Қазақстан • 22 Қараша, 2022

«Қаражорға» – қазақ биі

788 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде «Қаражорға» қазақ биі емес» деген теріс дақпырт тарап жүр. Айтушының уәжі: «моңғол биіне ұқсайды екен», «орыс-ағылшын ғалымдары ол туралы ештеңе айтпапты», «бидің үлгі, құрылымы да қазаққа келмейді...».

«Қаражорға» – қазақ биі

Қазір әлеуметтік желі әумесер ойларға жақсы алаң болды. Біреу алаңға тас лақтырады, біреу тезек лақтырады. Шамасы, әркім өзінде барын базарлайды. Жақсы ойдың інжуі де, іріңі де іштен шығады. Ми-жүйке арқылы бұйрық алатын ет жүрек өзінде бар әмірді орындамауға дәрменсіз. Ол пе­ріште сыбыры ма, әлде малғұн ойдың түртпегі ме, оны айырмайтындар көп. Сөйтіп, ауызға не келсе, соны күйсейді. Жай ғана күйсеп қоймайды, сасық демі барша тірлік ортақ тыныс алатын таза ауаны былғайды, тезегі жандылар жүретін ізгі жолдарға шашырайды. Былғау оңай, былғану оңай, тазару, тазарту қиын. Сондықтан да қазақ: «жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» дегенді нақыл еткен.

Қош, сөйтіп, сөзімізге тұздық болып отырған «Қаражорғаға» қайырылайық.

Ең әуелі тарихымыздың та­мыры тым тереңде екенін бі­луіміз керек.

Коммунизм, социализм сынды елестерді қуған соңғы ғасыр­лар мәдени белгілерімізді үш әліпби негізінде қарастырды: араб, латын және кирилл. Оған қа­жетті ғылымдық айғақты орыс, ағылшындардан ғана іздедік. Сөйтіп, тұман арасында есейген тұлдыр ойлылар, электр тоғы арқылы өмірге келген балапандар көбейді. Жай көбейген жоқ, өсті, «өркендеді», өз пәлсапасын шындыққа балады.

Алайда озық ойлы адамзат мәдениеті өз арнасын табудан алшақтамады. Тастар сөйледі, табыттар «бас көтерді», тарих өз баянына көше бастады. Түркі халықтарының жазба мәдениет тарихы ерте замандардан бастау алатындығы айқындалды. Біз білмейтін жұмбақ дүние тілге кел­ді. Бір емес, бірнеше әліпби ше­кесі көрінді. Соның ішінде көне түріктер өздерінің төлтума жазуын «түрік бітік» деп атады. Көне түрік бітігі бүгінгі түркі тек­тес этностардың байырғы ру­хани мәдениетінің куәсі әрі ортақ мирасының бірі еді. Сол тілмен, жазумен ел басқарудың ережесін жасап, оны өздерінің әкімшілік, дипломатиялық, рухани, діни қажеттіліктері үшін пайдаланғаны, өзіндік ой-өрісі, әлемі, мәдениеті болғаны, сол арқылы жалпақ жұртқа жарлық жүргізгені мағлұм болды.

Адамзаттың алғашқы басып өткен жолдарындай біздің бабаларымыз да өзіне беймәлім әлемді қасиетті, киелі санау ұғы­мынан ажырай алмады. Ежел­гі адамдардың діни көз­қа­растары мен сенімдері табиғат пен ата-баба аруағына табыну, тылсым әлеммен байланысу сынды сан түрде бейнеленді. Орхон-Енисей ескерткіштерінде жазылған көне түр­кілердің дүниетанымдық ұғы­мы бойынша, «Алдымен жо­ғарыда көк аспан, төменде қара жер, олардың ортасында түркілер пайда болды». Түркілер Тәңірін бәрінен биік қойды, тә­ңірлік сана үстемдік алды. Қазір де бізде сарқыншағы бар.

Сондай діни ғұрыптық бел­гілердің бізге жеткен көрнекті үлгісі – бақсылық дәстүр. Түркі-моңғол халықтарының рухани тарихында маңызды орын алатын бақсылық дәстүрдің тамыры терең, тарихы ұзақ.

