Осы ғасырдың көркем әдебиетінде ерекше орны бар қаламгер ағамыз – Әзілхан Нұршайықовтың да жұлдызы жарқырап жанып тұр.
Әз-аға деп құрметке бөленген қаламгер Нұршайықовтың ұзақ та қызықты жолдары осы журналистикада қалыптасты.
Туғанына ғасыр толып отырған Әзілхан Нұршайықов ағамыздың өмір жолы, азаматтық жолы, қаламгерлік жолы туралы бір ауыз сөз айтуды бақыт деп санаймын.
Әзілхан Нұршайықов ағаны көзім көрді, дастарқандас, пікірлес болдым. Көкейкесті мақалаларын «Лениншіл жаста» («Жас Алаш»), «Егемен Қазақстанда» жиі жариялап тұрдым. Мінезге бай, жүрегінде нұры бар, сұлу күлкісі өзіне ғана жарасатын, ғажайып тұлға еді.
–Біз «Қазақстан пионерінен» шыққанбыз, – деп ерекше ілтипат көрсететін еді. Өзгелерден ерекшелігі – өз мақаласы шыққанда ғана емес, өзге авторлардың танымдық мақалалары жарияланғанда телефон шалатын, болмаса, мөлдіретіп өз қолымен хат жазып жіберетін.
Өмірде қандай жинақы жүрсе, қолжазбаларына да, хаттарына да сондай мұқиятпен қарайтын. Әз-ағаңмен жүздесу жүрегіңе жылу құятын. Есте сақтау қасиетіне таңғалыспен қарайтын едім.
– Анам – Мұхтар деген кісі еді. Атына заты сай, ер мінезі де бар еді. Ескіше хат таныған, аңыз-ертегілерді көп білетін. Жыр-қиссаларды да жатқа айтып, әндетіп отыратын, – деді бір кездесуімізде. – Сол анадан түскен нұр сәуле санамда қалып қойды. Мүмкін есте сақтау қабілетім анам айтқан әңгімелердің әсерінен болар деп ойлаймын.
Әз-ағаның дене бітімі бала қырандай көрінетін. Кеудесін ешкімге бастырмайтын мінезі бар. Даусын да қатты көтермейтін. Бірақ нық, нақты сөйлейтін. Әңгіме айтқанда, кейде өзі айтып отырған кейіпкерге де ұқсап кететін. Әсіресе, Жамбыл туралы сөйлегенде тамсана толғанатын.
Иә, Әзекең 1941 жылы соғысқа шақырылады. Бұл кезеңді қаламгер «есею, азамат болу кезеңім болды» деп айтып отырады.
«5 желтоқсанда военкоматтан әскерге шақырған қағаз келді. Кешке дейін ауыл аралап, ағайындармен қоштастық. Әр үйден дәм таттық. Үлкендер баталарын беріп, кішілер тілектестік білдірді» деп жазыпты Әзағаң өз күнделігінде.
Сонымен, Семейдегі педагогикалық институттың 1-курсынан Әзілхан Нұршайықов жауынгер атанды. Осы кезде Әзағаң көп өлең, очерк жазды.
Журналистика Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық стилін қалыптастырды. Өйткені диалог, монолог сынды әдеби әдіс журналистикамен астасқанда ерекше әдеби реңк алады.
1970 жылы қазақ оқырмандары Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы арқылы шынайы өмір дастанын оқыды.
Біз университеттің 4-курсында оқитын едік. Кітапты жабыла іздеп, кезекке қойып оқыдық. Біз осылай Әзілхан Нұршайықовты таныдық. Үлкен әдебиетте әлі даңқы көріне қоймаған Әзекең бір сәтте халықтың махаббаты мен құрметіне бөленді.
Бұл романда тұтас бір соғыстан кейінгі дәуір жастарының романтикалық бет-бейнесі суреттелді. Өмірбаяндық роман болғанымен шығарма жаңа ұрпақтың өмір полотносы болды.
Жаңа роман кейіпкерлерінің біразы етене таныс еді. Тіпті алдынан дәріс те алдық. Мысалы, Мырзабек Дүйсенов – белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ал Меңтай бейнесіндегі қасиеттерді жазушы өзінің жан жары Халимадан сомдады.
Әзілхан Нұршайықовтың майдан күнделіктері оның бүкіл ой-санасын қалыптастырды. Қаншама майдандас достарымен от пен өрт көріп, өлім мен өмір беттесіп, намыс-қайраттары жанылып еді. Олар туралы жазушы көп жазды, қаламмен ескерткіш қойды.
