Ашық чемпионат Абу-Дабиде өтті. Аталған додаға әлемнің түкпір-түкпірінен бес мыңнан астам спортшы қатысты. Бұл додада біздің жас балуандардың да бағы жанды. Сол байрақты бәсекеде джиу-джитсуден Аңсар Несіпқали мойнына алтын тақса, Кабир Әлімханов күміспен күптелді. Ал Айат Маманов қола медальды қанжығасына байлап қайтты.
5-сынып оқушысы Аңсар Несіпқали мұндай ауқымдағы чемпионатқа бірінші рет қатысып отырған жоқ. Ол жеңіске жететіне еш күмәнданбаған. Жас спортшы өткен жылы Мәскеуде де өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан табылған еді.
«Мен джиу-джитсумен төртінші жыл айналысамын. Түрлі жарыстарда бақ сынап, өзімді көрсеттім. Бұл додада бес жекпе-жек өткіздім. Менің бәсекелестерім Әзербайжан, Иран, БАӘ елдерінен келген джитсерлер болды. Бәрін де жеңіп, алтын медальға қол жеткіздім», дейді А. Несіпқали.
Оның жан досы 4-сынып оқушысы Кабир Әлімханов екінші орынды місе тұтса да, әлі талай жеңіске жетеріне сенімді. Халықаралық чемпионатқа алғаш рет қатысып отырған ол, үздік үштіктен көрінудің өзі үлкен жетістік екенін жеткізді.
«Мен ұмытылмас эмоцияларды бастан өткердім. Осы жеңісімді, қуанышымды анама арнаймын. Бізді дайындаған бапкерлеріме үлкен алғысымды айтамын. Қатты тырыстым, келесі жылы бұдан да жақсы нәтиже көрсетемін деген үміттемін», дейді К. Әлімханов.
Ал мойнына қола тағып, жетісулықтарды желпінткен Айат болса сәл дайындықтың аздау болғанын жасырмады. Ол да келер жылы әнұранымызды шырқатуға асық.
«Біздің оқушылардың халықаралық аренадағы өнері қазірдің өзінде үлкен жетістік деп есептеймін. Әріптесім Ернұр Нұрмұханов екеуміз барынша үздік нәтижеге ұмтыламыз. Сондықтан джиу-джитсуден мектептегі дайындықпен қатар, балалар аптасына екі рет қаланың спорт секцияларында жаттығады. Бұл чемпионатта біздің жасөспірім жігіттер тәжірибе мен болашақ жеңістерге мотивация алды», дейді жаттықтырушы Айдос Дүйсентаев.
Назарбаев зияткерлік мектебінің джиу-джитсу үйірмесі 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде талай оқушы халықаралық, республикалық жарыстарда чемпион атанды. Жарқын мысал ретінде «Astana Open» халықаралық грэпплинг турнирінің жеңімпаздары атанған Ернар Өмірзақов пен Владимир Канды айтуға болады.
Жетісу облысы