Елорда • 29 Желтоқсан, 2022

Депутаттар балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаттары және Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қаладағы №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мен №1 арнайы мектеп-интернатына барып, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Депутаттар балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Алдымен №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде өткен шырша тойында дәстүрлі түрде ортаға Аяз ата мен Ақшақар шақырылды. Әртүрлі ертегі кейіпкерлеріне ұқсап киінген балалар Аяз атаға тақпақ айтып, тәтті алуға асықты. Ізінше мульфильм кейіпкерлері ортаға шығып, балалармен бірге билей кетті. Шырша шамдары жағылып, мерекені асыға күткен балалар өз өнерлерін көрсетті.

Астана қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, ерекше балаларға уақытылы жағдай жасау басты міндет екенін атап өтті.

«Жаңа жыл қарсаңында балалардың шырша тойына қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл балалар асыға күтетін мереке деп айтсақ болады. Балалардан бөлек үлкендер де жаңа жылға өз мақсатын жоспарлап жатады. Жаңа жылда әр балаға бақытты балалық шақ тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болып, әрқашан күліп-ойнап жүре беріңіздер. Осы орайда өзімізбен бірге тәтті сыйлықтар алып келгенімізді айта өтейін. Жаңа жылда әр баланың арманы орындалсын дегім келеді.

Жалпы біздің қаламызда ерекше күтім мен жағдайды қажет ететінін 16 мыңға жуық бала бар. Оларға уақытылы жағдай жасау біздің басты міндетіміз», деді Ерлан Каналимов.

Айта кетейік, №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті 0-18 жас аралығындағы әртүрлі дертке шалдыққан 280 балаға тегін көмек көрсетеді. 2014 жылы ашылған мекемеде педагог-психолог, дефектолог, логопед және ЛФК мамандары бар. Олар екі ауысым бойынша және әр баланың диагнозына байланысты жұмыс істейді.

Балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтау №1 арнайы мектеп-интернатында жалғасты. Шырша тойында қалалақ Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев тәрбиеленуші балаларды керемет тосын сый мен тәттіге толы мерекемен құттықтады.

«Жаңа жыл ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Тәтті сыйлықтар балалардың көңіл күйін көтереді. Бастысы мықты денсаулық тілеймін, әрқашан ата-аналары мен ата-әжелерінің көз қуанышы болып жүре беріңдер. Біз Жаңа жыл мерекесіне орай әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Өткен демалыста Президент және қала әкімінің шырша тойын өткіздік. Біз қашан да ерекше білім алуды қажет етітін балаларға басты назар қойып келеміз. Қалалық мәслихат депуттары қолдауымен біз әлі де арнайы мектептерге барып, балаларды құттықтайтын боламыз», деді Қасымхан Сенғазыев.

Шырша тойында қалалық мәслихат хатшысы мен депуттар балақайларға мерекелік тәтті сыйлықтар табыстап, естелікке суретке түсті.

Биыл арнайы мектеп оқушылары үшін бірқатар мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрға тегін бару, қала әкімі мен аудан әкімдерінің атынан өткен шыршаларға қатысу.

Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда елордада Мемлекет басшысының атынан шырша мерекесі өткізілген болатын. Мерекеге жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше қажеттіліктері бар балалар, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, дарынды және оқуда, спортта, шығармашылықта және т.б. жетістіктерге жеткен 200 бала шақырылды.