Сайлау • 20 Қараша, 2022

Әлем чемпионы жарыстан орала сала дауыс берді

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каратэден  Әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ақтөбе қаласының және Алға ауданының құрметті азаматы Әшім Қали отбасымен Ақтөбе қаласындағы Индустриальды колледж ғимаратында орналасқан №39 сайлау учаскесіне келіп дауыс берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлем чемпионы жарыстан орала сала дауыс берді

- Жекпе-жек түрлері бойынша Ресей Федерациясы Орел қаласында өткен Әлем чемпионатынан оралған бойым. Үйге келіп, бірден отбасымды ертіп президент сайлауына келдім. Сайлауға қатысып, өз дауысымды беру – азаматтық борышым.  Осы сайлаудан халқымыз үлкен үміт күтеді. Мен  Әділетті Қазақстанды құруға әрбір азамат үлес қосуы керек деп есептеймін. Әрбіріміз өз саламызда адал әрі шын ниетімізбен жұмыс істесек, қоғамды жақсы жағына қарай өзгерте аламыз.Менің жасым 60-та.  Спорттың жауынгерлік түрлері бойынша балаларды жаттықтырамын. Орел қаласындағы чемпионаттан  бірнеше  жас спортшы жүлдемен оралдық. Соған қатты қуаныштымын.  Біз Отанын сүйетін патриот жастарды тәрбиелеуіміз керек. Ақтөбедегі Жауынгерлік күрес түрлері федерациясында жастарымыз спорттың 26 түрі бойынша жаттығады. Жалпы еліңнің қадірін сыртқа барғанда сезесің, - дейді Әшім Қали.  

Индустриальды колледждің ғимаратында орналасқан №39 сайлау учаскесі  таңғы сағат 7.00-де ашылған. Ертеңгілік екі сағат ішінде 100-ге жуық сайлаушы  келіп дауыс берді.

- Көбінесе орта жастағылар белсенділік танытып жатыр. Жалпы осы учаскеде 1871 сайлаушы тіркелген, - дейді  №39 сайлау учаскесінің төрағасы Ақалтын Машан.

Айта кетейік, Ақтөбе облысынан 560 мың 819 сайлаушы  517 сайлау учаскесінде дауыс береді. Бүгінгі күні  3 мың 477 адам учаскелік сайлау комиссияларында жұмыс істеп жатыр.