Қазақстан кәсіподақтарының XXІІ съезі қарсаңында
Еліміздің Ата Заңында әр адам еңбек етуге, қызмет және кәсіп түрін таңдауға құқылы екені атап көрсетілген. Сондай-ақ еңбекке еріксіз тарту үдерістеріне жол берілмейтіндігі ерекше айтылған. Осы орайда, бірінші кезекте еңбекшілердің мүддесі алға шығатыны айтпаса да түсінікті жәйт.
Аталған мәселелерде кәсіподақтарға үлкен жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Алдағы маусым айының басында өтетін республика кәсіподақтарының кезекті съезінде еңбекшілердің мүдделері мен құқықтарын қорғау салаларында бұл ұйымның мақсаттары мен міндеттері жаңа заман талабына сай белгіленіп, оның қоғамдағы беделі мен рөлі жоғарылай түсуіне алғышарттар жасалатынына үміт мол.
БІРІКСЕК ҮЛКЕН ӘЛЕУЕТІМІЗ БАР
Азаматтық қоғамның ажырамайтын бөлігі – кәсіподақтардың рөлі мен маңызын арттыра түсу өте қажет. Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақтары 166 521 адамнан тұратын мықты ұйымдастырылған күш, бұл облыс экономикасында жұмыс істейтіндердің 56%-ын құрайды. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің құрамына 14 облыстық, 4 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері және 8 тікелей қызметтегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді. Облыс кәсіпорындары, мекемелері және ұйымдарында 1884 бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызмет етеді. Елбасының: “Кәсіподақтар жалданушы жұмысшылардың мүддесі мен құқығын қорғаудың ықпалды институты болды және солай бола бермек”, деген сөзі бізге еңбек адамдарының тағдыры үшін үлкен жауапкершілік жүктейді.
Біз есеп беру кезеңінде, Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы ХХ съезінің бағдарламалық құжатында айқындалған міндеттерді, сонымен қатар, Елбасының республика кәсіподақтарының кезектен тыс ХХІ съезінде және халыққа жыл сайынғы Жолдауларында атап көрсеткен еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық көкейкесті проблемаларын шешуге көзделген ұсыныстарын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп келеміз.
Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесі кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақтар қызметінің тиімділігін арттыру, қоғамда жүріп жатқан үрдістерге ықпалды күшейту мақсатында кәсіподақтар қатарын нығайту, осы бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарына баса мән береді. Алқалы отырыстарда ұйымның ішкі проблемалары, ұйымдастыру құрылымдарын жетілдіру, атқару және қаржы тәртібі секілді мәселелер қаралады. Кен-металлургия өнеркәсібі, білім беру және ғылым, денсаулық сақтау, орман саласы кәсіподақтары да пленумдар мен кеңестерде осы мәселелерді талқылайды. Жаңадан кәсіподақ мүшелерін қатарға тарту және ынталандыру жұмыстарына назар аударылады. Кәсіподақтар қатарының тұрақты нығаю үрдісі мемлекеттік және банк мекемелерінде, құрылыс, мәдениет, агроөнеркәсіп кешені кәсіподақтарында байқалады. Кәсіподақ активтерінің күн тәртібінен түсірмейтін негізгі мәселесі – облыстық, өңірлік деңгейде және еңбек ұжымдарында әлеуметтік әріптестікті дамыту әрі жетілдіру.
Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған “Ұжымдық шарт жасаңыздар!” атты акциясы неғұрлым көп жұмыс берушілер мен жұмыскерлерді қамтуды көздейтін жалпыұлттық акцияға айналды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 1789 ұжымдық шарт бекітіліп, кәсіпорындарда акция барысында 104 жаңа кәсіподақ ұйымдары құрылды. Кен-металлургия өнеркәсібі, білім беру және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік мекемелер, телекоммуникация кәсіподақтары ұжымдық шартпен толық қамтылуға қол жеткізді. Еңбек кодексінде көрсетілген жеңілдіктер мен кепілдіктер келісімдерде, ұжымдық шарттарда көрініс тапты. Кәсіподақ ұйымдары бар мекемелер 95% ұжымдық шартпен қамтылды. Өкінішке қарай, кәсіподақ ұйымдары жоқ кәспорындарда ұжымдық шарттарды бекіту жұмыстарын жүргізу оңай емес. Оның бірінші себебі, жұмыс берушілердің дұрыс түсінбеушілігі. Еңбек заңнамасы ұжымдық шарттарды бекітуді жақтағанмен, жұмыскерлер жұмыс берушінің қабағына қарап, бірінші болып бастама көтеруге қорғанады. Бүгінгі күнде облыс аумағындағы барлық заңды тұлғаларда акция барысында 5324 ұжымдық шарттар бекітілген.
