Қоғам • 15 Қараша, 2022

Баспа тартуы

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Балапан» телеарнасының «Сиқырлы тас», «Әл-Фараби» мультисериалдары бойынша жергілікті «ASU» баспа үйі» шығарған бояу кітапшалар балаларға жол тартты.

Баспа тартуы

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Бұл кітапшалар осы салада ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан «ASU» баспа үйі» ЖШС мен «Балапан» телеарнасының арасында жасалған келісім шарт негізінде жарық көріп отыр.

«Қызылорда қаламгерлер қауымдас­тығы» ұйымдастырған тұсаукесерде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақ­тағанов отандық анимациялық фильм­дердің бояу кітапшаларын шығару бас­па тарапынан балалар жылы аясында бүлдіршіндерге жасалған үлкен сый бол­ғанын атап өтті. Облыс­тық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев балалардың ой көк­жиегін кеңейтіп, қиялын ұштайтын суретті кітапшалардың өскелең ұрпақ тәр­биесіндегі орнының ерекше еткендігін жеткізді.

«ASU» баспа үйі» ЖШС директоры Қасымхан Қадырбаевтың айтуынша «Ба­лапан» телеарнасы 10 шақты мульти­сериа­л ұсынған екен. Оның ішінде қазақ тіліне аударылған дүниелер де болыпты. Қазақ анимациясына қолдау білдіруді көздеген баспа «Балапан» студиясының тапсырысымен түсірілген осы екеуін таң­дап алған.

Әуелгіде 3D форматында «Дала ойындары» деген атаумен эфирге шыққан мульти­сериал кейінгі маусымда «Си­қыр­лы тас» болып өзгерді. Бірақ кейіп­керлері, желісі сақталып қалған туындыдағы бей­нелер балаларға әбден таныс. Ал оның бояу кітап­шасы алты жасқа дейінгі бала­ларға арналып шығарылды.

Одан үлкен балалар үшін 2D форматында түсірілген тарихи танымдық «Әл-Фараби» мультисериалы таңдалды. Мұнда әлемдегі екінші ойшыл саналған ғұламаның қанатты сөздерінің ішінен оқу-білімге, ғылымды сүюге шақырған ойлары ықшамдап енгізіліп отыр. Кітапшалардың әр бетіндегі QR код арқылы кез келген мультисериалды көруге болады.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушысы Ай­нұр Қарамұрзаева балаларға базарлық жасаған баспа ұжымына алғысын жет­кізді.

Жобаның көркемдік жетекшісі жер­гілікті суретші, дизайнер Қуаныш Ораз­баев суреттерді графикалық планшет ар­қылы салыпты. Ал техникалық редакторы кәсіби маман Бақытжан Салмырза.

 

ҚЫЗЫЛОРДА