Экология • 07 Желтоқсан, 2022

Алматының ауасы

646 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алматы ауасының ластануын анықтау үшін арнайы құрыл­ғының да қажеті жоқ. Түтіннен көз ашпай тұрған шаһар тек қалың жаңбырдан кейін ғана Алатау дейтін көркем таудың ете­гінде жайғасқанын көре алады. Табиғат сұлулығы санаулы сағаттан кейін қайта түтін­мен тұмшаланады. Қала эколо­гия­сының әбден нашарлауы­нан халықтың денсаулығы сыр беріп, тыныс-өкпе жолда­ры кесел­дерінің көрсеткіші кө­теріліп тұр.

Алматының ауасы

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР

Қазір Қазақстан қоршаған орта­ға көмірқышқыл газын шығару бо­йынша 221 елдің ішінде 20-орынға шықты. Жан басына шаққанда ал­ғашқы ондықта жүр. Алматыда қа­зір күніне 700 мыңнан астам автокө­лік жүретіндігі жайлы ресми де­рек бар. Бұл – ресми дерек. Ұлттық ста­тис­тика бюросының дерегінше, қа­лада ­508 мың көлік ресми тіркелсе, оның ­сыртында шамамен 250 мың автокөлік жақын аудандар мен ауыл­дардан кіреді. Соңғы 10-15 жыл­дан бері өзгермей келе жатқан осы мәлі­метпен бүгінде көлікпен дітте­ген же­ріңізге дер кезінде жету мұң еке­нін айтсақ, нақты жағдай мен статис­ти­каның сәйкеспейтінін көреміз.

Таңертең мыңдаған машина қалаға кіре алмай, кешке шыға алмай, түтіні будақтап тұрғанына тұрғындардың еті үйреніп кеткен сияқты. Дегенмен бұл экономикалық, медицина­лық, экологиялық мәселелердің қорда­лануына алып келді. Осы мәселе Президенттің Алматыға сапарын­да да айтылды. Бұл туралы таяу күнде­рі кезекті рет Парламент Мәжілісі­нің пленарлық отырысында депутат Зәкір­жан Күзиев арнайы депутат­­тық сауал жолдап, Алматының эколо­гиясы мен көліктен шығатын көмір­қышқыл газының шамадан тыс артуына қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы облысының әкімдігінің атқарып жатқан жұмыс­тарының есебін сұрады.

«Ертеңгі және кешкі кепте­ліс­терден Қонаев, Талғар, жоғарғы және төменгі Қаскелең бағыты бойын­ша көлік кептелісі әлі күнге дейін ше­ші­мін таппай отыр. Көліктен шы­ға­тын газ – Алматы ауасының лас­та­нуына басты себеп. Урбанист ма­мандар қала тәулігіне 700 мың авто­көлікті қабылдауға қауқарсыз деп дабыл қағады. Енді қарапайым ариф­метикаға салсақ, шаһарға кіре­тін әр автокөлік төрт адамнан алып келгенде, қаланың өз тұрғындарынан басқа тәулігіне 1 млн-ға жуық адам кіріп-шығады екен. Бұл қаланың инфрақұрлымы мен еңбек нарығы үшін айтарлықтай салмақ. Алматы әлемдегі экологиясы нашар 100 қа­ла­ның ішінде 5-орынға жайғасқан. Былтыр «Қазгидромет» Алматыда ластаушы заттардың шекті рұқсат етіл­ген концентрациясынан 367 есе көп екенін анықтаған», деді З.Күзиев.

Биыл Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы экология проблемасына ерекше тоқталғанына алматылықтар елең ете қалғаны белгілі. Бұл мәселені шешу үшін метро, LRT, BRT және Қаскелең, Қонаев, Талғар бағыттарына электрлі пойыз жүргізу мәселесін төтесіне қойғанына қуанды.

Президент Алматы сапарында жол-көлік жүйесіне, сағаттарға со­зылған көлік кептелектері азамат­тар­дың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен эко­логиясына да айтарлықтай зиян кел­тіріп жатқанына ерекше тоқталды. Президенттің «Қоғамдық көліктер­дің тартымдылығын дәйек­ті түрде арт­тыра отырып, жеке көлік­терді пай­далануды азайту жайын ойлас­тыру керек. Ол үшін метро же­лі­сін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келті­ретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көше­лерінде дизельді автобустар қал­мауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Алматыда оны табыс­ты дамытудың мол тәжірибесі бар. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды және 4 ішкі негізгі көше салу қажет», деген сөзі алматылықтарға дем беріп отыр.

Осы орайда Алматы мен Қонаев қалалары арасында электр пойызы­ның қозғалысы қайта қалпына кел­ге­німен, оның жылдамдығы мен тиім­ділігінде түйткіл бар екені байқалып отыр. Жолай көлікпен 30-40 минутта жететін жерге бұл пойыз екі сағатта келеді... Егер біз үшін ең қымбат дү­ние – уақыт екендігін айтсақ, бұл да шешімі міндетті түрде табуға тиіс.

Мемлекет басшысынан бастап бүкіл құзырлы мекемелер жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тонна­ға жуықтайтынын да біліп отыр. Ауа­ны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр стансалары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлер ластайтыны, мегаполис­те ауаның таза болуына тығыз әрі рет­сіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұрғаны бұған дейін де талай көтерілді.

Мемлекет басшысы әкімдікке өнер­кәсіп кәсіпорындарының эко­логиялық қауіпсіздік нормаларын сақ­тауын қатаң қадағалауды тап­сырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орта­лықтарын газға көшіру арқылы ­зиян­ды қалдық­тар­ды он еседен астам тө­мендету­ге болатынын ұсынды. Бұл мәселе алға жылжыды деп айтуға болады. Осы уақыт­қа дейін ЖЭО-2 ауаның ласта­нуына 20-27% «үлес қосып» келген еді. Енді Алматы ЖЭО-2 газға көшірілетін болды. Осы­ған дейін Алматы ЖЭО-2 жаң­ғыр­­тудың төрт түрлі жобасы ұсы­ныл­са, басымдық газбен жұмыс істей­тін жаңа станса салуға берілді. ЖЭО-2 газдандырудың сметалық құ­ны – шамамен 324 млрд теңге. Жұм­салатын қаржының 20 пайызы «Самұ­рық-Энергоның» ішкі ресурс­тарынан бөлінсе, қалған 80 па­йызын Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі мен Қазақстан даму банкі синдикаттық жолмен қар­жы­ландырмақ.

Қ.Тоқаев Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 млн ағаш отырғызу жос­пар­­ланып отырғанын атаған-ды. Бұл істе де ілгерілеу бар. Күз айла­­рын­да қаланың жасыл желек қорын байыту үшін бірқатар жұмыс атқа­рылды. Оның ішінде Алматы­­ның халықаралық авиациялық коды ALA бейнесінде 3,36 гектарды алып жатқан аумаққа биіктігі 2 метрдей ­болатын қылқан жапырақты арша­ның ­2 500 түп көшеті отырғызылды. Бі­рақ қоғам белсенділері мен демеушілер тарапынан жүріп жатқан бұл бастама­лар Алматы экологиясына қатысты түйткілді толайым шеше алмайды.

Қысқасы, сауалдан сауал туындатып отырған мәселелерді санамалайтын болсақ, бұл төмендегідей болып шығар еді. Біріншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі бұл мәселені шешуге жылдар бойы неге қауқарсыз болды? Енді Президент берген тапсырмалар бойынша нақты қандай жоспарлар бар? Алматыға жақын орналасқан аудан орталықтарына ұзақтығы 100 шақырым радиуста «электрлі по­йыз»­ жүргізуге не кедергі? Екіншіден, Алма­тыда ластану концентрациясы тек­ше метріне 500 микрограмға жеткен. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандартынан 15 есе жоғары. Ол автокөліктегі бензол, алкилбензол, фенолдар және бензинде кездеседі. Қалада қоршаған ортаға тарайтын лас қалдықтар көлемі жылына 135 мың тоннадан төмендемей отыр. Ал халық Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бұл апаттың алдын алу үшін нақты қандай шаралар қолданаты­нын білгісі келеді. Үшіншіден, қала билігі ауаның ластануын басты проблема деп тануы керек. Экология белсенділері шынайы статистикалар айтылмайды деп жүр. Қазіргі уақытта ластанудың қауіпті деңгейі туралы халықты хабардар ету жүйесі жоқ. Ауа сапасы туралы ақпараттар халыққа күнбе-күн ауа райы туралы мәліметтерімен қоса берілуі керек деп есептейміз. Төртіншіден, бүгінде қала аумағында 3 мың үй газға қо­сыл­маған деген дерек бар. Бұдан да бөлек Қаскелең, Талғар бағытында от жағатын үйлер өте көп. Осы бағыттан жел соқса, түтін Алматыға тарайды. Қала маңындағы ауылдарға газ кіргізу құны қымбат. Қазіргі таңда тұтынушы үшін орташа баға 350-500 мың теңгеден түспей тұр. Осыған орай Алматы облысының әкімдігі тұтынушыларға нақты қандай көмек көрсете алады?

Егер осы арада дәл 1 желтоқсан күні Алматы маңындағы Панфилов ауылдық округі, Талғар ауданының Тұздыбастау, Белбұлақ сияқты ауыл­дарының газсыз қалғанын және газ кіргізудің қарапайым тұрғындардың қалтасы үшін қымбат және кезекке тұруды қажет екенін ескерсек, мәселе айқындала түседі. Мұндай оқиғалар облысқа қарасты, бірақ Алматының «ауылдары» атанған Қарасай ауданына да таңсық емес. Мегаполистің түтініне түтін қосып отырған да айналасындағы елді ме­кендер. Газға қосылмаған үйлер қо­лына түскен отынды, тіпті қара тү­тіні будақтаған, денсаулыққа да, эко­логияға да аса зиянды көлік шинала­рын жағады. Бұл жерде халықтың санасы мен жауапкершілігін оятатын бақылау, насихат, айыппұл амалдары мәселенің басқа қырларын қозғайды.

Алматының ауасын адам тұрғы­сыз етіп отырған ескі көліктердің түтіні ме, әлде ЖЭО-2 ме деген сұ­рақ­қа қала­ның экс-әкімі бірнеше жыл бұрын ғана «Көмір жағатын жеке сектор мәселесін оңай реттеу­ге болады. ЖЭО-2 мен автокөлік мә­се­лесіне келсек, бірінші кезекте ЖЭО-2 мәселесін шешкен дұрыс. Сонда қайсысы көбірек ластағаны анықталады», дегені есімізде.

Ал депутат З.Күзиев бірінші ке­­зекте Алматының ауасын лас­тап отырған автокөліктер екені дә­лел­денгенін айта келе: «Көліктер атмос­фера құрамындағы зиянды заттардың 65 пайызын таратады. Бұдан келетін зиянды қалдықтар мәселесін тез арада шешу керек. Қа­зақстанда қыруар қаражат бөлініп жүр­гізілетін экологиялық мониторинг те, бюджет есебінен салынатын экологиялық тексеру бекеттері, олардың саны қазір Алматыда 19-ға жеткен, жүргізушілерге салына­тын айыппұлдар да мәселені шеш­пейтініне көз жеткенін мойындау керек. Енді жаңа бастамалар мен жүйелі жұмыс керек», деді.

Қалай десек те, қала билігі шаһар­ды түтіннен арылту үшін нақты атқа­рылып жатқан іс-шаралар жөнінде ұдайы есеп беруі алматылықтардың мүд­десіне сай деп есептейміз.

 

АЛМАТЫ