Дағдарысқа қарамастан, ресми тіркелген жұмыссыздардың саны 15%-ға төмендеді, қарыз жалақыны төлету бойынша жұмысшы топтың қызметінің нәтижесінде ірі және орта кәсіпорындардың жалақы бойынша қарыздары азайды. Дағдарысқа қарсы шаралар шегінде “Жол картасына” бөлінген 17,3 млрд. теңге қаржы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 816 мың адамға ауыз судың сапасы жақсартылды, жолдар жөнделді, 88 денсаулық сақтау, 344 білім беру, 62 мәдениет, 11 спорт нысандары жөндеуден өтті, 88 елді мекен көркейтілді. Осы жұмыстарға орташа 28 мың теңге айлық жалақымен 33085 адам тартылды. “Жол картасы” бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылау жөнінде комиссия құрылды, оның құрамында кәсіподақ өкілдері де болды.
2009 жылы дағдарысқа қарсы шара ретінде халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуда “Жол картасы” тиімді құрал болды. Биылғы жылда да облыс бюджетінен 10,7 млрд. теңге қарастырылып, қосымша 11600 жұмыс орындары құрылып жатыр, сонымен қатар, кадрларды қайта дайындауға, әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасын ұлғайтуға қаржы қарастырылған.
Қаржы дағдарысын еңсеру мақсатында еңбекшілердің экономикалық құқықтарын сақтау бойынша әлеуметтік әріптестермен 2938 меморандумға қол қойылды, оның орындалу барысы 3 жақты комиссияның отырыстарында тұрақты түрде қаралып тұрады.
Өнеркәсіптерде еңбек заңнамасы шегінде кәсіподақтардың еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша құқықтары анықталған. Қазіргі уақытта еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша 2500 қоғамдық инспектор сайланып, олар өз міндеттерін атқарып жатыр. Еңбек жағдайын дұрыс сақтау үшін қоғамдық бақылау кен-металлургия, білім беру және ғылым, телекоммуникация, электрэнергетикасы өнеркәсіптерінде жақсы жолға қойылған. Кен-металлургия өнеркәсіптерінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу бойынша көшпелі комиссияның республикалық салалық отырысы “Қазмырыш” ЖШС және “ӨТМК” АҚ-та “Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін нығайту мен жағдайы туралы” деген тақырыпта өткізілуі тегін емес. Мақсаты – қоғамдық инспекторлардың жұмысын іс жүзінде көрсету. Соңғы бесжылдықта облыс бойынша өндірістік жазатайым оқиғалардың 40%-ға төмендеуі жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі деуіміз керек. Бірақ, бұған қарамастан, облыс бойынша өндірістік жазатайым оқиғалардың деңгейі әлі де жоғары деп есептейміз.
Кәсіподақ ұйымдары Еңбек кодексіндегі еңбекшілердің құқықтарын қорғайтын ережелер мен нормаларды іс жүзінде қолдану туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына баса көңіл бөледі. Салалық кәсіподақтар кеңесі өз жұмыстарында Еңбек кодексін білу және қолдану бойынша көшпелі семинарлар өткізеді. Денсаулық сақтау, білім беру және ғылым, агроөнеркәсіп кешендері, мемлекеттік мекемелер мен өзге де кәсіподақтарда еңбекшілердің құқығы біліктілікпен қорғалады. Мұнда кәсіподақ мүшелерінің еңбекақы қарыздарын жою, заңсыз жұмыстан босату, орынсыз жаза қолдану, әлеуметтік қорғау жұмысын жетілдіру, басқа да өмірлік маңызы бар арыздары мен өтініштері міндетті түрде қаралады.
Кәсіподақ ұйымдарындағы маңызды мәселелердің бірі – бастауыш ұйымдар деңгейінде еңбекшілер және олардың отбасыларының демалысы мен сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру. Осыған байланысты кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларына жеңілдіктер беретін әлеуметтік пакет қарастырылады. Бұл – еліміздің ем-жайларында, демалыс базаларында және жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалу мүмкіндігі туғызылады деген сөз. Осы бағытта “Қазмырыш” ЖШС, “ӨТМК” АҚ, конденсатор зауыты, телекоммуникация, “Қазпошта”, басқа да әлеуметтік әріптестіктерде жақсы тәжірибе жинақталған.
Шығыс Қазақстан облысының білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары жақында өткен республикалық семинардың тақырыбына арқау болды. Осындай семинарлардың нәтижесінде өткен жылы 3000-нан астам қызметкер санаторийлерде, 17 мыңға жуық адам демалыс базаларында сауығып, демалса, жазғы демалыс түрлерімен оқушылардың 95%-ы қамтылды, оған кәсіподақ бюджетінен 31,4 млн.теңге, жергілікті бюджеттен 118 млн.теңге бөлінді.
Облыстық кәсіподақтар кеңесінің облыстың қоғамдық-саяси өмірінде де өз орны бар. “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясымен қызметтестік туралы меморандумға қол қойылған. Азаматтық Альянспен де бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Облыстық кәсіподақ кеңесінің және салалық комитеттердің басшылары облыстық, салалық алқалар мен комиссиялардың мүшелері. Бұл кәсіподақ басшыларының барлық жағдайлардан хабардар болуына мүмкіндік береді.
Жастар саясаты бәрімізге ортақ. Жастар арасында тәлімгерлік қозғалысы мен “Ең үздік маман” байқаулары қайта жандандырылуда.
Нұржан ТҮСІПОВА, Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы.
ӨСКЕМЕН.