Үкімет • 20 Желтоқсан, 2022

Елдегі ЖЭО-ларда сапалы жөндеу жүргізілмеген- Үкімет басшысы

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында Әлихан Смайылов әкімдіктердің жалған ақпараттарының соңы жылу электр орталығындағы апаттарға әкелгенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елдегі ЖЭО-ларда сапалы жөндеу жүргізілмеген- Үкімет басшысы

«Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылу беру маусымына сақадай саймыз, дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ деп баяндады. Алайда жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. Екі айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Шұғыл шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды. Тексерулер басталды. Өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді». Желілердің техникалық жағдайын тексеруді жалғастыру керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов Энергетика министрлігіне электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың І тоқсанында аяқтауды тапсырды.

Бұл салада қалыптасқан нақты жағдайды білу үшін тексеру жұмыстары сапалы әрі ешқандай бұрмалаусыз, шынайы жүруі тиіс. Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-тен асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км. Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады.