Медицина • 23 Қараша, 2022

Оңалту орталығындағы орайлы істер

354 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде балаларды оңалту орталықтарына сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Қазір бірнеше өңірде балаларды оңалту орталықтары ашылса, онда көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға да баса мән берілуде. Бірақ ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар перзентін қолдан келсе, елордадағы University Medical Center корпоративтік қорының Балаларды оңалту ұлттық орталығына апаруды құп көреді. Біз аталған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысуға барғанда осыған көз жеткіздік.

Оңалту орталығындағы орайлы істер

Медициналық оңалту стацио­нарлық нысанында МӘМС бойын­ша және ақылы негізде консуль­тациялық-диагностикалық кө­мек көрсетіледі. Сонымен қа­тар орталықта медициналық оңал­ту, әлеуметтік бейімдеу, психоло­гия­лық-педагогикалық түзету сынды кешенді мультидисциплинарлы оңалту қызметі қолжетімді. Заманға сай озық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған кли­никалық орталықтың халықаралық сапа стандарттарына сай көмек көрсетуге әлеуеті жетеді.

Орталықтағы дәрігерлер оңал­тудың инновациялық әдісте­рін кеңінен қолданады. Мысалы, динамикалық проприоцептивті тү­зету әдістері, биологиялық кері байланыс кабинеттері сұраныс­қа ие. Сол секілді мұнда постуро­графия және тұрақтандыру, кесу, «Диспорт», «Локомат» аппа­ра­тындағы роботтандырылған кинезотерапия, Экзоскелет, Cosmos тренажерімен қоса Armeo spring және Hand Tutor тренажері бар.

– «Локомат» бұлшық еттің есте сақтауын күшейтеді. Жұ­лын зақымданғанда, бас жарыл­ғанда, инсульт және басқа да ауыр жарақаттан кейін осы Щвей­цариядан келген аппараттың мүмкіндігін пайдалануға болады. Осы аппаратың құны қазір шамамен 200 млн теңге. Мұндай аппараттар Алматы, Ақтөбеде бар, бізге Швейцариядан келген. Германиядан алған кардио­реабилитацияға арналған Cosmos тренажерінің де пайдасы көп. Бір қызығы, бұл құрылғы ел бо­йынша бізде ғана бар. Айта бер­сек, балалардың қимыл-әреке­тіне көмектесетін, қол, саусақ қи­мыл­датуға арналған құралдар да бар, – дейді UMC КҚ Ұлттық балаларды оңалту орталығы директоры­ның ғылыми және клиникалық жұ­мыстар жөңіндегі орынбасары, жоғары санатты невролог-дәрігер Жолтай Дәрібаев.

Иә, балалардың еркін жүріп-тұруына пайдасы көл-көсір құ­рыл­ғылар көп. Соның ішінде Қазақстан халқына қорынан 13 балаға, яғни жүре пайда болған науқастарға экзоскелет құралы беріледі. Бүгінде осындай 4 аппаратты үлестірсе, қалғаны қаңтар айында кезекте тұрған балалар­ға тегін беріледі. Қуантарлығы, құны 8 млн теңге болатын экзоскелет елімізде өндіріледі. Сол үшін де бағасы көрші елдерге қарағанда арзан. Орталыққа квота арқылы облыстық денсау­лық сақтау басқармаларынан жолдама алған науқас балалар 25 күн тиісті ем-шара қабылдай­ды. Себебі біріншіден, бала 20 күннен соң жалығып, шаршайды, екіншіден, тізімде кезек күткен басқа да балалардың жағдайын қаперден шығармау керек. Әри­не, орталықта машықтанған балалар одан әрі өз өңіріндегі орта­лықтарда ем-шарасын жал­ғаса болады. Осылайша, 300 орын­дық орталыққа еліміздің барлық өңірінен және республикалық маңызы бар қалалардан жыл са­йын 4 200 адам ем қабылдайды. Ал елде ерекше балалар 90 мыңға шамалас. Демек, мүмкіндігі мол осындай орталықтарды өзге де өңірлерде ашу қажет.

