Әдебиет • 16 Қараша, 2022

Екі жинақ оқырманға жол тартты

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Баймаханбет Ахметтің туған жері – Талас топырағында прозалық «Жадымдағы жаңғырықтар» және өлеңдерден құралған «Күбір» атты жинақтары жергілікті оқырман қауымға таныстырылды.

Екі жинақ оқырманға жол тартты

«Табиғаты өзгеше талант иесі» тақырыбындағы әдеби-сазды кешке ұласқан іс-шарада сөз алған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков жерлес ақынның шығармалары туралы ой қозғап, Баймаханбет Ахметтің кеудесіне «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Кейіннен аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, жазушы Елен Әлімжан, «Aulieata-Media» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекова бастаған қонақтар екі бірдей жинақтың тұсауын кесті.

Іс-шара барысында жергілікті қаламгерлер Байекеңе деген ықыластарын ыстық лебіздері арқылы жеткізіп, қаламгердің деніне саулық, қаламына қуат тіледі. Өз кезегінде кеш иесі «Елге сәлем» атты өлеңін оқып, жерлес­терінің қошеметіне бөленді.

Кейіннен сөз алған Б.Ахмет Мәдениет үйіне жиналған жұртшылық тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жан-жақты жауап беріп, кітаптың таныстырылымына келген қонақтарға, іс-шараны ұйымдастырған жергілікті атқарушы билікке деген ризашылығын жеткізді.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы