Театр • 30 Желтоқсан, 2022

Қайталанбас қолтаңба

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырттан режиссер шақырып, өзгенің ортаңқол жұмысының өзіне таңырқай таңдай қағып, тамсана қол соғатын «кеңпейіл» қазақ театр әлемі үшін, ашығын айту керек, соңғы бес-он жылдықта Фархад Молдағали есімі жаңалық болғаны анық. Әйгілі режиссер әрі педагог Маман Байсеркенов мектебінен түлеп ұшқан талантты жас қазақ сахна өнерінде шын мәнінде сілкініс тудырып, қайталанбас қолтаңбада қойылған «Қарагөзімен» қалғып бара жатқан қазақ театрын оятты.

Қайталанбас қолтаңба

Қасиетті Семейдің Қайнар ауылынан түлеп ұшқан өнерлі өрен болмысына, суреткерлік көзқарасына Алаш арыстарына құт мекен болған киелі топырақтың құты қонып, рухы дарығандай. Оны Фархад қолтаңбасынан шыққан әр спектакль айшықты дәлелдеп береді. Қуантарлығы сол, жас режиссер қандай қойылымды қолға алсын, оның әрқайсысының астарында ұлттық рух пен қазақы болмыстың иісі аңқып тұрады. Сонысымен де Фар­хадтың сахнадағы ізденісі ешқашан көзі­қарақты көрермен назарынан тыс қалған емес, сезімі бар талғампаз қауымды селт еткізбей өткені сирек. М.Әуезовтің «Қара­гөзі», І.Жансүгіров «Құлагер», Х.Алтай мен Х.Оралтай «Алтайдан ауған ел», У.Шекспирдің «ІІІ Ричард» пен «Лир патшасы», Б.Соқпақбаев «Менің атым Қожа», Ә.Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармалары негізінде жазылған туындылар жас режиссер таби­ғатын жан-жақты танытатын тіні мықты, рухы биік, көркемдік деңгейі жоғары табысты жұмыстар санатында.

Әсіресе Фархад қолтаңбасында кө­рер­менімен қауышқан «Құлагердің» орны ерек. Ондағы Құлагер тағдыры ар­қылы берілген Алаш арыстарының өкінішке толы өмірі мен сахналық астарлы айшықтау тәсілдері һәм символдық сөйлету тілімен кестеленген көркемдік шешімдер көрушісін бір сәт те бейжай қалдырмайды. Керісінше жан әлеміңді әлемтапырық күйге түсіріп, көкірегіңе ащы өксік тығады. «Қарагөзі» де дәл солай. Ал «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Менің атым Қожадағы» романтикалық һәм лирикалық атмосфераны сезіну үшін аталған қойылымдарды тек сахнадан барып көру керек.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жас­өспірімдер театры сахнасына соны серпін әкелген У.Шекспирдің «Лир патшасы» – ол өз алдына бөлек әңгіменің арқауы. Режиссердің айтулы жұмысы кәсіби театр сыншылары мен өнер мамандарының бағалауымен жыл соңында Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан тағайын­далған өнер саласындағы тұңғыш ұлттық сыйлық – «Umai» үздіктерінің қатарынан көрінді.

Бұл – Фархадтың алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін де талай фестивальдерде топ жарып, талантымен көпті таңдай қақтырып жүрген талантты жастың әр жұ­мысы қалың көрерменнің жіті назарында.

Оның айқын дәлелі – Фархад Мәскеу театр мамандарымен шығармашылық тығыз қарым-қатынаста. 2017 жылы «ТМД, Бал­тық елдері және Грузия жас режиссерлері зертханасына қатысып, пайдалы дәрістен ша­быттанған суреткер өзінің жеке «StarDrama» шығармашылық зертханасын ашты. Зерт­хананың алғашқы қойылымы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы «86» саундрамасы болды. Айтулы шығарма «Откро­вение» фестивалінде сілкініс тудырып қана қоймай, Румынияға жолдама алды. Сондай-ақ жас дарын ГИТИС Ресей театр өнері университеті ұйымдастырған VIII Халықаралық сту­дент­тік өз бетінше режиссерлік жұмыс­тар байқауында қазылар төрелігіне Оралхан Бөкейдің «Шырағың сөнбесін» және Уильям Шекс­пирдің «ІІІ Ричард» қойы­лымдарын ұсы­нып, Гран-при жүл­десін қанжығасына бай­лады. ГИТИС марапатын режиссер «Энер­­гиясы, темпераменті және режиссерлік ой­лау­­дағы айрықша қолтаңбасы» үшін жеңіп алды.

Өзінің жастығына қарамай Фархат Молдағали бүгінде іргелі өнер ордасы – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік же­текшісі, Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сый­лығының лауреаты, Тұңғыш Пре­зи­дент қоры стипендиясының иегері. Қара­ шаңырақта қайталанбас туындыларын өмірге әкеліп қана қоймай, жастар театры­ның көркемдік кемелдікке ұмтылуына да қалтқысыз қызмет етіп келеді.