28 Мамыр, 2010

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

2521 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, кезінде жазықсыз қу­даланып, құрбан болған азаматтар ұрпақтарының бір тобымен кез­дес­ті. Мемлекет басшысы уа­қыт­қа шектеу қоймай, олардың сол кезеңдердегі көрген қиыншылы­ғын тыңдады, сондай-ақ саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында мем­ле­кет тарапынан қолға алынып жат­қан жұмыстар жайында ой бөлісті. Тәуелсіздік алғанға дейін біздің халқымыздың тартқан тауқыметі аз емес, деді Президент кездесуде сөй­леген сөзінде. Соның ең қа­сірет­ті тұстарының бірі – арыс­тарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған кез болатын. Жиыр­ма­сын­шы-отызыншы жылдардағы алапат жұт пен ұжымдастыру сая­саты кезінде қырылған халқымыз еңсесін көтермей жатып “қызыл империяның” қуғын-сүргініне ұшырады. Соның салдарынан талай боздақтарымыз шейіт болды. Сол кезде біз қазақтың 70 пайызы­нан айырылып, халқымыз ұлт бо­лу­дан ажырап қалуға жақын қал­ды. Қазақстанды мекендеген көп этностың барлығы да дәл сондай сұрапыл жағдайға душар болды. Мемлекет басшысы бұдан соң, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің мәні мен мағы­насына тоқталды. Атажұртынан күш­теп жер аударылған түрлі ұлт­тар Қазақстанға қоныстанды, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жай­ын­да. Бұл зұлмат жылдардағы жасал­ған қиыншылықтар мен қасірет елдің жадынан ешқашан кетпейді. Сондықтан мен 1997 жылы 31 ма­мыр­ды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жарияладым. Содан бері біз осы күні жазықсыз құрбан болған азаматтарымызды  еске алумен қатар, болашақта мұндай қасірет-қайғыны болдырмау үшін жұмыс істеуіміз қажет. Сіздер құрбан болған боздақтардың ұрпақтары­сыз­дар. Бүгінде осы мәселелер жө­нінде Қазақстан халқы Ассам­блеясы аясында халықаралық конференция өтіп жатыр. Бұл шараларға танымал ғалымдар мен саясаткерлер қатысуда. Елбасы, сондай-ақ зұлмат жыл­дарда көптеген ұлттар мен ұлыс­тардың қуғын-сүргінге ұшы­рауына кінәлілерді табу емес, сол кезеңдердің тарихи шындығын ашып көрсету қажеттігін де атап өтті. Бұл кейінгі ұрпақ үшін керек. Осыған байланысты Президент бірқатар дерек келтірді. КОКП-ның ХХ съезі қарсаңында 1924-1954 жылдар аралығында қуғын-сүр­гінге ұшырағандардың саны жария етілген екен. Олардың жал­пы саны 3 миллион 777 мың адам­ға жеткен. Солардың ішінде 649 мың адам атылған. Ал осы кезең аралығында Қазақстанда 100 мың адам саяси қуғынға ұшырап, соттал­ған. Олардың 25 мыңы өлім жазасына кесілген. Қазақстанда өздеріңізге жақсы белгілі “АЛЖИР”, “Карлаг” секіл­ді лагерьлер құрылып, онда 2 мил­лион тұтқын отырды, деді Пре­зи­дент. Террор ауқымы жағынан ал­ғанда, біздің еліміз үшін аса қиын болды. Тек 1938 жылдың 25 ақ­па­ны мен 13 наурызы аралығында Әскери сот алқасының шешімімен Қазақстан басшылығының бар­лы­ғы – 650 адам ату жазасына ке­сіл­ді. Ұлттың бетке ұстар азамат­тары түгелге жуық атылып кетті. Мемлекет басшысы осы тұста 18 жыл түрмеде отырған Бекболат Мұстафин ақсақалдың қиын тағ­дырын келтірді. Бекболат Мұста­фин­ге жапонның тыңшысы деген айып тағылып, деді Нұрсұлтан На­зар­баев осы жөнінде, 18 жыл түр­меде отырған. Екі рет өлім жаза­сы­на кесілген ол, өзіне көрсет­пе­ге­ні жоқ тергеушіні көргенде, оны кешірген. Мұндай мысалдар өте көп. Елбасы кездесуде сарапшылар­дың деректеріне сүйене отырып, КСРО бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жал­пы санынан да хабардар етіп өтті. Өткен ғасырдың жиырма­сын­шы-елуінші жылдары аралығында КСРО-да 40 миллионға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олар­дың 25 миллионнан астамына ұжым­дастыру саясатының салқы­ны тиген. Әсіресе, бұл қазақ хал­қын қырғынға ұшыратып кетті. Осының кесірінен 1 миллион 750 мың қазақ құрбан болды. Бұл сол кездегі қазақ халқының 42 пайы­зын құрады. 