Үкімет • 14 Желтоқсан, 2022

Мемлекетке қайтарылған жерлердің цифрлық картасы жасалады

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында жауапты сала өкілдеріне бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекетке қайтарылған жерлердің цифрлық картасы жасалады

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының іс-шараларын министрліктердің салалық тұжырымдамалары мен даму жоспарларына қосуды тапсырды.

Одан бөлек, Үкімет басшысы мемлекеттік басқару деңгейлері арасында функцияларды қайта бөлу арқылы заңнамалық актілерді жүйелі тексеруді аяқтау, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жаңарту және бір ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын өзектендіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-Министр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту шараларын әзірлеу және Ұлттық қордан трансферттерді біртіндеп төмендетуді қамтамасыз ету керектігін айтты.

Оған қоса, бюджеттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына көбірек дербестік беру, сондай-ақ Экономиканы демополизациялау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын күшейту бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.

Әлихан Смайылов заң бұзушылықпен берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жөнінде шаралар қабылдау, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыруды жеделдету, республикадағы әрбір ЖЭО-ның жай-күйін кешенді қарау және Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін қажетті газ инфрақұрылымын жүргізу жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің ашық цифрлық картасын жасауды тапсырды. Оларды бөлу тетігі айқын болуы керек. Ал өңірлердің әкімдеріне оларды шешудің нақты алгоритмдерін әзірлей отырып, тұрғындар тарапынан туындайтын проблемалық мәселелерге уақытылы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды.