«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға 2,6 трлн теңге бөлінеді. 2026 жылға қарай қалалар мен елді мекендерде кемінде 800 мың оқушы жаңа білім шаңырағында тәлім алады деп күтілуде. 2023-2025 жылдар аралығында ұлттық жоба үшін бюджеттен 2 606 596 055 мың теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішінде 646 535 206 мың теңге – Ұлттық қор қаражаты есебінен және 1 960 060 849 мың теңге республикалық бюджет есебінен игерілмек.
Кербұлақ ауданының Мәдеиет үйінде өткен жиында ине шаншар орын болған жоқ. Ауыл-ауылдардан жиналған мұғалімдер жаңа оқу жылындағы өзгерістерді министрдің өз аузынан естіді. Есеп беру кездесуі екі сағатқа созылды. Ведомство басшысы атқарылып жатқан жұмыстары жайында айтып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Ата-аналарды, әріптес мұғалімдерді, мектеп директорларын алаңдатқан мәселелер, яки мұғалімдердің сағат жүктемесі, директорлардың ротациясы, түлектерді жұмысқа орналастыру, мектептердің әлеуетін арттыру, колледж біліміне гранттарды бөлу тетігі туралы кеңінен баяндады.
«Бұған дейін мектептерде педагог-ассистент лауазымын енгізген едік. Бүгінгі таңда маман саны 1 500 адамнан асты. Балабақшаларда да тәрбиеші-ассистент қызметі енгізілу туралы нақты ұсыныстар қарастырылып жатыр», деді А.Аймағамбетов.
Есеп беру кездесуінен кейін министр Сарыөзек ауылындағы Күреңбел мектебі мен «Ай-Сана» балабақшасына барды. 900 орынға есептелген мектепте 875 бала оқып жатыр. Бірінші кезекте ол қауіпсіздік жұмысының қалай ұйымдастырылғанын, бейнебақылау камераларының және «дабыл түймелерінің» жұмысын бақылады. Тіпті дабыл түймесін басып, мектепке жедел жеткен полиция қызметкерлерімен де тілдесті. Оларға оқушылардың қауіпсіздігі өте маңызды екенін жеткізді.
Сонымен қатар оқу кабинеттерін, кітапхана мен асхананы да аралады. Ұстаздармен ашық сөйлесіп, санат беру, есептілік, ҰБТ өткізу мәселелерін талқылады. Жалпы білім беру нысандарын аралағанда анықталған ескертулер бойынша аудандық білім басқармасының басшысына оларды жоюға тапсырма берілді.
Жетісу облысы