Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін ауызға алсақ, оңтүстік өңірдің арғы-бергі күллі тарихы еске түседі. Оқу орны ашылғанға дейінгі ахуал, ашылған жылдар жай-жағдайы. Өйткені оқу орны – Оңтүстік өңірдегі ағарту саласының қарашаңырағы саналатын кәделі орда. Институттың ағарту саласының алтын тұғырына айналғалы қаншама уақыт?! Оқу орнының түлектері түлеп ұшып, сан қиырдың туын көтеріп, алауын жағып келе жатқалы сексен бес жыл. Бұл оқу орнының түлектерін Қазақстанның іші түгілі, тысынан да еркін табуға, молынан кездестіруге болады. Қасымыздағы тамыры бір Өзбекстан, алыс туыс Алтай өңірінен де, Ресейдің түкпір-түкпірінен де табуға болады біздің түлектерді.
Белгілі бір өңірде жоғары оқу орнын ашу бір күн, бір ай, бір жылдың шаруасы емес. Оған қоғам өмірінің өсу, алға жылжуы, демографиялық, әлеуметтік факторлар әсер етеді. 1920 жылдан Орынбор –Қазақ советтік автономиясының, Ташкент – Түркістан советтік республикасының астанасы болғаны көзіқарақты жұртқа мәлім. Астанада қазақ мектептері, орта және жоғары оқу орындары біртіндеп ашылып, қатарға тұрары тағы да түсінікті. Ағарту саласының оңтүстіктегі қарашаңырағы осындай астаналарда ашылып, қызметін ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары бастаған ілкі тәжірибелермен рухани сабақтасады. Ташкентте жиырмасыншы жылдары «Қырғыз-қазақ ағарту институты» қызметін бастайды. Қызметкерлерінің кейбірі кейін біздің оқу орнында еңбек еткенін ескерсек, пікіріміз дәйектеле түседі. Бұған 1937 жылы мұғалімдер институты болып ашылған оқу орнымыздың тұңғыш басшысы Семен Германович Шейнессонның 1920 жылдары Орынборда «совпарт мектебін», «Жұмысшы факультетін» (рабфак) ұйымдастырған эмигрант болғанын, аталған оқу орындарын бірінші басшы болып басқарғанын қосыңыз. Ол жөнінде Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» мемуарында бірсыпыра әңгімелейді. Қазақ музейі, кітапхана ісінің тарихи бастауында орынборлық жазушы, этнограф В.Дальдің тұратыны секілді, біздің оқу орнымыздың алғашқы басшысы Семен Германович Шейнессон институттың ғана емес, жалпы қазақ ағартуы саласының басында тұрған белгілі тұлға. Ташкенттегі қырғыз-қазақ институтында ара-тұра сабақ беретін, жампоз жазушы Жүсіпбек Аймауытов бірсыпыра жыл Шымкентте тұрып, педагогикалық техникумды ұйымдастырып, басқарғаны тарихтан белгілі. Түркістан республикасының үні – «Ақ жол» газетімен шығармашылық тығыз байланыста еңбек еткен жазушының «Ақбілек» романынан тартып, татымды туындылары Шымкент шаһарында, Пушкин көшесі 9-үйде, аталған техникумның қабырғасында туғаны да бізге туыстық сезім туғызып, біртүрлі ыстық тарта береді. Айтпағымыз, шаңырағын көтергеніне 85 жыл толып отырған Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ту бастауында осындай үлкенді-кішілі оқу орындарының оң ықпалы жатқаны. Тарихына тікелей кірігіп кетпегенімен олардың оң ықпалын есте ұстаған жөн болар-ау, шамасы. Әйтпесе, «өзі болған қыз төркінін танымас» болып шықпас па?!
Біздің оқу орнымыздың тарихы терең дейтін себебіміз де міне, осы ағарту саласының қайнар бұлағынан нәр алуына байланысты. Жиырмасыншы жылдары (ХХ ғ.) ұлт республикаларынан жастар іріктеліп алынып, Мәскеуге жіберіп тәрбиеленер еді. Ол ұлт республикаларынан жаңа қоғамның жаңа элитасын тәрбиелеу амалы. Ескіні күйрете соғып, тіпті жүйені тас-талқан еткен большевиктік билік енді жаңа элита тәрбиелеу үшін түрлі оқу орындарын Мәскеуде ашты. Бір ғана И.В.Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университеті күллі түрік дүниесінен озық ойлы жас азаматтарды қысқа мерзімде оқытып, білім беріп ұлт республикаларының оқу орындарына, баспасөз басшылығына қызметке жіберді. Бір ғана аталған университет (КУТВ) түлектерінен Т.Айтматов Қырғызстан Орталық комитетінің хатшылығына, Ө.Тұрманжанов САГУ профессорлығына, Ж.Арыстанов Ташкентте жабылып, Шымкентке қоныс аударған «Ақ жол» губерниялық газетіне бас редакторлыққа, Б.Кенжебаев «Лениншіл жас» жастар газетіне басшылық жасауға жіберілген. Тағы бір азамат Қарақалпақ Ағарту министрі, бір азаматша Татарстан обкомының хатшысына аз уақытта өсіп жеткенін еске алсақ, расында да кеңес өкіметінің аз уақытта, аздаған он жылдықта бар ұлт республикалары элиталық кадрын қалыптастыруға қол жеткізгенін көреміз.
Белгілі бір өңірде оқу орнының шаңырақ көтеруі сол өңірдегі үлкенді-кішілі ағарту ошақтарына тікелей байланысты туындары хақ. Орта мектебі жоқ, болса да санаулы өңірде жоғары мектеп ашудың қажеттілігі қанша?! Аталған оқу орны шаңырақ көтерген 1937 жылы Сырдария губерниясында 279 мектеп бар еді. Онда 1937 жылдың басында 165 225 бала оқитын. Дені бастауыш мектеп. Ал бастауышқа бастауыштық қана білімі бар «қызыл» мұғалімдер сабақ береді. Алғышарттың бірі – осы мектепте оқып, білім алып жатқан балалар. Оларға ең болмағанда арнайы оқу орындарынан білім алған мұғалімдер керек еді. Оқу орны 1937 жылы, алдымен екіжылдық мұғалімдер институты болып ашылып, кейін институтқа айналған себебі міне, осы олқылықтың орнын толтыру амалы!
Отызыншы жылдар! Отызыншы жылдар қазақ халқы үшін ойранды жылдар. 1932-1933 жылғы аштық «Әлхамдулла, алты миллион қазақтың» (А.Байтұрсынұлы) жарымына жуығын қолдан ұйымдастырылған ашаршылықпен жер жастандырды. 1937 жыл – ұлт зиялыларының әлденеше буынын жер аудартып, түрмеге тықты, атты, құртты. Міне, осындай қиындықтан әупірім-тәңірмен өткен халық үшін енді келіп, кеңес өкіметі 1937 жылы мұғалімдер институтын ашып отыр. Кеңес өкіметі деуімізде мән бар. Ол кезде үлкенді-кішілі оқу орындарының қандайы да КСРО өкіметінің мақұлдауымен, тікелей қолдауымен ғана ашылады. КСРО өкіметінің қолдауына қол жеткізу – республика басшылығының ілкімділігіне, табандылығына әмсе байланысты. Осы жылдары Республика Үкіметінің басына өрімдей жас, Ташкенттегі Орман шаруашылығы техникумын бітірген Нұртас Оңдасынов келгені мәлім. Дәл осы отызыншы жылдары Шымкентте ғана емес, Қазақстанда бірсыпыра оқу орны ашылады. Соның бірі болып 1937 жылы 19 наурызда Халық комиссарлары кеңесінің қаулысымен екі жылдық Шымкент мұғалімдер институты құрылды. Бүгінгі мемлекеттік педагогикалық университеттің алғышарты, қайнар бастауы. Оның алғашқы директоры болып (Ақтөбе мұғалімдер институтының директоры) Семен Германович Шейнессон бекітіліпті. Ол 1888 жылы Рига қаласында туып, 1908 жылдан Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясына мүше болып саяси өмірге араласқан, 1914 жылы Берн университетінің философия факультетін тәмамдаған, 1917 жылдың ақпан төңкерісінен соң Ресейге оралып, 1918 жылдан большевиктер партиясына кірген білімдар азамат. Орынбор рабфагында жұмысшы факультетін ұйымдастырып басқарған ол Шымкент қаласына келген соң қаладағы орта мектептің бірінен екі бөлме босатып алады. Ол кезде Шымкентте үш қана мектеп болса керек. Ахмет Байтұрсынұлы, Ғани Мұратбаев және ресми ат берілмеген мектеп. Соның бірінің екі бөлмесін босатып алған Шейнессон тарих, тіл және әдебиет, физика-математика, педагогика және психология «кабинеттерін» жабдықтайды. Студенттерге сабақ беретін мамандар болмауы себепті Шейнессон РСФСР, Белоруссия, Украинадан мұғалімдер шақыртады. Санкт-Петербург, Мәскеуден келген мамандар институт абыройын жоғары көтеріп ала жөнелгені байқалады. А.Н.Ткачев, А.Б.Борисов, А.Б.Зибер (профессор), И.М.Туманов, Финкель секілді Санкт-Петербург, Мәскеу, Киев университеттерінде білім алған, ғылыми дәрежелері бар білікті мамандар еді. 1937-1938 алғашқы оқу жылында тарих факультетінің орыс бөліміне – 30, қазақ бөліміне – 10, тіл және әдебиет факультетінің орыс бөліміне – 27, қазақ бөліміне 27 студент қабылданады. Былай қарағанда қазақы өңірде институтқа орыс балалары көбірек қамтылыпты. Мұның себебі неде? Бұл кезде Шымкентте қорғасын зауыты ұйымдастырылып, іске қосылған болатын. Ол бір жағы оңтүстікті индустрияландыру атымен орыстандырыла бастағанын байқатады. Өңірде қазақ жұмысшы табының қалыптаспаған себебінің белгісі.
Оқу орнының алғашқы адым-алымына кеңірек тоқталып отырмыз. Кім-кімге де оқу орнының алғашқы аяқ алысын білу қызықты болары түсінікті ғой. С.Г.Шейнессоннан кейін оқу орнын Мырзаш Сәбденов, Иннокентий Матвеевич Туманов, бірсыпыра жылдан кейін Әділ Ермеков, Байзақ Ермекбаев, Мырзахан Сәрсембаев секілді аға буын өкілдері басқарды. И.Туманов сирек маман, Ә.Ермеков «Абай жолы» эпопеясын сағаттап жатқа айтуымен, Б.Ермекбаев кең де кемел басшы мінезімен, М.Сәрсембаев ағартушылық адал да қатал талап қоюымен кейінгі ұрпақ есінде мәңгі сақталып қалды. Кейінгі ұрпақ есінде әзіз ұстаздар есімін мәңгі қалдыру үшін соңғы кездері түрлі кабинеттер жасақтап, қатарға қостық.
1937 жылдан жемісті еңбек жолын бастаған оқу орны 1993-2011 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрамында жұмыс істегені белгілі. Бұл жылдары аталған оқу орнын К.Сыздықов, Ә.Әшіров, Л.Тәшімов, Ж.Оңалбек басқарды. 2011 жылдан облыстық педагогикалық институттар оқу-ағарту дәстүрінде жұмысын дербес бастаған (ол кездегі ректор О.Аяшев) оқу орны оңтүстік өңір ғана емес, жалпы қазақ ағарту саласының қарашаңырағының бірі дерлік. 85 жылдың ішінде алғашқы қадамын сәтті бастаған оқу орнында небір ұстаздар дәріс берді студенттерге. Өңірлерде профессор маман емге табылмайтын кездері Қызылордада Әуелбек Қоңыратбаев, Семейде Қайым Мұхаметхановтың еңбек еткені сияқты біздің педагогикалық институтта профессор Әбіш Байтанаевтың даңқы дүбірлеп тұрды. Орталықтан жырақ жүрсе де республикаға аты кеңінен танылған өзге де профессор-ғалым ұстаздарды көптеп атауға болады.
Ұстаз еңбегінің шынайы жемісі – дарынды шәкірт. Оңтүстік ағартуының алтын тұғырынан түлеп ұшқан тас түлектерден Дүйсенкүл Бопова, Клара Әліпова, Рая Ахметова, Сайлаукүл Барахова сынды қайраткер қыздарды, аты аңызға айналған ақын, Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, ғажайып лирик ақын Исраил Сапарбаев, нәзік нақышты суреткер ақын Нармахан Бегалыұлын, қазақ арабистикасын қалыптастырған шығыстанушы ғалым Әбсәттар Дербісәлі, тарихшы академик Мәлік Асылбеков, педагог-профессор Мәулен Құдайқұлов, профессор Келес Дүйсембаев, сенатор Мүсірәлі Өтебаев есімін мақтанышпен айтамыз. Алғаш екіжылдық мұғалімдер институты болып құрылып, 85 жыл бойы үздіксіз ағарту саласына қызмет етіп, тас түлектерді жылда жүздеп, қанаттандырып ұшыратын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің тағдыр-тарихы еліміз, жұртымыз азаматтық тарихымен өзектес. Тамырын тереңнен алатын оқу орнының тарихы да, білім шапағаты да шежіре болып шертіледі. Алғаусыз басшылар, ардақты ұстаздар легі, саналы шәкірттер шеруі лек-легімен шежірелі тарихқа айналып кеткелі қаншама уақыт.
«Өскен өркен» романын жазу мұратында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оңтүстікке келген сапарында ұлы Мұхтар Әуезовтің үш мәртесінде де институтта болып, ұстаздық құрам, студенттермен мәре-сәре әңгімелесуі – жас-жасамыс ұжымның ұдайы есінде тұрар жұлдызды тарихи сәті. Профессор Бейсембай Кенжебаевтың институтты «шепке» алғандай, жылма-жыл келіп шәкірттерге дәріс оқуы, Әбіш Байтанаев, Әмір Мұсақұлов, Мүсілім Қожықов сынды мұғалімдерді ғылымға баулып, докторлық, кандидаттық диссертация қорғатуы – оқу орнының тарихымен сабақтас сәттер. Академик Ісмет Кеңесбаевтың 85 жылдық тарихы бар оқу орнына жасаған ағалық қамқорлығы да ешқашан естен шықпайды.
Білім саласына қашанда талап күшті. Түрлі реформадан бұралаң-соқпақпен өтіп келе жатқан ағарту саласы алдына бүгін де әділетті Қазақстанмен бірге жаңару талабы айрықша тартылып отыр. Жаңа уақытқа орай елімізді жаңарту жауапкершілігі – білім саласы міндетінде десек артық емес. Жоғары білім саласының кәсіби міндетін мойнына алған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жаңа талапқа сай еңбек етіп келе жатқаны оның терең тәжірибесінен деп білеміз.
Гүлжан СҮГІРБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, профессор