– Біздіңше, жалғыз осы орта­лыққа қарап, кезек күтіп отыр­ғанымыз жарамайды. Елдің әр аймағынан осындай орталықтар ашу керек деп ойлаймын. Ден­саулық сақтау басқармалары арқылы кезекпен келген науқастарды қа­былдап, барынша көмек көрсе­тудеміз. Тағы бір айта кететін жайт, орталықтағы кезекті жыл­дамдатуға біз араласа алмаймыз. Сондықтан «жылдап кезек күттік» деген сипаттағы шағымдардың бізге қатысы жоқ. Бұл оңалту орталығында орын жетпейді деген сөз. Соның өзінде 15 жылда біздің орталықта 61 мыңнан астам бала емделді. Ал биыл жыл басынан МӘМС аясында 2 950 науқас бала ем-шара қабылдаса, ауруханаға жатқызу жоспары 98,3 пайызға орындалды. Пациенттердің 93 пайызы өңірлерлерден келгенін де ескергеніміз жөн, – дейді денсаулық сақтау саласының үздігі Жолтай Рахымбекұлы.

Дәрігерлер орталыққа келе­тін­дердің дені бас, жұлын жарақа­тын алғандар, инсульт, минингит, ­уланып қалған, сөйлеу қабілеті нашар, психикалық даму қабілеті тежелген балалар екенін айтады. Кейінгі 5 жылда халықтың сұранысымен аутизмге, даунға және құлағы естімейтіндерге арнап қосымша 30 орын дайындаған. Өйткені аталған диагнозбен келген науқастарды тегін емдей­тін орталықтар елде жоқ. Жеке орталықтар ақылы.

Жолтай Дәрібаев бір елге халықаралық талаптарға сай бір орталық аздық ететінін айтады. Дәрігер церебралды салдану, яғни туғаннан ауыратын балалардың да орталыққа жиі қайырылатынан жеткізді. Қиыны сол, мұндай диагнозбен келгендер 18 жасқа дейін орталықта ем­деліп, одан әрі қайда барарын біл­мей дел-сал күйге түседі. Аутизмге шалдыққандар жылдан-жылға көбейіп келеді. Алайда мүмкіндігі мол орталық аутизммен сырқаттанғандар­дың төсектік орнын арттырып, бас­қаларын азайта алмайды.

Орталықты аралап жүрген сәт­те кенет «тұсауымды кескен аға емессіз бе?», деп дәрігердің алдына түсіп қолын ұсынған бала саулық сұрады. Көп ұзамай, баланың анасы да келген соң, әңгімеге тарттық.

– Баламыз балалардың сал ауруы­ның гиперкинезикалық форма деген түрімен сырқаттанған. Икемсіздеу еді. Бір жас үш айдан асқанда Алланың қалауымен аяғын басты. Сонда Жолтай дәрі­гер тұсауын кескен еді. Үнемі кел­генде балама тұсауын кескен аға­сын көрсететінмін. Осындай орта­лықтар ашылып, ерекше балаларға қолдау көрсетілсін. Балаларымыз ауырмасын. Содан бері міне, орталыққа төртінші мәрте келіп тұрмыз, – деді Алматы облысынан келген Жанна Қасымова.

Бірі білсе бірі білмес, бірақ орталықта әлеуметтік бейімдеу­ден кейін бұрын-соңды үйден шық­паған балалар ән айтып, би билеуді үйреніп қабілеті ашылады екен. Әрине, дәрігерлер туабітті, тұ­қым қуалайтын ауруларды барынша алдын алуға жәрдемдесуден қашпайды. Бірақ туғанда сау болып, оқыстан жарақат, инсульт алған балаларды барынша жылдам қабылдауға тырысып бағады. Өйткені олар сырқаттың же­дел кезеңінен өткеннен кейін, созылмалы кезеңде жедел емделіп, одан әрі шипажайларға барса аяғынан тұрып кетуге мүмкіндігі мол. Тұңғыш Президент қоры­ның қолдауымен 2021 жылы өңір­лер­де 8 оңалту орталығы ашылса, биыл 13 орталық пайдалануға бе­ріліпті. Мұндағы методикалық орталықта медицина мамандары курстан өтіп, тағы бір қосымша мамандықты меңгеруде. Демек, өңірдегі балаларға арналған оңал­ту орталықтары жаңа ғимарат­пен қоса, білікті мамандармен қамтылуда.