Білім жүйесінің аса күрделі және жауапты сала екендігін, оны реформалауда қателіктер жіберілсе, бірнеше ұрпақтың тағдырына, мемлекетіміз бен ұлтымыздың тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне зиянын тигізуі мүмкін екенін білеміз. Сондықтан да білімнің сапасын арттыру үшін білім жүйесінде қысқа мерзім ішінде күрт өзгерістер жасаудың қауіпті де, қатерлі екенін әрқашан ескергеніміз жөн. Содан болар, еліміздегі білім жүйесін жаңғырту қазіргі өркениеттің өзгермелі сипатына, ғылыми жаңалықтарға, тез жетілдіріп өндіріске еніп жатқан жаңа технологияларға сәйкес дер кезінде жаңарып, жетіліп, бейімделіп келеді. Білім беру орындарының оқу-материалдық, кадрлық базасының моральдық та, материалдық та жағынан барынша жаңартылуы қажет-ақ.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері классикалық үлгідегі білім жүйесі жаңа инновацияға бағдарланған модельге ауыстырылып жатыр. Десе де, әлі күнге дейін нарық талабына сай білікті мамандарды даярлауда проблеманың бар екені жасырын емес. Бұған бірден-бір себеп – жоғары оқу орындарындағы материалдық-техникалық базаның тиісті деңгейде болмауы десек артық айтқанымыз емес.
Бұл ретте қазіргі таңдағы жаһандану мен индустрияландыру жағдайында экономиканың барлық саласы үшін кадрлар даярлау мәселелерін жақсарту еліміздің мемлекеттік саясатындағы өзекті міндеттердің бірі. Кадрлар даярлау жүйесін халықаралық талаптармен үйлесуі үшін әлі де тиісті жұмыстар атқаруымыз керек, оның ішінде цифрландыруға да айрықша назар аударуымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да цифрландырудың еңбек нарығындағы рөлін зерделеп айтты. Техникалық және кәсіптік білім беру мен оқытуды жаңғырту үдерісі цифрлық экономика мен цифрлық қоғамға көшудің жаһандық үдерістерінен туындап жатыр. Әлемдік экономикадағы, қоғамдағы үздіксіз өзгерістер жағдайында кадрлар даярлау жүйесін үнемі жаңғыртып отыру қажет, дәстүрлі форматтар ескірген. Өз кезегінде, өндірістің трансформациясы кадрлардың кәсіби дағдыларының өзекті болуын, заманауи құрылғыларда жұмыс істей алуын үнемі қажет етіп тұрады. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің реформалануы қоғамның демократиялық бағытта дами бастағанын көрсетеді. Бұл ретте білім беру ордаларының жаңа типті инновациялық бағытта жұмысын жалғастыруы жеке тұлғаны толық дамыту тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де білім сапасын арттырудың тың тетіктері қолға алынып, білім берудің жаңа моделі қалыптасып келеді. Білім ошағында стратегиялық HR жүйесін енгізіп, профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған онлайн-платформаны жетілдіру жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ әлеуметтік инклюзия мен қолайлы оқу шарттарын нығайту, цифрлық менеджмент пен «paper free university» (қағазсыз университет) жүйесі, т.б. өзекті іс-шаралар жетілдіріледі.
Иә, білім беру жүйесінің жаһандық сын-қатерлерін ескерсек, білім беру саласындағы ынтымақтастық пен мәдени алмасудың маңызы ерекше. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ макро деңгейде білім беру және ғылыми-инновациялық қызмет нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған даму бағдарламасын іске асырып жатыр. Біздің университет QS жаһандық рейтингінде әлемдегі ең үздік университеттер арасында 150-орында, сондай-ақ ұлттық және халықаралық рейтингтерде алдыңғы орындардан жиі көрінеді. Оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетін ескере отырып, Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті моделін құруға мүмкіндігі зор. Бүгінде университеттік білім берудің перспективалық моделі қалыптасуда: оқу орнында 500-ден астам білім беру бағдарламасы іске асырылуда, 137 білім беру бағдарламасы QS by Subject рейтингінде 500 тобына кірді. Әлемнің жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен стратегиялық әріптестік жүзеге асырылады. Қос диплом бағдарламалары, халықаралық жобалар, ОПҚ үшін тағылымдамалар және білім алушылардың академиялық ұтқырлығы табысты жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі жаңа Қазақстанға нық қадам басып, білім саласын жетілдіруге бағытталған баянды жобалар екені сөзсіз.
Бақыт СҰЛТАНОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент