Қаржы • 20 Желтоқсан, 2022

Шағын бизнестің ауқымы кеңейді

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі бір жыл ішінде елдегі шағын бизнес кәсіпорындарының саны 10 пайызға көбейген. Солардың ширегінен астамы сауда және автожөндеу саласындағы кәсіп нысандары екен. 2022 жылдың қарашасының басындағы жағдай бойынша елде 496,3 мың шағын кәсіпорын тіркелген. Бұл – былтырғымен салыстырғанда 5,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Соның ішінде шынымен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын саны 379 мың. Бұл тұрғыдан да 2021 жылдың қазанымен салыстырғанда 11,4 пайызға ілгерілеу бар.

Шағын бизнестің ауқымы кеңейді

Finprom мәліметі бойынша жойылу про­цесін бастан кешіп жатқан шағын кә­сіпорын саны үшінші жыл қатарынан қыс­қа­рып келеді. Олардың үлесі биыл 5,2 мың. Былтырғымен салыстырғанда 3,4 па­йыз­ға төмен.

«Бір жылда белсенді шағын кәсіпорын саны бірден 10,2 пайызға ұлғайып, 2022 жылы қазанның соңында 181,5 мың болды. Бұл ретте олардың жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпорындардағы үлесі төртінші жыл қатарынан төмендеп, соңғы бір жылда 48,4 пайыздан 47,9 пайызға дейін азайды», дейді сарапшылар.

Белсенді шағын кәсіпорындардың көбі Алматы (47 мың), Астана (30,9 мың) қалаларында және Қарағанды облысында (9,8 мың) шоғырланған. Барлық белсенді шағын бизнес субъектісінің төрттен бірі автомобильдер мен мотоциклдерді саудалау және жөндеу саласында жұмыс істейді: 45,2 мың компания 2021 жылдың қазан айымен салыстырғанда 13,8 пайызға артық. Сондай-ақ білім беру (17,1 мың кәсіпорын), құрылыс (15,5 мың) және кәсіптік, ғылыми-техникалық қызмет (14,2 мың) салаларында да белсенді компаниялар баршылық.

Өткен жылмен салыстырғанда айтарлық­тай өсім сауда және автожөндеу саласында байқалды: 5,5 мың белсенді шағын кә­сіпорын. Сонымен қатар құрылыс саласын­да мұндай компаниялардың саны 287-ге ғана азайған.

Ranking деректеріне сүйенсек, соңғы бір жыл көлемінде жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік (ЖК) саны да 26 пайызға артқан.

«Биыл 1 қарашада елде тіркелген 1,5 млн жеке кәсіпкерлік субъектісі болды. Былтырғымен салыстырғанда 20,4 пайызға көп. Олардың 92,2 пайызын (1,4 млн) жұмыс істеп тұрған ЖК-лар құрады: Жылдық өсім – 25,6 пайыз. Бұл – кейінгі жылдары тіркелген айтарлықтай жоғары көрсеткіш», делінеді зерттеуде.

Белсенді ЖК-нің көбі Алматы қа­ласында (184,3 мың, + 53,8 пайыз), Түр­кістан облысында (163,7 мың, +21,9 пайыз) және Астанада (130,6 мың, +27,5 пайыз) жұмыс істейді. Ең азы – Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында.

«Қолданыстағы ЖК-нің үштен бірінен астамы сауда және автожөндеу саласында жұмыс істеген (505,3 мың, +40,6 пайыз). Жеке кәсіпкерлерді жұмыспен қамтудың негізгі үш секторына, сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығы (245,2 мың, +0,9 пайыз) және жылжымайтын мүлікпен операциялар (72,5 мың, +11,6 па­­­йыз) кірді. Мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында да ЖК саны айтарлықтай өсті», дейді сарапшылар.