Қоғам • 25 Қараша, 2022

Биыл 7 мыңнан астам азамат баспанаға ие болады

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы жылдың 10 айында елімізде 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл туралы Парламент Сенатында өткізілген Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 7 мыңнан астам азамат баспанаға ие болады

Мәселен, қолға алынған тұрғын үй саясаты арқылы 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспанамен қамтылады. Сонымен қатар «Отбасы» банкі арқылы өңірлерде кезекте тұрғандарға арналып 9,8 мың кредиттік тұрғын үй салынып жатыр.

Бұдан басқа кезекте тұрған 6,1 мың адамға 2%-дық мөлшерлеме бойынша, сондай-ақ кезегін күтіп отырған тағы 7,8 мың азаматқа 5%-дық мөлшерлемемен зайымдық қаражатты ұсыну арқылы мемлекеттік қолдауды көрсетіп, жекеменшік тұрғын үй қорында жалға берілетін пәтердің тұрғын үй төлемдерін өтеу көзделген.

Вице-министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар мен азаматтардың баспана алу мәселелері шешіліп жатқанына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж жандардың қатары ұлғайып келеді.

Қазір әкімдіктерде кезекте тұрғандардың көрсеткіші 623 мың адамға жетіп, оның ішінде 400 мыңнан астамы әлеуметтік осал топқа кіретін азамат саналады.

Жыл сайын кезектілік орта есеппен 50 мың адамға ұлғайып келеді. Кезектіліктің артуы бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп, әлеуметтік тұрғын үй салу мен осы бағытта жеңілдетілген несиелеуді арттыру үшін қомақты инвестицияларды талап етіп отыр. Осыған байланысты министрлік тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлеп, қазір ол Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

Аталған реформаның аясында есепке алу және кезекке қою жөніндегі тәсілдерді өзгертіп, сондай-ақ табыстың көлеміне байланысты мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру көзделген.

Тың тетік жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға қатысты мәліметті «Отбасы» банкіне беруді қарастырады. Осы арқылы әкімдіктерде есепке қою тәртібі тоқтатылады. Жаңадан құрылған Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының базасына қандай да бір санатқа қарамастан кейінгі 10 жылда баспанаға мұқтаж барлық азамат есепке алынады.

Осы бағытта құзырлы орган отбасылардың цифрлы карталарын және Smart Data Ukimet ақпараттық жүйелерін пайдаланып, кезекте тұрғандардың табысын, несиелерін және жылжымайтын мүлікке талдау жүргізу бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сонымен бірге Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен тиісті жұмысты бекітіп, қолға алды.

Тұрғын үй саясатын дамытудағы тағы бір маңызды бағыт – ауылды жерлердегі баспана құрылысын ынталандыру тетігі саналады. Салынған тұрғын үй пайдалануға берілген соң жұмыс берушілердің шығындарын баспана алаңының 50% көлеміне байланысты субсидиялау көзделіп отыр.

Жылжымайтын мүлік 5 жылдық еңбек шарты бар қызметкерлерге беріледі.

Тың деректерге сүйенсек, өңірлерде барлығы 2 855 (76 ауданда) тұрғын үй құрылысын бастау межеленген. Атаулы көмек түрінде жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алуға тоқталсақ, министрлік осы қолдауға үмітті азаматтар үшін бағдарламадағы тұрғын үй төлемдерін тағайындауды 17-ден 12-ге дейін азайтып, оңтайландырды. Бұған қоса Электронды цифрлы қолтаңбаны қою кезінде өтініш берушінің дербес деректерін тексеріп, өңдеуге және төлемдерді алуға келісім берудің бірыңғай рәсімі бекітіледі.

Бұдан бөлек өтініш берушінің табысынан зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу алынып тасталады.

Отырыс соңында вице-министр қабылданып жатқан шаралар халықтың басым бөлігінің баспана алу мәселесін шешіп, жұмыс орындарын сақтай отыра экономика мен кәсіпкерлікті дамытуға оң әсерін тигізетінін жеткізді.