сауапты әрі жауапты іс. Бұл қадам донордың өзіне физиологиялық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да пайдалы. Егер еліміздің әрбір тұрғыны қан тапсыруды өзіне азаматтық парыз деп санаса, сан мыңдаған науқас ауруы­нан айығып, аяғына нық тұрар еді. Әрі қан тапсырған адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарады. Сонымен қатар организмі ны­ғайып, жүрек-қан тамыр жүйесі кеселдерінің профилактикасы қамтамасыз етіледі. Бәрінен бұрын қиналғанға қолұшын созудың моральдық пайдасы мол. Осы орайда БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы түсіндірме жұмыстары да кеңінен жүргізілуде. Сондай-ақ облыстағы мекеме-кә­сіп­­­орындарда акциялар ұйым­дастыру игі дәстүрге айналған. Биылғы маусым айында Тараз қаласындағы «Жастар» аллея­сында Дүниежүзілік қан доноры күніне орай ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. «Қан донорлығы – ынтымақтастық негізі. Донор болыңыз және адам өмірін сақтауға үлес қо­сыңыз» ұранымен өткен акция аясында шатырлар тігіліп, LED-экран арқылы тақырыптық бейнероликтер көрсетілді», дейді Г.Умаров.

Орталық басшысының айтуынша, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы, облыстық кәсіпкерлер палатасы және «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалы арасында үшжақты меморандумға қол қойылған. Сол арқылы да донор болуға ниетті азаматтардың қарасын арттыруға айрықша назар аударылып отыр.

Салаға көрсетілген қамқор­лықтың арқасында қан орта­лық­тарының материалдық-тех­никалық базасы нығая түсуде. Облыстық қан орталығы заман талабына сай еңселі ғимаратта қызмет көрсетуде. Бүгінде мекемеде 112 адам еңбек етеді. Кәсіпорын донорлық қан мен оның компоненттерін дайындаумен, өңдеумен, тексерумен, Жамбыл облысының барлық емдеу-профилактикалық ұйым­­­дарын қамтамасыз етумен, сондай-ақ техногендік жә­не табиғи сипаттағы төтен­ше жағдайлар кезінде қан ком­поненттерінің қорын құрумен айналысады.

Жылдық қуаттылық 15,0 мың литр қан мен оның ком­поненттерін әзірлеуге негіз­делген. Технология ілге­рі­леген сайын науқасқа донор­дан ті­келей қан құйылған күндер де келмеске кетті. Қа­зіргі таңда донордан алынған қан одан әрі көптеген компо­нентке бөлінеді және олар белгілі мақсатта қол­даны­ла­ды. Сондай-ақ қан ор­та­лы­ғында «Іnfo-Donor» бағ­дар­ламасы аясында қан қыз­метінің автоматтандырылған ақ­па­раттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Дайындаудың және тек­серудің барлық кезеңі ком­пьютерлік жүйеге енгізіліп, до­нордың келуінен бастап қан тап­сыруы, дайындалған қанды ауру­ханаларға беруге дейінгі үдеріс бақылауда. Осы орайда сандарды сөйлете кетсек, 2022 жылдың 9 айында барлығы 28 262 қан компоненті емдеу-про­филактикалық ұйымдарына берілді, жалпы 5 мың реципиентке құйылды.

Орталық басшысының сөзіне сүйенсек, өңірдегі қан тапсыруға ниетті азаматтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бірінші кезекте мамандардың жүргізген сапалы жұмысының нәтижесі болса, екіншіден, жергілікті халық та донор болудың қоғам үшін пайдасын түсінгенін айғақтай түссе керек.

 

Жамбыл облысы