Бақсылық дәстүрдің қалып­тасу кезеңіне байланысты Әлкей Марғұлан тастағы суреттерді зерт­теу барысында: «Орталық Қазақ­стандағы бір гравюра ерекше қызықты. Онда культтік сцена – құрбандыққа шалынар жыл­қылардың алдында ритуалды би билеп жүрген бақсы, аспан құдайларының бейнелері және билеп жүрген адамдар салынған. Бұл көрініс Орталық Қазақстан өңірінде бақсылық дәстүрдің ежелгі дәуірлерден бері келе жат­қанын көрсетеді және тастағы бұл суреттер мәдениетіміздің ең құнды мұраларының біріне жатады» деген еді.

Қазақ халқының дәстүрлі даму барысы, рухани өзектестігі сонау ғасырлардан бастау алып, мәдени және рухани жақтан ғұ­рыптық салттар бірізділікпен жал­ғасты.

Қытайдағы қазақ ғалымы Ясын Құмарұлы өз еңбектерінде ша­ман бақсыларының басына үкі тағып, денелеріне түрлі ша­шақты киім киіп, биге бас­қан көріністері Азияның теріс­тігіндегі жартас суреттерінде көп жолығатындығын, бұл сурет­тердің бүгінгі Қазақстанның аума­­ғынан да табылатындығын жазған еді. Ғалымның пайымынша Баянжүрек жартас суреттері мен Шынжаңның Бардақұл жар­тас суреттеріндегі осындай ша­мандық бейнелер осыдан 3500 жылдың (б.з.б. 2000-1500 ж) арғы жағындағы туынды деп бағаланған. Осындай жартас су­реттерінде бейнеленген бақ­сы образдары тек бақсылық киім киіп, жын шақырумен ғана тын­бастан, олар дабылын соғып немесе басқа күй аспаптарын шертіп, би билеп тұрғанымен ерек­шеленеді. Міне, бұдан біздің ата-бабаларымыздың ән-күйінің, әдебиеті мен би тарихының сонау алыста жатқандығын ұға­мыз.

Жартастағы билеп тұрған адам бейнесі хақында қытай ғалымы Су Бихай да өз еңбектерінде атап өтеді. Шынжаңның Құтыби ауданындағы Қызылқысаңдағы би билеп тұрған адам суреттеріне тоқталады.

Зерттеушілер қытай аумағын­дағы Алтай қаласындағы жартас суреттері ішінде Долатыдағы жартас суреттерінің біршама көр­некті екенін, онда – төрт түлік малдың, бұғы, арба және адам­дардың аң аулаған, мал баққан, би билеген көріністері мен түрлі таңба белгілері түсірілгенін тілге тиек етеді.

Жартастық айғақтар бірер ғасыр емес, түркі даласындағы бір­неше мыңжылдықтың ше­жіресі.

Бабалар ізі қалған бағзы ме­кендегі өнер іздерінің бүгінге там-тұмдап жеткен жарқын мы­­салын «Қаражорға» биінен қа­рас­­тыруға болады. Тарихи та­мыр­­ластық, сабақтастық тұр­ғы­­сынан қарағанда оның ұқсас­тық элементтерінің бір емес, бірнеше ұлтта көрініс табуы да қуанарлық жағдай. Айғақ бойын­ша айтқанда, түбі бір түркі халықтарына ортақ мұраның туысқан ұлттарда қазірге дейін сақталып келе жатқанына мысал көп.

Моңғолдар туралы айтқанда бізді алшақтатқаны ең бастысы – діндік, тілдік айырма ғана. Көшпенділер табиғатына тән көп дүниеміз қазірге дейін ұқсас­тығын сақтап келеді.

Тарихшы ғалымдардың қай-қайсысы болсын, түркі-моң­ғол, моңғол-түркі ұғымдарын бір-бірінен байланыссыз қарай алмайды. «Шыңғыс құрған мемлекет құрамына моңғол-түркінің әр­­түрлі тайпасы кірге­німен, өзара даму деңгейі бір, тілі ор­тақ болды. Мемле­кеттің мә­де­ни тұғыры мен әлеу­меттік құ­­­рылымы Көне Түрік қаға­нат­­тарының мұра­сын толық қа­­­­былдады». (Ар­тықбаев Ж., Қа­­­зақ­­стан тарихы, Астана: Фо­лиант, 2013. – 132 б.).

