Өнер • 15 Желтоқсан, 2022

20 жаңа мультфильм

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық анимацияға биыл 55 жыл толды. Шә­кен Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» кинос­тудиясы жанынан «Қа­зақанимация» шығарма­шы­лық бірлестігі жаңа­дан жасақталып, муль­ти­пликацияның жұмысы қайта жанданды.

20 жаңа мультфильм

Бүгінгі таңда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі кон­курс­тық негізде республиканың ірі қалаларынан мәлімделген 167 сценарий ішінен үздік жиырмасын таңдап, 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 жобаны аяқтап үлгерді. Осыған орай Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысымен танысып, анимация өнерін өркендетуге атсалысқан бірқатар ардагерді марапаттады.

– 2022 жыл ұлттық анимация­лық кино өнері үшін айтулы жыл болды. Себебі биыл қазақ ани­мациялық кино өнеріне 55 жыл толды. 1967 жылы қазақ муль­ти­­­пликациясының негізін қалаған ұлы ре­жиссер Әмен Қайдардың «Қар­лы­ғаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш фильмінен бастау ал­ған қазақ анимациялық кино өнері жас ұрпаққа жарты ғасырдан астам уақыт бойы толассыз қызмет етумен келеді. Осы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 200-ден астам мультфильм түсіріліп, 30-дан аса анимациялық студия өмірге кел­ген екен. Бұл ұлт болашағы үшін жасалған теңдессіз жұмыс, ауқымды еңбек деп есептейміз. 2018 жылы анимациялық киностудия­лар қауымдастығы құрылып, өз ке­зегінде рухани мәдени маңызы бар көптеген іс-шараны атқарып ке­леді, – деді Мәдениет және спорт ми­нистрі Дәурен Абаев құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ биыл қазақ анима­ция­лық шығармашылық бірлесті­гінің ұйытқы болуымен Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Петро­павл қалаларында орналас­қан 20 студияның әрқайсысы 20 ани­мациялық жобаға ие болды. Мұ­ның барлығы ұлттық анимацияны қолдау жолында қолға алын­ған ірі жобалар-тұғын. «Ұлт бо­лашағы – ұрпақ тәрбиесінде», анимациялық фильмдерді мемлекет мүддесімен ұштастыра отырып өскелең ұрпаққа ұлттық рух пен рухани құндылықтарды дәріптеу ісі толассыз атқарыла бермек. Дәурен Әскербекұлы анимацияның образ қалыптастыратынын айрық­ша атап өтті. Бала бойына ел тарихының, ұлттық дәстүр мен төл мәдениеттің образы анимация арқылы сіңеді. Тәрбие осылай бастау алады. Сол себепті анимацияны мемлекет тарапынан қолдау жыл сайын күшейе түсуі керек.

Іс-шара барысында Мәдениет министрі анимация ардагерлеріне марапаттар мен Алғысхаттар табыс етті. «Еңбек ардагері» медалімен ки­норежиссер-мультипликаторлар Гүлмира Садықова мен Галина Дусенко және суретші-муль­типликатор Эрнст Бейсеитов марапатталды.

Бұдан басқа, осы жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қарашасы ара­лығында «Қазақанимация» шең­берінде өткізілген шеберлік сы­ныптарының тыңдаушылары және Польша, Франция, Түркия, Ис­пания секілді алыс шетелдерде шеберлік сыныптары мен прак­тикалық сабақтардан өткен тың­даушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Мәдениет министріне «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында жасалған 20 жоба таныстырылды. Сонымен қатар қазақстандық мультипликаторлар анимация саласындағы халықаралық әріп­тес­терімен меморандумдарға қол қойды.

Алдағы жылы ұлттық анимация өнерінің атасы Әмен Қай­дардың туғанына 100 жыл тол­мақ. Соның айғағындай осынау ғасырлық мерейтой қарсаңында «Қа­зақанимация» шығармашылық бірлестігінде Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» атты қыс­қаметражды мультфильм түсірілді.