Жылғадан жылға қуып, жер бетінен жүлге тауып, жыра, өзек қуалап, жердің жігін бұза арналанып аққан судың өзі жайылып, еркін көсіліп, шалқып жатар ыңғайлы жер іздейді. Сонау алып мұздықтардан, мүмкін соған пара-пар мұхиттардың өзінен, бәлкім өзен, бұлақтардың көзінен бастау алар ма екен аққан судың басы? Әйтеуір жер бетінде қандай алып құбылыс болса да тіршілік тамшыдан басталатынын атам қазақ айтып кетіпті. Тама-тама дарияға айналып, тасып-төгіліп, дүниені шайқап келгенде шалқар көл, теңіз, мұхит болып байыз табады жер бетінен. Аққан су, көшкен сең, жүрген селдің өзі! Шалқар көл немесе теңіз дейді қазақ. Емін-еркін, кең көсіліп шалқып жатқан соң айтатын шығар. Шалқып кетсе де, толқып, қалқып кетсе де өз еркінде. Анығында айдынның беті тынып жатқанымен, тереңінде не тұнғанын ешкім де білмеуі мүмкін. Беті баяу толқып, жағаны сылқ-сылқ сүйіп қана тұрғандай әсер еткенімен, асты аласапыран күй кешіп, тереңі тебіреніп кетуі кәдік емес пе? Сырттан қара дауыл, сұрапыл соққанда, іште қатып жатқан шер-шемені қозғалып кеткенде. Неге толқып кетеді ол теңіз? Орын теуіп, тұтаса шалқып жатқан жерінен ішкі-сыртқы жауы мазасын алып, құтын қашырғанда!
«Таза, мінсіз асыл сөз,
Шер толқытса шығады.
Таза, мінсіз асыл тас
Жел толқытса шығады» демес пе мұндайда Асан жырау? Ұлт та тура сол сияқты! Ішінен түлеп ұлтқа айнала білген қазақ та сол сияқты! Ежелден, есте жоқ ескі күндерден бастау алып, бас құрап, қоғамдасып халық, ұйысып ұлт болғалы шалқар мұхиттай «жарты дүние әлемін алып» осы ұлы далаға қонғанбыз. Орын тепкен Отанымызда емін-еркін, тәуелсіз көшіп-қонып жүргенбіз. Шалқып-төгілген шалқар мұхит тәрізді. Сол тәуелсіз өмірінің негізіне құрылған өзінің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, заңдары бар елдің бір күндері біреулер мазасын алып, құтын қашырды. Іштен дау, сырттан жау шықты. Алаш атқа сонда мінді! Теңіздей толқып көтеріле барды. Алтын жүлгелі арғы тарихымызды түгендесек, әңгіме ұзап кетеді.
Берідегі Алаш қайраткерлерін, азаттық үшін күресті кеңес өкіметінің кезінде де тоқтатпаған Жайық бойының жалынды жастарын, күні кешегі Желтоқсанды айтса да жеткілікті. Ұлы Тұранда қалған ұлттық сана мен рухтың қайта жаңғыруы емей не ол? Тіл үшін, ел үшін, еркіндік үшін түп көтерілу! «Қазақстанға – қазақ жауапты!» депті сонда демократ жастар! Ар жағында ұлт болмаған, уызына жарымаған жердің баласы өйтіп айта ма? Жоқ! Айтпақ түгілі, ойдан-қырдан жиылып, қатты жерге тұрған қақтың суындай бірер аңызақ пен аптапта ұшып кетпес пе еді, қыс тұрмақ, қара күзге жетпей?! Ал Желтоқсандағы сана қай сана еді? Кемі жүз жыл қалмақпен, қырық жыл Қоқан, Хиуамен қидаласып, екі жүз жыл орыспен кескілесіп, екінші дүниежүзілік соғыстан енді шыққан ел біржола күйреп бітпес пе еді? Санасы сансырап, рухы күйреп. Жарты әлемді халықтар түрмесіне айналдырған КСРО көлемінде ақырып теңдік сұрап, тұңғыш көтерілген қазақ жастары екенін әлем айтады. Оны бізден кейін толқыған, мүмкін бізді естіп көтерілген, бірақ тәуелсіздігін бізден бұрын жариялаған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер айтады. 1986 жылдың 16 желтоқсаны сонысымен қастерлі, сонысымен аяулы бізге. Отан үшін шейіт кеткен қаншама жазықсыз жастың қаны мен көз жасы, ары мен намысы тұр бұл күнде. Кенесары хан заманынан бері азаттық үшін арпалысып келсе де, үзілмей осы күнге жалғасқан ұлттық сананың қанқасап қуғын-сүргін мен соғыстан соң бір тыныстап алып, қайта атой салғаны тағы осы күн. Қоғамдасқан халық қаншама, ұйысқан ұлт қана тәуелсіздігін ұстап тұра алатынын тарих баяғыда дәлелдеген. Елдің ұран ғып төбесіне тұтары – тәуелсіздігі! Әуелі Алласы берер сол сыйды ешкім әкеп қолыңа ұстата салмайды. Ел-жұрт болып ұлт деңгейіне жеткенде өзің жасап аласың, бермесе жеңіп аласың. Ұлттың санасы, хақы, жасампаз қасиеттері мен жетістіктері арқылы. Күнде соны сезініп еңбек етуіміз керек. Алаш аман, азаттық баянды болғай!