Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2022

Екібастұз жылу электр орталығына аудит жүргізіледі

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екібастұз жылу электр орталығына аудит жүргізіледі

«ЖЭО және желілер иесінің жауапкершілігіне жеке тоқталғым келеді. Құнсыздануы 90 пайыздан асатын Екібастұз жылу электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысты тексеру қажет. Бұл нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекет тиімді басқара ала ма, ең алдымен, осыны зерттеу керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн.

«Екібастұз қаласының тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу құны меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінсін. Соңғы жылдары қожайындарымен ештеңе жасалмаған әрбір маңызды инфрақұрылымдық нысанды Үкімет жан-жақты қарастырып, шешім қабылдауы керек. Осындай жұмыстарды облыс әкімдері жергілікті жерлерде де жүргізетін болады», деді Президент. 

Сонымен қатар Президент еліміздегі жылу электр станцияларының орташа тозуы 66%-ға, ал кейбір қалаларда ол қазірдің өзінде 80%-дан аса қауіпті деңгейден асып кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ЖЭО-ның үштен бірі жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонаиха қалаларында жылу желілерінің әбден тозығы жеткен. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке энергетикалық нысандарды уақтылы жаңғыртуды бақылауға алуды бірнеше рет тапсырғанын еске салды. Әкімдіктер де бәрін Үкіметке жүктеп, кері шегіне алмайтынын жеткізді. 

«Менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.