Моңғол-түркі дәуірінің алды-артындағы жер аты, кісі аты, киіз үй, мал атаулары бәрі де ортақ түркі тілінен сол қалпын бұз­бай кейінгіге қалған. «Моңғол адам­дарының есімі ретінде кез­десетін «Тұғырыл», «Білге», «Алтын» сияқты жекелеген көне тарихи сөздердің моңғол тіліне енуі ерте заманда орын алып, қатысты дәуірде бұл терминдер түркі және моңғол тілдерінің ортақ сөз қорында сақталып келген». (Ж.Ошан. «Керей хандығы қытай деректемелерінде» X-XIII ғасыр. Дайк-Пресс, 2014. – 62 б.).

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде қалмақтарды түрік нәсілді – «біздің қазақпен жақын тұқымдас ел» дей келіп: «Оның (қалмақтың – ред.) рулары – арғын, найман, қыпшақ, керей, меркіт, кан, мондус, ара, тотош, шапты, тоншон, алмат, кебек, қоду, пайлағас, айт­тас, құртты, сақал, телес, ай­дақ, қырғыз, союн, моңғол, сарт. Тілдері ескі түрікше, бірақ моң­ғолға көп қарағандықтан мағол тілі қосылған» дейді.

Бізде ортақ мұралар өте көп. Тіпті санап тауысу да мүмкін емес. «Қаражорға» биі соның біреуі ғана болса, екіншісі, көк бөрі ұғымы. Түркілер де, моң­ғолдар да өзінің шығу тарихын көк бөрімен байланыстырады. Атап айтқанда, бір ғана аңыздан бастау алады.

Бөріге табыну ең алдымен скиф-сақтарда пайда болды. Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал маңын мекендеген сақ тайпалары бөрі тотемінің құрметіне қатысушылары қасқыр бетпердемен, қасқыр терісін киген ат ой­ындарын ұйымдастырған. (Ге­­ро­дот. История. Москва, Ле­нинград, 1972. Кн. 4. С. 46).

Бұл дәстүр түркі-моңғол тайпаларында біздің заманымызға дейін сақталған. Қазақтарда, түрікмендерде, қырғыздарда бұл ойын көк бөрі (көкпар) атымен сақталған, қазақтарда бұл ойынның бір түрі қыз бөрі деп аталады. Бұл – көне сақтардың қасқыр бетпердемен, қасқыр терісімен ойнау дәстүрінің түр­ленуі (Кыз-боры – «волк-девка». Конные игры в киргизской степи. «Всемирная иллюстрация», 1875, №354; Потапов Л.П.Волк в старинных поверьях и приметах узбеков. КСИЭ. XXX. Москва, 1958. С. 137-138).

1980 жылдардан басталған Шыңжаң жеріндегі халық мұ­раларын қайтадан жинауға байланысты, халық ішіндегі билер де көптеп жиналды. Соның ішінде қазақ халқының өзіне ғана тән: «Аю биі», «Қара жорға биі», «Ор­теке биі» (қуыршақ биі), «Көк түйме биі», «Шешеке биі», «Аққу биі» секілді төл билеріміз қағазға түскен еді.

Бидің шығу тарихына зер салғанда, қытай жазбаларында мынадай деректер кездеседі. «Қытайдың Таң дәуіріндегі «Шыңжаң билері» деген кітап­тың 2-том, 310-бетінде: «Таң хан­дығы дәуірінде «Жылқы биі, тост күйі» атты музыка бол­ған. Хан, Таң патшалығы ке­зінде Орта Қытайға батыс өңір­лерден көптеген жылқы кіргі­зіледі. Осыған байланыс­ты Таң дәуірінде Шынжаңда «Жылқы биі» көп таралды, – деп жазылған». Сол кітапта тағы да: «Таң патшалығының жа­ңа тарихы» деген кітаптың шы­­ғыс тармағынан үзінді кел­тіре келіп: «ол кездегі музыка ас­паптарынан сыбызғы, барабан, көп түтікті сыбызғы, били, та­бақты қоңырау болса, билерден «Жылан», «Арыстан», «Жылқы», «Арқан» билері бар еді. Осыдан барып, қырғыздар арасында «Жылқы биі» таралған. Қазір Шынжаңның жер-жерінде «Жылқы биі» кеңінен ойналып жүр. Мәселен, Іле, Алтайдағы қазақтар мен Тасқорғандағы тәжік, Атұштағы қырғыздар арасында «Жылқы биі» таралған. Қазақ халқына жаппай таныс «Қаражорға» осы жылқы биінің дамыған, басқа нұсқасы деген межелер бар. «Қаражорға» биі басқа ұлттарда бар болғанымен олардың биленуі қазақ биінен ішінара ұқсамастықтарымен ғана өзгешеленеді.