1920-1940 жылдары тұрып жат­қан жерлерінен өзге республи­ка­ларға 3 миллион адам еріксіз қо­ныс аударылды, деп жалғастырды сөзін Президент. Олардың 1,5 миллионы Қазақстан аумағына жіберілді. Оларға қазақ халқы пана болып, үйлерінен төрін ұсынды. Мемлекет басшысы, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуда мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды, оларға арнап тұрғызылған ескерт­кіш­терді, саяси қуғын-сүргін құр­бандарының жатқан жерлерін іздестіру шаралары әрі қарай жалғаса беретінін атап өтті. Бұдан кейін кездесуге арнайы шақырылған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары ретімен сөз алып, ой-пікірлерін ортаға сал­ды. Олардың арасында қазақ­стан­дықтармен қатар, бүгінде шет елдерде тұрып жатқан жандар да болды. Алғашқы болып сөз алған Ілияс Жансүгіровтің ұлы, техника ғылымдарының кандидаты Саят Жансүгіров елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін жасалып жатқан игі шараларға тоқталды. “Қазақстан өр­кендеп келе жатыр. Өзіңіздің бас­шылығыңызбен біздің жазық­сыз құрбан болған әкелеріміз бен аналарымызды есте қалдыруда көп жұмыстар атқарылып келеді, деді ол. Алматы облысындағы Жаңа­лық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-мұражай ашылды. Оның ашы­луы­на өзіңіз қатыстыңыз. Сонымен қатар, “АЛЖИР” кешенінің салы­нуына тікелей Сіз қолдау көрсет­ті­ңіз. Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алуға арналған мұндай жұмыстар өзге елдерде жоқ”. Бұл кездесуге 1937 жылы қу­ғын-сүргін құрбаны болған Төре­құл Айтматовтың қызы, әлемге та­нымал жазушы Шыңғыс Айтма­тов­тың әпкесі Розетта Айтматова да арнайы шақырылған екен. “Біз­дің әкеміздің сүйегі “Ата бейітте” жатыр, деп бастады сөзін Розетта Төреқұлқызы. Менің інім Шың­ғыс та сонда жерленді. Бұдан бы­лай енді онда ешкім де жерлен­бейді деп ойлаған едім. Қырғыз­стан­дағы осы сәуірде болған төң­керіс кезінде қаза тапқан 90-нан астам жастар да сонда мәңгілік орын тепті. Қырғызстан Қазақ­стан­ға қарағанда шағын мемлекет. Ресми деректер бойынша біздің елде 40 мың адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығы айтылады. Сіз бүгін осындай кез­десу өткізіп отырсыз. Мұндай ша­ралар бүгінгі ұрпақ үшін де, бола­шақ ұрпақ үшін де аса қажет. Қа­зақ­станда бейбітшілік пен келісім берік орныққан. Болашақта да Қазақстанда осындай бейбітшілік пен келісім бола беруіне тілек­тес­пін”. “АЛЖИР” тұтқыны, танымал кеңестік киноактриса Рахиль Пли­сец­каяның ұлы, бүгінде Швей­ца­рияда тұратын Азарий Плисецкий жүрекжарды пікірін былайша жеткізді. “Мен осыдан 70 жыл бұрын анамның құшағында еріксіз Қазақстан даласына келген едім, деді белгілі хореографшы және балет ұстазы. Мәскеуден  Қазақ­станға дейін суық вагонда бір ай­дан астам уақыт жүріп әрең жетіп­піз. Қатты сырқаттанған мені қарт әже емдеп, жазған екен. Жетпіс жылдан соң Қазақстанға қайта келіп отырмын. Осы жерде алғаш рет тәй-тәй бастым, тілім де осын­да шықты. Сонда мен “зонаға ба­ра­мын” деп айта береді екенмін. Бұл 1937 жылдың қазан айы екен. Ал әкем 1937 жылдың қаңтарында атылыпты, әкемді көргенім жоқ. Одан кейін Шымкентке жер аударылып, онда 2,5 жыл тұрдық. Сіздің еліңізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын  еске алу үшін жасап жатқан шаралар мені ерекше толғандырып тұр”. Ал белоруссиялық ақын Тодар Кляшторный мен “АЛЖИР” тұтқыны Янина Германовичтің қыздары Майя Кляшторная өзінің бала кездегі тағдыры туралы ой қозғады. “Лагерьге түскенде мен төрт айлық нәресте екенмін, деді Майя Тодоровна көзіне жас алып. Онда отырғандардың барлығы әр ұлттың, әр республиканың бетке ұстар тұлғалары еді, аса қабілетті өнер қайраткерлері еді. Солардың балалары еді... Саяси қуғын-сүргін құрбандарына Қазақстан Прези­дентінің қолдауымен жасалып жат­қан шаралар әлем елдеріне үлгі-өнеге болады”. “Құрметті Президент! Қара­ған­дылықтар “Карлаг” атты 15 том­дық кітап жазып жатыр, деді келе­сі кезекте сөз алған Қараған­ды­дағы “Болашақ” университетінің ректоры, “Карлаг” жобасының ғы­лыми жетекшісі Нұрлан Дулат­беков. Сол кітаптың бес томы жа­рық­қа шықты. Сізге соны ұсын­ғым келеді”, деп Мемлекет бас­шы­сына кітаптарды табыс етті. Ал Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Қа­бира Қарабалина әжей тебіренісін былайша жеткізді. “Әкем мен анам ұсталғанда мен 12 жаста бо­ла­тынмын. Бүгінгі сізбен кездесуде әкем мен анам тіріліп келгендей күй кешіп отырмын. Жасым 88-ге келді. Басымнан өткен қиыншы­лық­тарды айтпай-ақ қояйын”, деп Қабира әжей Мемлекет басшы­сына ақ батасын берді. Кездесуде, сондай-ақ саяси қу­ғын-сүргін құрбандары Тұрар Рыс­құловтың қызы Сәуле Рысқұлова, “Вайнах” чешен-ингуш этномә­де­ни бірлестігінің төрағасы Салман Героев, тағы басқалар сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Мем­ле­кет басшысына шынайы алғыс­тарын білдірді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.