Аймақтар • 30 Қараша, 2022

Қарағанды құшақ жаяды

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Демографиялық дисбалансқа, аймақтардың арасындағы тепе-теңдікке ден қойған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының ұғынғанға ұлт үшін мәні аса зор. Ұлтқа қатысты осындай ұлы мақсатты көздеген жобаның іске асу мерзімі – 2025 жылға дейін. Жоба мемлекет тарапынан оңтүстіктен солтүстікке өз қалауымен тұрғындардың көшіп келуіне жағдай жасайды.

Қарағанды құшақ жаяды

Солтүстікке, орталыққа ке­ле­­мін деушілерді қолдап, кө­ші­ріп әкелуге мемлекет са­қадай сай. Олардың үйі да­йын, жұмысы әзір. Мамандығы жоқ болса, оқытуға тағы мүм­кін­дік бар. Бұдан бөлек, көші-қонның шығыны толық өтеледі. Әр отбасының жан басына 70 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде көтерме ақы төленеді. Қарағанды облысы 2020 жылдан бері көшіп келушілерді қабылдайтын өңір қатарына кірді. Ал қай ай­мақ­тағы ағайын Қарағандыға қарай ат ары­туға әзір ме? Қа­ра­ғанды, Ал­маты, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қы­зыл­орда облыстарынан, сондай-ақ Ал­маты, Шымкент, Астана қа­лаларынан келемін дегендер­ге құшағын жайып отыр. Бұл әншейін әдеттегі көші-қон емес. Оның астарында ертеңгі күні­мізге қам жеген саясат бар, білгенге...

Нұра ауданының Қайнар ауылына Шымкенттен көшіп келген шаңыраққа қазіргі таңда ауылдағы «Қайнар» ЖШС арнайы үй салып жатыр. Ауыл әкімі Азамат Садықовтың айтуынша, отбасыға үй салынып біткенше 2 млн 800 мың теңгеге баспана сатып алынған.

– Ерлі-зайыпты Бауыржан Шамшидинов пен Мәдина Дарбаева маусым айында көшіп келді. Мәдинаның ма­ман­дығы – терапевт дәрігер. Бүгінде ауылдағы аурухананың бас дәрігері. Жолдасы – Бауыржанды «Қайнар» ЖШС жұмысқа алды. Отбасына келген бетте 1 млн теңге көтерме төленсе, «Қайнар» ЖШС үй салып жатыр. Баспана құрылысы жаңа жылға дейін аяқталады, – дейді Қайнар ауылының әкімі А.Садықов.

Мәдина Оразалықызының медицинадағы өтілі 15 жыл екен. Денсаулығы сыр берген соң Қарағанды өңіріне көшіп келуге бел байлаған.

– Денсаулығыма да байланысты көшуге тура келді. Мүм­кін климатты ауыстырсақ, оңалар деген үміт те болды, – дейді Мәдина. Дегенмен шырайлы Шымкентіне елегіз­ген көңілі де сыр беріп қалды.

Ал Нұра қарашаның соңына дейін Алматы облысынан тағы бір шаңырақты күтіп отыр. Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Ермекованың айтуынша, ол отбасында 6 адам бар. Бағдарлама арқылы отбасының әр жанына 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасалып, егер отбасы үйді жалдайтын болса, оның жалдау ақысы, ком­му­нал­дық қызмет төлемі толық өтеледі.

Облыстың өзге аудандары да осында қарай көш басын бұрған ағайынды қарсы алуға әзір. Мысалы, бағдарлама арқылы тамыз айында Ақтоғай ауданына Алматы қаласынан, Алматы, Жамбыл облыстарынан бірнеше шаңырақ көшіп келіп, Айыртас ауылына қоныс­танбақ.

Алматыдан келген Жанат Сәметованың мамандығы – медбике. 10 жыл өтілі бар. Қазір Айыртастың медпунктінде мамандығы бойынша еңбек етіп келеді.

– Өзім Қызылорда облысы­ның тумасымын. Бірақ Алма­тыда жұмыс істедім. Қараған­дыны таңдау себебім – облыс өзге өңірлерге қарағанда Қызылордаға жақындау. Сон­дықтан Павлодар секілді өзге қалаларға бармадым. Айыр­тас­қа келген соң үй, қызмет берді. Бәрі ойдағыдай, – дейді Жанат Сәметова.

Ендігі мәселе – осы келу­ші­лердің Арқа жерін жатсын­бай, судай сіңіп, тастай батып кетуінде. Бұл да ұлттық жобаның жемісін беруіне кедергі келтіретін кілтипан еке­нін айтпасқа амал жоқ. Со­ңына жалтақтап, алаң­да­ған­дар да іле-шала кері көшіп кететіні жасырын емес. Ондайда бюджеттен шыққан шығынның бәрін өтейді. Мұндағы проблема – қаражатта емес. Тереңірек үңілсек, аталған көштің ұлттық саясаттағы салмағы таразы таба­ғын төңкерердей ауыр.

 

Қарағанды облысы