Президент • 12 Желтоқсан, 2022

Ұлттық қордың инвестициялық табысы балалардың есепшотына аударыла бастайды

508 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтты, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық қордың инвестициялық табысы балалардың есепшотына аударыла бастайды

«Үкімет бюджеттің тұрақты болуын қамтамасыз етуі керек. Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады», деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев «әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес екенін атап өтті. 

- Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Тағы да естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды, - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қ.Тоқаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырып, онда өзі айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиістігін қадап айтты.