Қаламгер шеберханасын зерделеп қарасаңыз, ұлттық патриотизмді айқын сезінесіз. Шындықтан алшақтамайды, мейлінше әділ, мейлінше ақиқат жазады. Кейбір мемуарларда кейіпкер өз объектісінен де биіктеу суреттелетіні жасырын емес қой. Ал Әзілхан Нұршайықов ағаның жазғанын оқығанда күдік те, сенімсіздік те ойыңа келмейді.
Әзілхан ағаның «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогы қазақ әдебиетіндегі постмодернистік әдебиеттің бастауы болды деп айта аламыз. Қазақта әңгіме де, хикаят та, роман-эпопея да, дилогия да, трилогия да болды. Бірақ роман-диалог жаңа әдеби стильдің асыл арнасына айналды.
Кейіпкері де, қаламгері де осал емес. Бірі – атақты қолбасшы, айбатынан жұрт ыққан Бауыржан Момышұлы, екіншісі – сержант, ақын, жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықов.
Роман-диалог арқылы оқырман Бауыржан Момышұлы тағдырының ақиқатын да, аңызын да білді. Бұл шындық, бұл әділдік, бұл көркем әдебиеттің жаңа платформасы еді.
Бауыржандай ұлт тұлғасы роман-диалогтан кейін тіпті асқақтап кетті. Онсыз да абыройы биік Баукеңнің бейнесі тұтас бір ұрпақтың мақтанышына айналды.
Роман-диалог Әзілхан аға Нұршайықовтың тағдырында қандай із қалдырды? Қаламгердің 2004 жылғы 20 ақпанда Ұлттық ғылым ақадемиясында өткен «Бауыржан Момышұлының рухани, адамгершілік, әскери-философиялық мұралары және ел ішінде Отанды сүюге тәрбиелеу мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференциясында сөйлеген сөзіне назар аударғым келеді.
– Мен Баукеңнің шәкіртімін, – деп еді Әз-аға өз баяндамасында. – Баукеңмен замандас, сыйлас, сырлас болғанымды мақтаныш етемін. Егер өмірде Баукең болмаса, мен мұндай атақты, абыройлы адам болмас едім (егер атақты, абыройлы болғаным рас болса). Бұған бір ғана мысал айтайын. Менің шыққан кітаптарымның барлық тиражы бір миллион данадан асыңқырайды. Соның 361 мың данасы – Баукең туралы жазылған «Ақиқат пен аңыз» романның таралымы.
Иә, бұл жазушының жан сыры. Өзі айтқан ақиқат сөзі. Шындықтың шырағындай болған екі тұлғаның өмірі мен көзқарастарының үйлесім табуы, екеуін де асқақтатты. 1980 жылы Әзілхан Нұршайықов осы роман-диалогы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Жазушы журналистиканың от-қазанында шыңдалды. Ол 1953 жылдан үзбей «Қазақстан пионерінде» («Ұлан») бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеді. 1953-1956 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1961-1963 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. Кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыммен айналысты.
– Екеуміз де «Қазақстан пионері» газеті арқылы өстік, – дейтін Әз-аға.
Қырықтан астам әдеби шығармалардың, очерктердің, эсселердің авторы Әзілхан Нұршайықовтың көзі тірісінде он томдығы басылды. Жақында ғана «Махаббат, қызық мол жылдар» атты 20 сериялы телехикая түсірілді. Ал роман жаңа форматта қайта басылды.
... Әз-аға «Мәңгілік махаббат жырын» жазды. Оны жан жары, шуақты махаббаттың символы Халимаға арнады. Бір парасы – Меңтай образына пайдаланылды.
Жұбайы қайтыс болған соң қаламгер бейіт басына жиі барады. «Халимаш, құранды имам оқыр, мен саған Абай бабамыздың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін арнаймын», деп ән айтқанын біреу түсінсе, біреу күрсінді.
Желтоқсанның он бесінде атақты қаламгер ағамыз 100 жасқа келеді. Өзінің туған жылын да ағамыз өзі айқындап, нақтылап кеткен ғой.
«Туған жылым ескіше ит жылы екен, оны жақындарымның бәрі біледі, – дейді Әз-ағаң естелігінде. – Бірақ қай айда, қай жылы туғаным ешкімнің есінде жоқ. Ит жылы – жаңаша 1922 жыл. Соғым екі кезде сойылады екен: байлар – ноябрьде, кедейлер – декабрьде соятын болса керек. Мұны есейген кезде әкемнен сұрап білдім. Әкем кедей кісі болған. Ендеше, мен декабрьде туғанмын. Декабрьдің қай кезі – басы ма, ортасы ма, әлде аяғы ма? Басына да, аяғына да жақын ортасын алайын. Осылай деп есептеп, ес білгеннен кейін 1922 жылы 15 декабрьде тудым деп жазатын болдым».
Өмірге ғашық болып келіп, ғашық болып кеткен Әзілхан Нұршайықов көркем әдебиеттің көркі болды.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері