Қоғам • 23 Қараша, 2022

Ата-аналар өтініші жерде қалмайды

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бауыр еті баласына ата-анадан артық кім қамқор бола алады? Өмірдің бар жақсы­сын баласына көрсеткісі келетін ата-аналар өтініші кейінгі жылдары жерде қалып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту аясында мемлекеттік тапсырыстарды мектеп формасын сатып алуға бағыттау тапсырмасы сөзімізге тұздық. Бүгінде аталған жобаға сәйкес арнайы цифрлы платформаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Ата-аналар өтініші жерде қалмайды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аз қамтылған отбасыларға қаржылық және мате­риал­дық көмек көрсету қағидалары бойынша цифрлық платформаны енгізу мәселелері талқыланды.

Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың басшылығымен өткен кеңесте жобаны іске қосу мәселелері қарастырылып, қанат­қақты жобаны алдымен Астана қаласында, кейін еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланды.

«Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы ата-аналарға белгілі бір дүкендерде мектеп формасын сатып алуға кепілхат беру мәсе­лесі қарастырылуда. Сондай-ақ отандық тауар өнді­рушілерге мектеп формасын сату үшін жеңілдікті шарттармен сауда нүктелері ұсынылғаны жөн. Осыған байланысты отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру қажет. Басты талаптардың бірі – ұлттық стандарттарға сәйкес өнім өндірісін анықтау», деп атап өтті І.Оспанов.

Жоба нәтижесінде бюджет қаражатын нысаналы мақсатта жұмсаудың ашықтығы қамтамасыз етілетіндігі, сондай-ақ мектеп формасын шығару бағытындағы отандық өндіріс көлемін арттыруға ықпал жасалатыны шынында қуанышты жайт. Аз қамтылған отбасыларға қаржылық және мате­риалдық көмек көрсету қағидалары аясында киім, аяқкиім, мектеп керек-жарақтарын сатып алуға көмек ата-аналардың өтінішіне сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде ақшалай берілетінін атап өткен жөн.

Әрине, әр баланың қатарынан қалмай өсуіне барынша жағдай жасау, мейлінше көңіл бөлу – қай ата-ананың болсын мерейін асырары сөзсіз. «Бақыт деген – менің бала күндерім» деп Мұқағали жырлағандай, балалық шақ әркімнің жадында тек қызықты да бақытты сәттерімен есте қалуға тиіс.