Қазақ биін зерттеуші қытай ғалымы Уаң Жиячың «Алтай аясы» журналының 2001 жылғы 3-санында жарияланған «Қазақ би өнерінің келу қайнары және басты ерекшелігі» атты мақа­ласында «Қаражорға» биі туралы ойларын былай жеткізеді: «Көшпенді шаруашылықпен шұғылданған қазақ ұлты үшін ат олардың қанаты. Мейлі мал баққанда, көшкенде, жүргенде, соғыста болсын аттан айырыла алмайды. Олар жылқы киесі «Қамбар ата» деп, бір мезет жылқыны тотем тұтқан. Қазір Алтай аймағының Қаба ауданында «Шұбарайғыр» деген ру бар. Қазақтың халық биі «Қаражорға» Еуропа, Азия­дағы қазақтар шоғырлы қоныс­танған аумақтарға кеңінен та­ралған. Қазақ халқының биінде көшпелілер тұрмысының әр­түрлі ерекшеліктері сіңіріліп, ой-сезімі, қуанышы мен қайғысы бейнеленген».

Зерттеуші Уаң Жиячың өзі куә болған бақсылар биі туралы айта келіп: «...Алтай аймағы Көктоғай ауданының Таңбалытас деген жерінде қызыл тастан ойы­лып сызылған топтық би схемасы бар. Бірінші топ суретте: бес адам қатарымен тізілген. Сол жақтағы бірінші адам басына үш тал қауырсын, үшінші адам екі тал қауырсын, соңғы біреуі қысқа үш тал қауырсын таққан. Бес адамның иықтары бір сызықтың бойында болып, аяқтары ашыл­ған. Екінші топ суретте: бес адам дөңгеленіп орналасқан болып, ішіндегі бірінші тұрғаны басына екі қауырсын тағып, аяғын айқастырып, білегін 45° түсірген. Бұл суретте ертедегі шаман ді­ніне сенгендердің топтасып би­леп мінәжат еткенін көруге болады», дейді.

1951 жылы қазанда Қытайдың орталығы Бейжің қаласында қазақ өнерпазы Меңжамалдың биін тамашалаған Қытай төрағасы Мау Зыдұң қатты тебіреніп, жанында отырған ақын Лю Иаузыға уаншиша ырғағымен өлең жазуды тапсырады. Әрі өзі де ерекше әсерленіп жыр жазады. Демек «бес мың жылдық мәдениет тарихымыз бар» деп қарайтын бір миллиард қытай халқының төрағасы Мау Зыдұңды орнынан тұрғызып, жыр жазғызған қазақ биінің құдіреті.

Шынжаңнан шыққан Қымбат Айдарқызы, Анар Сүйінбайқызы, Нағима Тайырқызы сияқты әй­гілі бишілердің қай-қайсысы да «Қаражорғадан» қара жаяу болған жоқ. Тәуелсіздіктен кейін Отанына оралған қандастардан – Арыстан Тосынұлы, Жамали Диханұлы және тағы басқалар осы биді отандық өнерге сіңіруге өз үлестерін қосты.

Демек «Қаражорға» биі­нің туу, даму барысы арғы кезең­дерден бастау алады. Бидің аты да өзі айтып тұрғандай – көшпелі түркілер өмірінің қанаты да, санаты да болған жылқы түлігімен байланысты екені анық.

Би қимылы әуелі ат үстінде, одан соң ерден еппен секіріп түскен жігіттің көңіл толқыны арқылы бейнеленеді. Былайша қарағанда, аңнан олжалы оралған немесе жауын жайратып келген жас жігіт киіз үйдің сыртынан дауыс беріп, сағынған жарын шақырады. Әуелі қара арғымағын, жорғасын тайпалтып ат үстінде, соңында жерге түсіп билейді. Үйден шыққан жары да қуанышты биге қосылады. Би әрекетінде қыз бен жігіттің бетпе-бет келіп билейтін тұстары сағынышты көңіл күй мен терең махабатты, бір-біріне шөлі қанбай қараған іңкәрлікті бейнелесе, бір-біріне жауырынын шалқалай жақындатып (кейде тиістіріп), оң-сол иықтарынан жарына бұрыла қараған сәттері тіпті де ғажап. Жауынгер ұлдың шексіз махаббаты мен нәзік жүрегі, бірін-бірі аңсаған екі жастың ғашықтық сезімдері бәр-бәрі сиып тұр. Бидің ендігі бір кезегінде жігіт тізерлей отыра қалып, денесін оңға, солға тол­ғайды. Тізесін бүккен күйі шалқалап жатып биді жал­ғас­тырады. Дәл осы сәтте жігіт­тің жас қалыңдығы немесе жары оның алдына келіп билейді. Жігіт оны аспандағы айға балап, күн салып қараған бейне танытады. Қыз болса гүлді айналған көбелек бейнесіне еніп, жігітті айнала билейді.

Мұнда жас батырдың ерлігі мен ептілігі, екі жастың махаббаты, дала көшпелілеріне тән ұлттық бояу менмұндалап тұр. Бидің ендігі бір ерекшелігі – жор­ға жүрісті, жеңіл ырғақты болып келетіндігі. Қара арғымағын жорғалатып келген жігіт өзі де жор­ғалаған қимылмен биге басады. Жорғаның бір сыны – буындар жүрісіне ерекше ырық бермей, барынша майда, жұмсақ, иілгіштік бейнемен әрекеттену болса, би құ­рылымында бишіге де сондай та­лаптар қойылады. Былайша айт­қанда, төбесіне қойылған ке­се­дегі қымызды төгіп алмайтындай ептілікпен, шебер билеу керек.

Бидің осыншама мол құді­ретін сезіне алмау немесе түсін­беу көрсоқырлық болар еді. Ұлт­тың қанымен келетін көп қасиет бар десек, «Қаражорғаны» билегенде кез келген қазақтың де­лебесі қозады. Өзінің түп төр­кі­ніне жақын екенін айтпай-ақ се­зінеді. Ал бойында қан мен на­мысы жоқ адамға «өгіздің құла­­ғы­на домбыра шерткенмен» бірдей.

Біздің жоғарыдағы би құры­лымы туралы баянымыз қытай қазақтары арқылы жалпыласқан, қазіргі «Қаражорғаны» меңзейді. Мүмкін арғы жағында «Күн Құ­дайы» немесе «Аспан Тәңі­рі» алдында билеген жартас суреттеріндегі ескілікті елес, тай­палық тарих жатқан шығар. Қалайда көнеден жеткен халық­тық биі екенінде еш шүбә жоқ.

Біз түркі даласын ақтарып қаншама қазынамызға жолықтық. Әлі де болса түгендеу үстіндеміз. Ұлтқа керекті құндылықтар бұ­дан кейін де жинала береді. Бар дүниені бар деп бағамдап қана қалмастан, ескі жұрттағы қолам­таны көсесек, талай асылымызды табамыз. Сол үшін де барымызды бағамдап, жоғы­мызды түгендеп, «қой асығы де­мей-ақ» қолға түссе сақа көре­міз. Жоқтың табылғанына, жыр­тықтың жамалғанына қуана­мыз. Ғасырлар қатпарынан тауып алған «Қаражорғаны» өзі­міздікі емес деп сыртқа тепсек, ол тек­сіздік көрінісі. Баба көзін, бала болшағын сыйласақ, ұлт құнды­лық­­тарын ұлықтай білуіміз керек.

Талассыз шындық: «Қара­жорға» – түркілік кезеңді басып бізге жеткен төлшең өнердің төл мұрасы. Қаны қайнаған, бояуы жайнаған нағыз қазақ биі!

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

жазушы

 

АСТАНА