Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2022

Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов Астана қаласына алғашқы жұмыс сапарымен келген Түркі мемлекеттері ұйымының жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ә. Тұрсынов К. Омуралиевті ТМҰ Бас хатшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы жауапты қызметінде сәттіліктер тіледі, сондай-ақ, түркі мемлекеттерінің ТМҰ шеңберіндегі ынтымақтастығының одан әрі тереңдей түсетіндігіне сенім білдірді. 

Кездесу барысында Ә.Тұрсынов Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлінің артып келе жатқанына тоқталып, Қазақстанның түркі әлемінің атажұрты ретінде Ұйымға мүше барлық елдермен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда, Қазақстан бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын іске асыруға айрықша мән беретінін жеткізді. 

Қазақстандық дипломат 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта (Өзбекстан Республикасы) өткен ТМҰ 9-шы саммиті барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген ұсыныстарының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, қазақ тарапының осы бағытта Хатшылықтан жүйелі әрі жемісті жұмыс күтетінін айтты. 

К.Омуралиев Ұйымның алдағы жұмысы бойынша жоспарларымен бөлісіп, ТМҰ Хатшылығының мүше мемлекеттермен  бірлесе  атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді. 

Жұмыс сапары барысында ТМҰ Бас хатшысының ҚР Президенті Қ. Тоқаевпен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар басшыларымен кездесулері жоспарланған. 

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) құрылды. ТМҰ Хатшылығы Ыстанбұл қаласында (Түркия) орналасқан. Қазіргі уақытта ТМҰ-ға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстан байқаушы мәртебесіне ие.