Қаржы • 27 Желтоқсан, 2022

Микроқаржы саласында өсім бар

279 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде микроқаржы ұйымдарының әлеуеті артып келе жатыр. Бір жылда МҚҰ активтері 55 пайызға, ал несие беру көлемі 58 пайызға өсім көрсеткен. 2022 жылдың маусымындағы дерек бойынша елімізде 243 МҚҰ жұмыс істейді. Бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 12 пайызға көп.

Микроқаржы саласында өсім бар

Былтырдан бері МҚҰ активтері 54,7 пайызға, 997 млрд теңгеге дейін көбейді. Ал микронесиенің ұсынылу көрсеткіші 58 пайызды құрады, яғни 838,3 млрд теңге. Олардың бұлай қарқынды өсуіне негізгі себеп – банктермен салыстырғанда клиент аудиториясының ауқымды болуы. Банктер көбіне облыс орталықтары, қала, әрі кеткенде ауданмен шектелсе, микроқаржы ұйымдары шалғай елді мекендерде де қызмет көрсете береді. Бұл олардың таралу ауқымын арттыра түседі. Дегенмен МҚҰ-лардың көбі Алматы және Жетісу облыстарына ортақ Алматы қаласында шоғырланған. Оңтүстік астанада 116 компания жұмыс істейді. Ақмола облысы мен Астанадағы МҚҰ саны 27-ге енді жеткен. Әрине, МҚҰ-лар­дың шалғай аудандар мен елді мекен тұрғындары үшін қолжетімді болуы сол өңірдегі халықтың несие рәсім­деуге деген мүмкіндігін ұлғайтады.

Қаншама МҚҰ-ның ішінен үш ұйымды даралап айтуға болады. Көш басында тұрған KMF-тің ел аумағы бойынша 14 филиалы мен 116 қызмет көрсету нысаны бар. Одан кейінгі орында – 16 ресми дилерлік орталығы бар «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» және 116 сатылым нүктесі бар Solva микроқаржы ұйымы.

Соңғы уақытта МҚҰ-лар қызмет көрсетуде цифрлық технологияларды белсенді қолдануға көшті.

Жақында Қаржы нарығын рет­­теу және дамыту агенттігі екі құжатты талқылауға ұсынды. Біріншіден, жеке тұлғалар үшін микрозаймдар бо­­йын­ша шекті сыйақыны енгізу тура­лы қаулы. Қарыз алушының қарыз жүк­те­месін шектеу мақсатында 2023 жыл­дың 1 қаң­тарынан бастап 20 пайыз дең­ге­йінде бірыңғай несие мөлшерлемесін бекіту жоспарланып отыр. Қазіргі та­лапқа сәйкес мүлік кепілдігімен қам­тамасыз етілген несие бойынша 20 па­­йыздық мөлшерлеме болса, кепілсіз несие бо­йынша мөлшерлеме – 25 па­йыз көлемінде.

Екінші, «Микроқаржылық қыз­мет мәселелері бойынша кейбір нор­мативтік құқықтық актілерге өзге­рістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» қаулы жобасына сәйкес на­рық та­лаптарына бірқатар маңызды өзге­ріс енгізілмек. МҚҰ меншік капиталы­­­ның минималды мөлшері 100 млн теңге­­­ден 2024 жылдың басына дейін біртін­­деп 200 млн теңгеге дейін кезең-кезеңі­мен өседі. МҚҰ қызметін пайдалана­тын қарыз алушының қарыз жүкте­месі коэффициентін есептеу әдісі де өзгеруі мүмкін.

МҚҰ нарығында жаңа техно­­­логия­ларды енгізіп, клиент үшін сервис­ті жетілдіріп жатқан компания­лар бар. Тиісінше, бизнес моделін тек өсім­қорлық қағидатына негіздеп алған ал­дамшы ұйымдар да жетерлік. Сон­дық­тан Микроқаржылық ұйымдар қауым­­дастығының басшысы Ербол Омарханов меншік капи­талының ­ми­­­нималды мөлшерін көбейтуді ­дұ­рыс деп санайды.

«Нарықта өз бизнесін дамыта ала­тын, қаржылық тұрғыда орнықты ком­паниялар ғана жұмыс істеуі керек. Алайда құжат жобасында меншік ка­питалының минималды мөлшері­нен бөлек басқа да өзгерістер ұсынылып отыр. Ол өзгерістер нарыққа тым қат­ты қысым жасап, салдарынан көпте­ген ұйым жаңа жүктемеге шыдас бере ­алмай қалуы ықтимал», дейді.

Оның айтуынша, МҚҰ бизнесінің рентабельділігі бүгінде 20 пайыздан төмен. Сонымен қатар мөлшерлемені 25-тен 20 пайызға дейін төмендету МҚҰ кірістілігін үштен біріне дейін төмендетіп тастайды дейді.

Айта кетейік, биыл агенттік 600 млн теңге көлеміндегі микрозайм­дар­ды кешіру туралы шешім қабыл­дады. Осылайша, 28 мың қарыз алу­шының несиесі кешірілмек. Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, жыл соңына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 млрд теңге көлеміндегі қарызы қайта құрылымдалады. 107 мың қарыз алушының 0,8 млрд теңгесі іші­нара, ал 28 мың қарыз алушының 0,6 млрд теңгесі біржола кешіріледі.

2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша кепілсіз тұты­ну­шылық микрозайм көлемі 416 млрд теңге болды.